586
Жиырма жетінші желтоқсан және Жанша
Жиырма жетінші желтоқсан және Жанша
Қайтпек керек? Империя құлағанымен, империялық қимыл әлі күшінде. «Жыланды қанша кессең де, кесірткелік күші бар» дегендей, алып Ресей жан-жақтан тістелескен үкіметшіл топтардың азуында түйтеленгенмен, алпауыт қаһары әлі қайтқан жоқ. Тіпті, жаңағы топтардың өзі сол империялық кеудемсоқ пиғылдан сау емес. Деникин Кавказда күш ала бастады деген хабар естігелі Еділ-Жайық бойын сүзгілеп жүрген атаман А.Дутовтың аңсары енді сонда ауды. Қызыл Армиядан оңбай таяқ жеген ақ казактар Орынбордан амалсыз ығысып, Каспийге қарай бет түзеді. Ембінің мұнайына жол ашып, Атырауды бойлай теңіз арқылы Деникин армиясына қосылмақшы. Атаман Толстовтың бір қанаты болып саналатын армия атаманы Дутовтың бұйрығы солай. Дутов бұйырғанмен, бұл күндері кешегі атышулы армия соққыдан-соққы жеп, есеңгіреп, шебі селдірей бастаған-ды. Алайда «аш адам тырысқақ, ашулы адам ұрысқақ» дегендей, аштық та, ашу да қыспаққа алған ақ казактар сол ашуын Тайсойған құмын шашыла жайлаған ауыл қазақтарынан алып, бұйығы тіршіліктің астаң-кестеңін шығарды. Тобынан адасқан бір-екі аттылы казактың өзі қара шаруаның қорасындағы малын рұқсатсыз жетелеп әкетіп, малдары болмаса тауықтарын сирақтарынан бір-біріне байлап, шуылдатып, әйтеуір ойына келген ойранын салды. Араша түскен шал-кемпір, қатын-қалашты соққыға жығып, ауыл үстін үрейге толтырды да жіберді.
Желтоқсанның қарлы аязынан бетер қалтыратқан мына бассыздыққа төтеп берер күш қайда?! Қарулыға қарусыздың жалаңтөс қарсылығынан дала қазағы аз зардап шеккен жоқ. Қан жұтып жүріп, қорғап қалған ұлы даласының тағдыры тағы да сынға түсіп тұр. Батыр да өтті, би де өтті, заман өзгерді, ұрпақ жаңарды. Ұлы даласын жалаң қарумен қорғаудың күні өткені айдан анық болды, ақыл мен айла қосылып, амалсыздың тың, соны шешімі қажет-ақ. Алаштың оқыған азаматтары империя құлағаннан кейінгі сирек келетін мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Сөйтіп жүріп, Алаш үкіметін құрды. Автономиясын жариялай алмаса да, күннен-күнге күшейіп келе жатқан кеңестік жаңа құрылымның санасуына жарайтын үкіметі бар. Санасқаны сол – 1919 жылғы 27 қазанда Түркістан майданының революциялық әскери кеңесі, Түркістан ерекше комиссиясы мен бірінші армияның әскери революциялық кеңесі өз отырысында қазақ халқының Кеңес үкіметі жағына шығуы туралы мәселе қарады. Демек, сәуір төңкерісінен кейінгі аумалы-төкпелі көзқарас қайшылықтары мен саяси текетірестің артта қалғанын мойындап, қазақ халқына, оның ішінде Кеңес үкіметіне қарсы күрескен Алаш зиялыларына, егер кеңес жағына шыққанын нақты іс-қимылдарымен дәлелдесе, кешірім жасау жөнінде сөз қозғады. Мәселені революциялық комитеттің мүшесі, Алаш зиялыларының көсемі Ахмет Байтұрсынұлы көтерді. Отырыста осы ұсынысқа қатысты нақты шешім қабылданбаса да, Ахметтің Алаш қозғалысының тегеурінді күш екеніне сендірген салмақты сөзі текке кеткен жоқ, осыдан санаулы күндер өткен соң, яғни 8 қарашада Түркістан майданының әскери революциялық кеңесінің қаулысы негізінде аталған кешірім жасау жөніндегі бұйрығы шықты. Күнбатыс Алашорда басшыларына А.Байтұрсынұлы осы бұйрықты хабарлап, дереу жеделхат жөнелтті. Сонымен бір мезгілде РСФСР Орталық Атқару комитетінің алаштықтарға кешірім жасаған ресми шешімі туралы да хабар жетті.
