50507
4 қызы бар жалғызбасты әке грант ұтып алып, кәсіп ашты (ВИДЕО)
4 қызы бар жалғызбасты әке грант ұтып алып, кәсіп ашты (ВИДЕО)
Шымкенттік жалғызбасты әке 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін дамытып отыр. 4 қыздың әкесі Жасын Қарсақбаев бірнеше жылдан бері көлік жөндеумен айналысады деп хабарлады turkystan.kz «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
Жасын Қарсақбаев биыл бизнесін өркендету үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша ақшалай грант ұтып алып, өзі армандаған құрылғыларына қол жеткізіпті. Ол бүгінде өзгеге қол жаймай, тынымсыз еңбек етіп келе жатыр.
Жалғызбасты әке 4 бірдей қызын өсіріп жеткізу үшін жеке кәсіп ашып, еңбегінің нәсібін көріп отыр. Ол биыл бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге грант ұтып алып, шағын бизнесін одан әрі жандандырған.Жігері мықты Жасын Қарсақбаев қазір біреуге алақан жаятын заман емес дейді.
«Бала күнімнен бері машина шұқылаймын. Бұл менің қызығушылығым, хоббиім болатын. Өкіметтің жұмысында жұмыс істеп жүргенде де арасында осылай машина жөндеп тұратынмын. Кейін осы үйден ашып, үйден жасап жүрмін. Басында мотордан бастадық, қазір костоприковкаға дейін жеттік. Енді барлық жөндеу жұмысын жасап береміз. Бұған дейін мұндай технологиялар болмады. Бұған дейін қолдан жасайтынбыз. Қазір гранттың арқасында осындай заттар алып, дамып жатырмыз», – дейді Жасын Қарсақбаев.
Жеке кәсіпкердің үлкен қызы 15-те. Әкесі қыздарын ерте жастан еңбекке баулып жүр. Олар, тіпті арасында асқар тауына аз да болса қолғабыс тигізіп тұрады екен.
Көпбалалы әке кәсібін дамыту үшін өткен жылы «Бизнес бастау» жобасын оқып, биыл грантқа өтініш тастапты. Жасынның жолы болып, аталған жобаның бірінші легімен қайтарымсыз грант ұтып алды. Алған ақшаға көптен бері ойында жүрген спотер, компрессор сияқты жаңа технологиялы құрылғылар сатып алған. Жаңа бағытқа бет бұрған көлік жөндеу шеберінің жұмысына риза тұрақты клиенттері көлігін сеніп тапсырып кете береді екен.
«Жасын өзі осы жерден СТО ашып, өз жағдайын жасап жатқан жайы бар. Жасаған ісі тиянақты. Машинаны жөндеп, айтқан уақытында шығарып береді. Өте пысық. Сондықтан да осы жерге келіп машинамды жөндетіп тұрамын. Мысалы, майда-шүйде ходовка жағынан болса, 2-3 сағатта жөндеп береді. Мен машинамды жаңа алып келдім. Құдай қаласа, 5-6-ға дейін алып кетемін», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ерлан Батырбек.
Бүгінгі кейіпкеріміз бұл кәсіпті бірнеше жыл жалғыз өзі дөңгелетіп, біртіндеп үлкейтіп келе жатыр екен. Енді келушілер санының өсуіне қарай қасына көмекшілер де алып, 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Алмас Мұсаходжаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қарашада бастадым осы жерде оқушы болып. Осы жігіттің қасында біртіндеп үйреніп келе жатырмын. Оңай жерде нан жоқ қой. Бәрін үйреніп жатырмын. Кешігіп жатсам айтады. Дұрыс емес жерін көрсетіп береді болмаса өзі жасайды. Солай жәйлеп үйреніп жатырмын».
Айта кетейік биыл қайтарымсыз грант ұтып алу үшін бірінші лекке 336 азамат өтініш тастаған. Соның ішінде 226 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, мемлекеттік грант иегері атанды.
https://www.youtube.com/watch?v=DP3HWmNRReY&t=34s&ab_channel=OTYRAR