1634
«Жастар Рухы» – болашақтың айнасы
«Жастар Рухы» – болашақтың айнасы
11 шілде күні партияның жастар қанатының кезектен тыс VI съезі басталды. Зерендіде, табиғат аясында 350 делегаттың басын қосқан жиынның форматы да, бағыты да бұрынғыдан өзгеше. Съездің жаңалығы жастар қанатының атауы «Жастар Рухы» болып өзгергені болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырысында съезд делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Жиынның ашылу салтанатында патриотизмді, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жас қазақстандықтардың әлеуетін арттыру мәселелері туралы айтылды.
Съездің алғашқы күні «Жаңа Қазақстан: жастар және модернизация бағыты», «Цифрлы трансформация, медиа саласын цифрландыру», «Дені сау ұлт» және «Жасыл ел» бағыттары бойынша тренингтер өткізілді.
Ал екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Дәл осы күні жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді.
Президент үндеуде Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.
Президент білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алатынын айтты. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.
Президент сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, съезд жұмысына табыс тіледі.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын атап өтті.
– Бұл реформалардың мәні неде? Сіздердің әрқайсыңызға – еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарымыз келешекте әділетті де ашық қоғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүрулері керек. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді, шегеленді, заңдастырылды. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда – алдыңғы қатарда жастар, әрине сіздердің болуларыңыз өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының Төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар перспективалық міндет қойды. Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру.
Сонымен қатар дәл осы күні «Жаңа Қазақстан және әлемдегі заманауи геосаяси ахуал» тақырыбында Jas Talks диалог алаңының алғашқы отырысы өтті. Jas Talks алаңының алғашқы қонағы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева болды.
Аида Балаева жастар съезі делегаттары қатысқан пікірсайыс кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыруға Жаңа Қазақстанды құратын жастар қауымы елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Форумның үшінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алаң қонағы болды. Қызу пікірталас барысында вице-премьер қатысушылардың сұрағына жауап беріп, Үкіметтің жас буын арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ералы Тоғжанов бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайыз, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар 7,2 пайыз екенін атап өтті.
– Адам үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керектігін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – бұл күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейтін болады. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі, – деді ол.
Сонымен қатар вице-премьер «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына егжей-тегжейлі тоқталды.
– Ауылдың мәселесін шешіп алмайынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе, қалада білім алған жастар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағдай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабылдайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүретін боламыз, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Ал жастар жасөспірімдер спортын дамыту, ЖОО-да өндірістік тәжірибені жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау және тағы да сол қатарлы мәселелер жөнінде сұрақ қойып, ұсыныс білдірді.
Одан бөлек, партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, республикалық «Egemen Qazaqstan республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де жастармен жүздесті.
Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі қатысушылардың сұрағына жауап беріп, форум жұмысы жастарға асқақ рух, жаңа жігер сыйлайтынына сенім білдірді. Ол Жаңа Қазақстанды құру ісі осындай жаңа форматтағы жүздесулерден, жаңаша ойлайтын жастардан, орамды ойталқыдан басталатынын жеткізді.
– Қазақстанның әр тарапынан келген жастар – еліміздің бүгінгі көңіл күйінің айнасы. Қаңтарда «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазып едім. Сіздер сол буырқанған буынсыздар. Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деді. Кейін Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Сіздерді Мағжан айтқан, Қасым айтқан рухты жастар деп білемін, – деді ол.
Сонымен қатар форум қонағы бүгінгі ұрпақтың жетістіктеріне тоқталып, жастарды жасампаз болуға шақырды. Ұлттық код, бірлік, ынтымақ, ұйысу, ұғымдары туралы ой бөлісті.
– Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында келеді. Додаға түссе дес бермейді. Бауыр-қарындастарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуі үшін нақты іске, идеяға табан тіреуі тиіс. Мұндай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қажет. «Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді деп сенемін, – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Съезге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсынысын да жеткізді. Ел тарихына, тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолына, тағдырына қатысты сауалдарын жолдады.
Жиында пікірлері мен ұсыныстарын айтқан жалынды жастардың сөздеріне шолу жасап өтсек.
Пленарлық отырыс барысында сөз сөйлеген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі фильмдер қазақ және ағылшын тілдерінде цифрландырылатын Tarih бірыңғай платформасын әзірлеуді ұсынды.
Партия жастар қанатының Алматы қалалық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қамтитын Волонтерлер академиясын құруды ұсынды.
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мырзабайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Жылқышы, информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынды.
Сондай-ақ қоғам қайраткері Дәулет Мұқаев съезд делегаттары мен қонақтарын «Ақылды жас Азамат» және AQYL BATTLE жобалары туралы хабардар етті.
ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ұсынды.
– Рух – халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Соңғы болып «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мақсат Толықбай партия атауын өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
Съездің жұмысы бүгін, 14 шілде күні қорытындыланбақ. Жастар – қай уақытта болмасын қоғамның қозғаушы күші. Олардың хал-ахуалы арқылы елдің ертеңі қандай болатынын бағамдап, болашағы туралы байлам айтуға болады. Сол себепті де олардың білімді, жалынды, бәсекеге қабілетті болуы толғандыруға тиіс. Съезд жұмысы алашапқын ұрансыз, даңғаза дүрмексіз өтіп, жастардың мәселелерін шешуге сеп болса, негізгі ниеттің, маңызды мақсаттың орындалғаны болар еді.