Ендеше үміт пен үмітсіздік сан рет алмасып, азаттық таңының алқызыл сәулесі көкжиектен қылтиып барып, қайта сөнетін қатал тағдырдың бұл да бір кезекті ойыны ма? Қалай болғанмен, тәуекелге бел буатын сағаттың соққаны анық. Мына желтоқсанның ақтүтек боранындай ұйытқыған оқиғалардың табиғаты мен болашағын дұрыс саралап, ақ казактардың да, большевиктердің де көсемдерімен тең адамша сөйлесе білгенінің арқасында «ұстарасыз аузына мұрты түскен» халқын шектен тыс азап пен қорлаудан аман алып қалып жүрген шеберлігі мен шешендігі шектеліп, дос пен дұшпанның достығы мен дұшпандығы күннен-күнге айқындалып барады. Дутов қана емес, адмирал Колчактың да, пролетариат көсемі Лениннің де назарында болып, күдік пен сенім арпалысқан күндері мен сағаттары оны саяси тұрғыдан шыңдады да. Сол сыннан қорытынды шығарса, енді бетпердені ысыратын, Махамбет айтқандай «егеулі найзаны қолға алатын» күн туды. Акутин енді одақтас емес, өлім мен өмір айқасындағы қас дұшпаны.
Жанша Акутинді жақсы біледі. Әскери казактың отбасында дүниеге келген бала Акутиннің өзі де соғыс өнеріне құштар көңілмен ержетті. Орынбордың юнкерлер училищесін бітірді, орыс-жапон соғысына қатысты. Осы соғыстағы ерлігі үшін қасиетті Георгий қаруымен марапатталды. Үшінші және екінші дәрежелі Әулие Станислав, Үшінші және екінші дәрежелі Әулие Анна, Үшінші және төртінші дәрежелі Әулие Владимир ордендерінің иегері, Орал әскери үкіметінің мүшесі, казактардың Оралдың жеке армиясының қолбасшысы болған В.Акутин бұрынғы одақтасының кеңес жағына жалт бұрылғанын, әрине тіпті де кешірмейді. Күнбатыс Алашорда басшыларының майдан қыл суырғандай сөздеріне күдікпен қарайтын ол осы жолы тіптен қатты кетті. Қазақтар арасындағы «жансызы» арқылы алаштықтардың «сатқындық ниеті» туралы хабар жеткен бойда-ақ Елек корпусын Қызылқоғаға шоғырландыру жөнінде шұғыл бұйрық берді. Атаман армиясының негізгі қару-жарағы, оқ-дәрі қоймасы осында болатын, алда-жалда алаштықтар Қызыл Армияның көмегімен амалсыз шегінуге мәжбүрлесе, жау қолына қалдырмай, оларға өрт қою туралы алдын ала бұйрық шығарды. Әйтеуір, атаман армиясының қапы қалмай, кезекті шайқасқа ширығып әзірленгені анық. Тіпті, жаңағы Елек корпусының интенданттық ведомство агенттері жекелеген қазақтардың қолындағы қаруларды тартып ала бастады. Мұндай жағдайда, әр күн емес, әр сағаттың өзі өңірдегі тағдырды шешіп кетуі әбден мүмкін. Сонда не істеу керек?! Іркес-тіркес оқиғалардың қалтылдаған тілін дәл болжаған Күнбатыс Алашорда басшылары әлі толық жасақталып болмаған ұлттық армиясын, дивизияға жақындап қалып еді, жалқын кезінде оққа тігуге амалсыз тәуекел етті. Қызыл Армияның көмегінсіз мұндай тәуекел, әрине тұйыққа тірелген амалсыздықтың шарасы болатын. Өйткені 10 желтоқсанда Жанша бастаған үкімет мүшелері Қызылқоғада земство және басқарма өкілдерінің, саяси, қоғамдық ұйымдардың, құрметті ақсақалдар мен дін қайраткерлерінің басын қосып, жиналыс өткізді. Саяси бағдарды түпкілікті анықтап, ақ казактардың дәл осы сағаттардағы қан-қасап әрекеттерін дереу тоқтату мәселесі жан-жақты талқыланды. «Кеңес үкіметіне қосылуымыздың айқын көрінісі ретінде ақ казактарға қарсы соғыс ашамыз, көмектесіңіздер» деп 21 желтоқсанда Ж.Дос-Мұхамедов қол қойған құпияхат дайындап, оны Орынбордағы революциялық комитетке табыстау үшін өкілдерін Оралға жедел аттандырды. Өкілдер – Н.Қалменов пен Б.Байтақов жолда қызылдардың қолына түсіп қалды да, хат тікелей М.Фрунзеге табыс етілді. Фрунзе тап сол күні, яғни 21 желтоқсанда Ленинге алаштықтардың кеңес жағына шыққанын хабарлап, жеделхат жөнелтті. Алайда әскери көмек жайында мардымды ештеңе айтылмады. Революциялық комитеттің Оралдағы өкілі Лежава Мюрат Н. Қалменов пен Б. Байтақовтың діттеген жеріне жете алмағанына кешірім сұрап, оларды Орынборда емес, Ақтөбеде күтетінін, олармен келіссөз жүргізу үшін Қазақ революциялық комитетінің мүшесі Нысанғали Бегімбетов пен бірінші армияның өкілі Евгений Наумовтың Ақтөбеге шыққанын, сондай-ақ Оралдан Ойыл ревкомының екі өкілі жіберілетінін хабарлады. Ал уақыт хабар алмасуды емес, нақты шайқасқа шығуды талап етуде-тін. Шабуылды қай бағытта ұйымдастырудың тиімділігін көрсетіп, Ойыл қаласындағы атқыштар полкінің командирі Мавлюдов пен полк комиссары Қасымовқа құпия жөнелткен елшілерінен де еш сыбыс жоқ. Яғни, Қызыл Армияның көмегіне сүйену үміті желге ұшқандай сейіліп барады. «Қош, нар тәуекел! Жиырма жетінші желтоқсанның алатаңы, күте бар ақтық шайқасты!».
Солай демеске Жаншаның басқа амалы қалмады. Бір ғана үміт бар. Ол – атаман армиясының өз ішіндегі алауыздық. Ресейді отанымыз деп қабылдаған патриоттарымен бірге, бассыздықты, әділетсіз оқиғалардың талайын өз көздерімен көріп, тағдырына нәлет айтып ашынған казактардың немесе казактар арасындағы басқа ұлттардың шағын топтарын Жанша жансыз жіберіп, өз жағына тартып та алған болатын, олардың ішінде Ойылдан қашқан Серов бандасының «бұрынғы бандиттері» де бар-ды. Оған қоса, ашынған жергілікті қазақтар да, алаштықтардың құпия әрекетін естісімен өз жасақшыларын құрып, азаматтық соғысқа бел буды.
Шайқас, айтқандайын жиырма жетінші желтоқсанның ала таңында басталды. Және алты сағатқа созылды. Елек корпусының командирі, генерал-лейтенант В.Акутин бүкіл штаб мүшелерімен бірге тұтқындалды. Халық жасақшылары да қашып-пысып жүрген ақ казактардың бірнеше ұсақ тобын айдап әкеліп, алаш армиясының қолына тапсырды.
Ойылдағы Қызыл Армияның атты әскер дивизиясының бір отряды және бір зеңбірегі бар екі рота жаяу әскері тек осыдан кейін, яғни 29 желтоқсанда ғана көмекке келді. Оның құрамында алаштықтардың саяси текетірестегі қарсыласы, 1917 жылғы сәуір төңкерісінен кейін Ә.Жангелдинмен бірге Петроград совдепінде большевиктер қабылдауында болған қайраткер, Ойылдағы революциялық комитеттің төрағасы Исламғали Құрманов пен Исламғалимен бірге Бегалы партизандар отрядын ұйымдастырушы Сергей Алексеевич Щербак та бар. Лениннің тікелей тапсырмасымен, М.Фрунзенің тікелей бұйрығымен Ойылды 14 қарашадан қалдырмай Серов бандасынан азат ету операциясын сәтті жүргізген қайраткерлерді, бұрынғы саяси қарсыласын Жанша бұл жолы ашық достық көңілмен қарсы алды. Алаш қайраткерінің басына бәс тігіп, қолға түсіру жөніндегі саясат ойынымен жүргізген шешімдері тарих тәлкегінің бір мысалындай болып артта қалды. Өмір жаңа көзқарасты талап етті де, ұлт мүддесін бірге ойлағанмен, оны жүзеге асыру жолында бір-біріне кереғар бағыт ұстанған жандардың айналып келгенде ортақ, яғни ұлттық мүддеге адалдығын көрсететін сын сағаттарда басын түйістірді.
Аңдысқан саяси ойындардың кейіпкерлері емес, кеңестік бағдарға айқын бет бұрған одақтас екенін большевиктерге бұдан асырып қалай дәлелдеуге болады?! Қан төгіп дәлелдеуден асқан қандай іс-қимыл болуы мүмкін?! Алаш көсемдерінің тап осылай ойлауы адами тұрғыдан ешқандай дау тудырмаса керек-ті. Алайда Түркістан армиясының бас қолбасшысы М.Фрунзе олай ойламады. «Алаш үкіметінің пиғылы белгілі, басын кесіп алсаң да, коммунистік идеяны мойындамайды. Мойындамаған соң кеңестік құрылымға қызмет ете алмайды. Қайта қара халықтың арасындағы беделін пайдаланып, біздің ісімізге зиян келтіруі мүмкін, сондықтан олардың басшыларын сол қара халықтан алшақ ұстау керек. Ақ казактарға қарсы шайқасы, барар жер, басар тауы қалмағандықтан, амалсыздан жасаған кезекті ойыны» деуден таймады. Қаруларын өткізіп, дереу Қызыл Армия құрамына өтуді тапсырды. Жанша: «Біз дәл бүгін өйте алмаймыз. Біз де, сіздер сияқты, бұқара халықтың амандығын тілейміз. Ақ казактардың қылыштарын тастамаған, қайта ашулары әбден асқынған, ең қауіпті шашыранды топтары Тайсойған құмдарының арасында өріп жүр. Соларды біржайлы қылғанша орнымыздан қозғалмаймыз. Оған уақыт керек.
Біз, Алаш үкіметінің өкілдері, кеңестік құрылымды қанымызды төге отырып мойындадық. Егер Алаш үкіметі, Алаш идеясы халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келмесе, біз бұлай істей алмайтын едік. Сондықтан бізді тең дәрежеде, тиісті құрмет, салтанатпен қабылдауды өтінеміз. Салтанатты Ойылға 28 шақырым қалғанда ұйымдастыруды сұраймыз. Ойылға Кеңес үкіметінің тең дәрежелі мүшесі ретінде кіргіміз келеді» деген мағынада құпияхат жөнелтті. Ол хат та М.Фрунзенің қолына түсіп, ол шорт кетті. 31 желтоқсанда Орынбордағы бірінші армия басшылығына, көшірмесін төртінші армия басшылығына: «Біз ешқандай Алаш үкіметі дегенді білмейміз. Мойындамаймыз да, ешқандай шарт жасаспаймыз да. Ал кешірім күшінде. Қалғанын Русия Кеңес республикасының қолбасшылығы шешеді» деген мағынада қаһарлы жеделхат жолдады.
Халық мұңын мұңдауды мұрат тұтқан әскери күштің саяси өктемдіктің құрсауынан шыға алмай, бұлай мінез көрсетуі, әрине өте өкінішті. Оның астарындағы шовинистік пиғылдың қазақ ұлтына келтірер зиянының орасан зор екенін білгендіктен, Алаш басшылығы бұдан әрі тіресудің мағынасыз екенін сезді. Атаман әскері тізе бүккеннен кейін шашыранды ақ казактардың ізіне түскен полк командирі Махамбетовтің Қарабау болысында өткізген жиында бүкіл жеңісті Қызыл Армия жауынгерлеріне теліп, алаштықтардың ерлігін ауызға да алмауы, Ойыл аспанынан жауған листовкаларда да осы пиғылдың басым көрсетілуі осының айқын айғағы еді.
Желтоқсан оқиғалары Алаш қайраткерлеріне саяси күштердің демократиялық принциптерді іс жүзінде ұстануының қиындығын тағы бір рет дәлелдеді. Кешірімнің өзі диктаторлық ұстаныммен былығып кетті. Қантөгіспен өткен қызылқоға операциясы саяси текетіресті жеңілдеткенмен, түпкілікті арманды – ұлт тәуелсіздігін бейбіт, демократиялық принциптерге сүйенген әлеуетті күшпен бірлесе отырып жүзеге асыру мұратын тағы да тұйыққа тіреді. Өлкедегі сол күндердегі тегеурінді әскери құрылым – Түркістан армиясының әскери революциялық комитеті, Түркістан майданының бас қолбасшысы М.Фрунзе айтқанынан қайтпады. А.Байтұрсынұлы басқарған Алаш көсемдерінің империя құрсауынан шыққан халықтың тарихи тұрғыдан мүлдем жаңа революциялық өзгерістерді қабылдап, күнделікті тіршілік игілігіне айналдырудың қиямет-қайымын дәлелдеген терең теориялық пікірі, сол пікірді табандылықпен қорғаған нақты іс-әрекеттері М.Фрунзенің диктаторлық ұстанымын бұзып өте алмады. Ұлтына жақындауды армандаған зиялы топтың бір шоғыры сол ұлтынан соқыр күшпен аластатылды. Демократия мен диктатураның перде жамылған үш ай бойғы айтыс-тартысы диктатураның пайдасына шешілді. 1920 жылғы 5 наурызда өлкеде тұңғыш рет өркениет принциптерімен құрылған Ойыл уәлаяты Уақытша үкіметінің білікті де қайсар қайраткерлері – Ж.Дос-Мұхамедов, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, К.Жәленов, Б.Әтшібаев, анасынан айырылған сәби сияқты, өмірінің ең жалынды шақтарын арнаған ұлтынан еріксіз аластатылды. Іс жүзінде Мәскеуге жер аударылды. Аталған қайраткерлердің қазақ ұлтының құрметіне бөленіп үлгергені сонша, бүлік шығып кетеді деп сескенді ме, Қызылқоғадан Ойылға, Ойылдан Оралға, Оралдан Орынборға, Орынбордан Мәскеуге жеткізгенше кеңес билігі оларды көзден таса қылған жоқ. Тіпті, Мәскеуге өлкедегі Кирревком төрағасы Пестковскийдің өзі бастап апарды.
Білім мен білік, оны пайдаланудағы табандылық, бәрібір, кезекті жеңісіне жетті. Үйқамаудағы бесеу еңсесін түсірмеді, басын имеді. Саяси оқиғалар күрделене түскен сайын ағысқа қайсарлана қарсы жүзіп, сол білімі мен білігін тағдыр тәлкегінен құтылып шығуға жұмсады. Әлемдік юристпруденцияны терең меңгерген Жаншаның бүйтпеуі мүмкін де емес еді. Демократияның таза ниетпен ғана діттеген жеріне жете алмайтынын жақсы білді. Демократияның атасы болып есептелетін Америка Құрама Штаттарының үшінші президенті, әлемдегі ең бай құл иеленуші Томас Джефферсонның, сол құл иелену үрдісін жою мақсатында, оның заңдық жолын, яғни конституциялық нұсқасын алғашқы болып ұсынғанда, бір топ құлының ол ұсынысты қабылдамай қойғаны, бостандықтан гөрі өмір бойы қалыптасып қалған байырғы әдетпен қоштасқысы келмегені нені көрсетеді. Демек, демократияны адамзаттық құндылыққа айналдыра білу үшін де уақыт пен күрес керек.
«Біз таңдаған жол, сөз жоқ, әділет жолы. Оның ұлт таңдамайтынына көз жеткізуіміз қажет. Орыс шовинизмі төңкерістің жалғыз төбе биі емес» деген ой Жаншаның басында шырқ айналды. «Володяға хат жазу қажет, Ахметтің соқырға таяқ ұстатқандай, халықтық, азаматтық айқын позициясын тағы да есіне салу керек». Жанша дүр сілкініп, үстелге отырды. «Володя, мен Сіздің терең біліміңіз бен саясаткерлік пайымыңызға құрмет сезімімен қарайтындықтан, Сізбен ұлтымыздың тағдырына қатысты пікіріммен ой бөліскім келеді...». Жанша Володя Ульяновпен студент кезінен жақсы таныс. Революциялық рухпен ауырған Петроград жастары Нева жағалауына жиналып, өңештері керілгенше айтысқанда оның ерекше қызуқанды мінезі Жаншаның назарынан тыс қалған жоқ. Екеуара сырласқан кезде керіскен де, келіскен де сәттері аз болмады. Осы таныстықтың арқасында Жаншаның тікелей күш салуымен Құран Кәрімнің бастапқы, толық нұсқасы әуелі Уфаға, сосын Ташкентке жеткізілді.
Петроградтың асты-үстіне шығып, революциялық толқулар түсініксіз тағдырлы оқиғалардың орталығына айналған сол бір дүбара күндердің өзінде зиялы қауым ұлтының болашағына қатысты игі істердің бірде-бірін естерінен шығармауға тырысты. Оқ пен от ештеңені аямайды, ғаламдық төңкерістер шырғалаңында рухани мұралар ең алдымен орасан зардап шегеді. Ол ғасырлар тәжірибесінен белгілі. Сондықтан сол бір аласапыран күндерде, яғни 1917 жылғы қарашада, Бүкілресей мұсылмандарының Петроград қаласында өткен екінші съезінде осы қасиетті кітапты – Құран Кәрімді империялық ресейдің көпшілік кітапханасынан алып, мұсылмандардың тиісті діни орталығына тапсыру туралы сөз қозғалды. Қасиетті жәдігерді – сақтап қалу жауапкершілігі Жаншаға жүктелді. Оның жөні де бар, ол – демократия мәйегін діннің терең тамырынан іздейтін діндар адам. Саяси серіктермен бірге «Ойыл уәлаятының уақытша үкіметін» құрғанда өзі ерекше құрметтейтін, оны шығаруға өзі де қаржылай көмек көрсеткен «Қазақ» газеті 1918 жылғы 30 шілдедегі нөмірінде: «Бір облыстың жеріндей біраз елінен әкімшілікке сусаған бір үйір ишанын бөліп алып, үкіметті жасау баланың ойындай бір іс ... » деп келемеж етіп еді-ау! Сонда «бір үйір ишан» деп отырғаны кім? Үкімет мүшесі Сағидолла Ізтілеуов пе? Ізтілеуов болса 1906 жылы Мәдиненің діни университетін бітірген, университет қабырғасында жүрген күндердің өзінде Орынбор, Қазан, Уфа шаһарларында болып, ондағы мерзімдік басылымдармен байланыс орнатқан, университетті бітіре сала сол кездегі белгілі «Увакит» газетіне қызметке орналасқан, кейін Алаш туының астында орал қазақтарының 1917 жылғы сәуірдегі Текедегі бірінші съезіне, сол жылғы маусымда Көкжарда өткен екінші съезіне және 1918 жылы қаңтарда өткен үшінші съезіне қатысқан қайраткер. 1935 жылы Анкарадағы 600 делегат қатысқан мұсылмандар съезінде араб, парсы тілдерін жетік білетін Сағидолла съезд мінбесінде сөйлеген шешендердің сөздерін түрік тіліне аударды. 1936 жылы Қашғарда дұнғандар өткізген жиында түрік көсемі Мұстафа Камал-пашамен кездесіп, сыр бөлісті. «Ойыл уәлаяты уақытша үкіметі» құрамында қазіргі тілмен айтқанда, азаматтық хал актілері бөлімін басқарған Сағидолланың өмірі халқына адал қызмет атқаруға арналды да, түрмеде қиылды. Сол кезде Сағидолла Ізтілеуовпен бірге Бұхарда білім алған Хасан Нұрмұхамедовтің, Ыстанбұл университетінің түлегі Хәби Сұлтановтың, Бомбей университетін бітірген маңғыстаулық тұңғыш қазақ әрі геолог Оразмағамбет Тұрмағамбетовтің, Жылойдағы хазірет Дүйсеке Дәндібайұлының, Тайсойғандағы Ахмедьяр халфенің, Нарындағы Әліптің, Толыбайдағы Арал хазірет пен оның баласы Ғұбайдолланың, Ойылдағы Жиеналы хазірет пен Қазмағамбет хазіреттің, Тәшмұхамбет хазірет пен оның баласы Құсайын хазіреттің және басқаларының өңірде жүргізген имандылық сабақтарын рухани у деп қабылдаған, «Кел, қазақ, кедейлер, ұйымдас жалшымен. Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деген есірең күндерде Жанша бастаған зиялы топтың жаңағы уақытша үкімет жұмысына Сағидолла Ізтілеуов пен Хасан Нұрмұхамедов сияқты діни қайраткерлерді тартуын, ақ казактар ауыл үстіне ойран салған, болашақ бұлыңғыр сағаттарда бағыт-бағдарды түпкілікті анықтау үшін жергілікті земство мүшелерімен бірге көкірегі қазына қарттардың, дін өкілдерінің ақыл-кеңесіне сүйеніп, тарихи «Қызылқоға операциясын» ұйымдастыруын шынайы демократиялық, бұқаралық үрдіс деп мойындау сол кезде қаншалықты қажет еді десеңізші?! Жанша, жүректі қан жылатқан рухани ауыртпалықты елеусіз ерекше қайраткерлікпен көтере жүріп, зиялылық болмысына шаң жұқтырмады. «Дін – апиын» деп жалпақ әлемге жар салған Лениннің өзін 1917 жылғы 9 желтоқсанда Құран Кәрім сияқты қасиетті кітапты сақтап қалуға көндіртіп, Ағарту халық комиссары А.Луначарскийге хат жаздыртуы, сол хаттың негізінде Құран Кәрімді Мемлекеттік көпшілік кітапханадан алдыртып, Шура-и-ислам өкілдеріне табыс етуі осы зиялылық болмысының бір ғана көрінісі еді.
Біз, қазіргі ұрпақ, ұлағатты тұлғаларымызды қағаз бетіне түскен ақпараттар арқылы ғана тануға бой үйреткендіктен, оның астарындағы мейлінше нәзік, құпия, көбіне іште тұншығудан аспайтын зерлі де шерлі армандарының түп-төркініне терең мән бере бермейміз. Әйтпесе, Жанша сияқты арыстарымыздың ұлттық мүддені қорғап, саяси бағыттардың, саяси күштердің тас қабырғалары арасымен судағы балықтай жүзген кезде тәні мен жанын қалай қинағанын білер едік. Білсек, сол аласапыран күндерде де, кейін де біразға дейін оларға саяси ұстанымы тұрақсыз жандарша қарамас едік.
Тәні мен жанын қинау себебі, ұлтын сүю өз алдына, терең білімі мен ұлағатты өмірлік позициясы сол ұлтына қызмет ете алатынын көрегендікпен сезді. Басқалар да оның рухани әлеуетіне үлкен үмітпен қарады. Жаншаның қайраткерлігіне жүгірте көз жіберіп-ақ бұған көзіміз анық жетеді. Мысалы...
Ресейдің Том округтік сотында прокурор көмекшісі (товарищ прокурор), яғни әділет генералы шеніндегі отыздан енді ғана асқан Жанша, сәуір төңкерісінен кейін іле-шала Алаш көсемдерінің шақыруымен туған жеріне аттанды және Орал қазақтарының сол сәуір айында өткізген облыстық съезінде Жаншаға Орал бөлігін басқаруға қатысты алғашқы ереже жобасын жасау тапсырылды. Бұл мемлекеттік құрылымды айқындауға жасалған алғашқы қадам еді. Съезд Жаншаның жобасын бірауыздан қабылдады...
1917 жылғы 21-28 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақ бірінші съезінде Алаш саяси партиясын құру туралы алғаш рет ұсыныс талқыланып, партия бағдарламасының жобасын жазу ішінде Мұстафа Шоқай мен Жанша Дос-Мұхамедов бар топқа жүктелді. Жоба қазақ облыстық комитеттерінде талқыланып, Құрылтай жиналысы ұлттық депутаттарының жиналысында қаралуы тиіс еді. Алайда саяси оқиғалар оған мүмкіндік бермеді. Топ мүшелері жан-жаққа тарап, бас қосудың мүмкіндігі болмады, жоба тағдыры тұйыққа тірелді. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 5 қазандағы нөмірінде Ж.Дос-Мұхамедовтің ескертпе хабары жарияланды. Кейін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
М.Дулатов бастаған топ әзірлеп, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы нөмірінде жарық көрген жоба да белгілі себептермен ресми түрде қабылданған жоқ. Демек, үкімет саяси партиясыз жұмыс істеді ...
Ресейдің өркениетті демократиялық принциптерге жүгінген үкіметшіл саяси топтарының тарих сахнасындағы күресі шиыршық атқан күндерде олардың қоғамдағы орнын таразылай білген Жанша, жаңағы күштердің сойылын соққандай көрінгенмен, демократиялық ұлттық автономия құру қағидасынан таймады...
Әлемдік, әсіресе қазақтың ата заңдарын терең меңгерген Жанша ұлтымыздың әдет-ғұрып салтындағы, оның ішінде «Жеті жарғы» сияқты ұлы билеріміздің таразысынан өткен таңбалы заңдарымыздағы өнегелі нормаларды талдай отырып, алғаш рет ұлтымыздың Қылмыстың кодексінің негізін салды...
Саяси қарсыласы бола тұра
С.Сейфуллин оны табиғи турашылдықпен: «Алашорда көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ертіп әкететін екі кісі бар. Бірі – Міржақып Дулатұлы, бірі – Жанша Досмұһамбетұлы. Міржақып жазу сөздің шебері. Мержақыптың сөз әдістері жатық, сымпиғандау шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады» деп сипаттаған қайраткер Алаш идеясының бүкіл даму тарихын зерттеген ғалымдар арасында қазақ қоғамын қазақтардың өзі басқаруы тиіс деген саяси платформа авторларының бірі екені мойындалды...
1919 жылғы 27 желтоқсанда Жанша өзінің ұлттық мүдделестерімен бірге, Кеңес үкіметіне деген сенімін қан төгілген шайқаспен дәлелдеген еді, Кеңес үкіметі ол сенімді ақтамады. Адам баласының тумысынан еркіндігін адамзаттық прогресшіл таныммен қолдап, қорғаған есіл ер сол Кеңес үкіметінің прогреске кереғар ұстанымымен, асқан қатыгездікпен, ұлт мүддесі үшін қайсарлықпен күресіп, сал ауруға ұшыраған күйінде 1938 жылғы 1 маусымда Мәскеуде, туған бажасы Тұрар Рысқұлов сыйлаған пәтерде соңғы рет тұтқындалды. 27 желтоқсанның алатаңындағы алаулы азаттық арманы саңылаусыз темір шеңбердің ішінде дозаққа айналарын кім білген?!...
Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