Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара

Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара

Красноярскідегі қазақ жастарының көшбасшысы – Гүлнара
ашық дереккөзі
50590
Гүлнара Төлешова Красноярск (Ресей) қаласында А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы қызметін атқарады. Қоғамдық жұмысқа ерте араласқан ол Красноярск өлкесіндегі қазақ жастарының көшбасшысы ретінде танылып, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін танытуды мақсат тұтқан. Бір жыл бұрын ашылған «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының негізін қалаушылардың бірі. Красноярск қазақтарының рухани-мәдени ортасын қалыптастыруды көздеп жүрген Гүлнараға хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Ресейдегі қазақ қауымдастығы жайлы сөз қоз­ға­ғанда, ең алдымен омбылық Торғын Әшенова құр­ған «Омбы қазақ­тары» ұйымы еске түседі. Ал Крас­ноярск қазақ­тарының басын біріктіретін «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени авто­номиясын құрған сіз туралы бірінші рет естуіміз. Бұл қоғам­дық жұ­мыс­қа бел шеше кірісуіңізге не себеп болды? – Мен Красноярск қаласында тудым, осын­да мектеп бітір­дім. Осында персоналды басқару ма­мандығы бойынша жоғары білім алдым. Ата-анам – Астрахань облысының қазақ­тары. Әкем кезінде Сібірдегі достарына келіп, осында жақ­сы жұмысқа тұрып, пәтер алған. Сосын Аст­раханьға барып, анама үйленіп, оны осында алып келген. Отбасында үш ағайындымыз. Мен – үйдің кенжесімін. 2012 жылдан бастап осындағы «Арман» атты қазақ ұйымының жұмысына ат­салыс­тым. Бұл жұмыс арқылы мені байқаған жауапты кісілер Красноярск қаласындағы қазақ жастары автономиясының төрағасы болуды ұсынып, онда төрт жыл бойы жұмыс істедім. 2013-2017 жылдар аралығында «Мир» атты Крас­ноярск өлкесі ұлттық жастар бір­лестіктері кеңесінің төраға орынбасары қызметін атқардым. Онда осы өлкедегі барлық ұлттық автономиялардың жұмысын бақыла­дым. Сонымен қатар 2016-2019 жылдар ара­лығында екі аймақтық телеар­на­дан таралатын «Соседи» деген ұлтаралық телебағдар­ламаның жүргізушісі болдым. Диплом алар кезде осын­дағы А.Кузнецов атындағы еңбек және келісім сарайының басшылығы жұмысқа шақырды. Соңғы бес жылда қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері өткізген іс-шараларға белсенді ара­ласып жүргенімді байқаса керек. Осылайша, 2017 жылы осында жұмысқа тұрдым. Биыл наурыз айында осы кешендегі ұлттық мә­де­ниеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас­шысы қызметіне тағайындалдым. Осы са­ланың басы-қасында жүрген соң 2021 жылдың сәуір айында «Ақ Жайық» деген ат­пен қазақ ұлттық-мәдени автономиясын ашуды жөн санадық. [caption id="attachment_188488" align="alignnone" width="2048"] width= Красноярск қазақтары[/caption] – «Арман» ұйымы жабылып қалды ма сон­да? – 2012 жылы ашылған ол ұйым 2018 жылы әлдебір себептермен жабылып қалды. Жалпы, «Ақ Жайық» ұлттық-мәдени автономиясын ашуға бірнеше фактор әсер етті. Торғын мен Қуа­ныш негізін қалаған «Омбы қазақтары» ұйымы бар екенін бұрыннан білеміз. Олар да Красноярскта қазақтар бар екенін, әсіресе жастар ісіне мен жауапты екенімді жақсы біле­ді. 2019 жылы олар өздері «Алға!» деген атпен ұйымдастырған Ресейдегі қазақ жастарының алғашқы форумына шақырды. Онда үш күн бойы жастармен пікір алмасып, көп ой түйдім. Бастысы, түп-тамырымызды тануымыз керек екенін түсіндім, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қажет екенін ұқтым. Өкшемізді басып келе жатқан жастарға үлгі болу үшін салт-дәс­түрімізді жаңғыртып, мәдениетімізді наси­хаттау керек екенін жете түсіндім. Негізі, ол форумға қатысқанға дейін де қазақ мәдениетін жаңғыртып, салт-дәстүрімізді таныту, қала тұрғындарына біздің көпшілік тамсанатын мәдениетіміз туралы әңгімелеу арманым болатын. Оған қоса, дәл сол кезде Красноярск өлкесі губернаторының әкімшілігі бізге хабарласып, қазақтардың басын қосатын жаңа ұйым ашып, оның жұмысына бас-көз болу туралы ұсыныс айтқан еді. Осылайша, Крас­ноярск өлкесінде қазақ ұлттық-мәдени автономиясын ашып, 2021 жылғы сәуір айынан бастап ресми түрде жұмыс істей бастадық. Бірақ ұйымның width= ашылуы пандемия­мен тұспа-тұс келді. Десе де, осында тұратын қазақтар біздің ашылғанымызды естіп, «Не істер екен?» деп күтіп отырғандықтан, бар күшімізді салып жұмыс істедік. Негізі, біз жұмысты жақсы бастадық деп ойлаймын, се­бебі бір жылдың ішінде үш үлкен іс-шара өткіздік. Мұндай шаруаны кез келген ұйым атқара алмайды. Алдымен, қазан айында «Красноярск өлкесіндегі қазақ мәдениетінің күні» деген атпен іс-шара ұйымдастырдық. Содан соң желтоқсан айында Ұлттық домбыра күнін атап өттік. Қазақстанда бұл мереке шіл­денің алғашқы жексенбісіне дөп келетінін білеміз, бірақ Ресей аумағында эпидемио­ло­гиялық талаптар бойынша шектеулер тек күз айында алынып тасталған соң, біз бұл іс-шараны жыл соңында ғана өткізе алдық. Бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтуімізге Крансоярск өлкесі губернаторының қоғамдық бай­ланыс басқармасы мен Достық үйі көп кө­мектесті. Омбы қаласынан домбырашылар ансамблі келіп қатысты. Басқа ұлт өкілдері де өз өнерін ортаға салды. Осыдан соң жыл сайын ұлттық аспаптар фестивалін өткізу идеясы туындады. Биыл наурыз айында «Приветствие поколение» деген атпен Көрісу күнін тойладық. Жалпы, мен шығармашылықтың адамы әрі мәдениет қызметкері ретінде бізді өзгеден ерекшелеп тұратын айрықша дәстүрімізді таныт­қ­ым келді. Наурыз мерекесін күллі түркі әлемі тойлайды. Сол секілді бәріне ортақ мей­рам­дар жетерлік. Ал Көрісу күнінің мәні ерек­ше. Тіпті, Қазақстандағы кейбір облыстарда тойланбайтынын білемін. Ал мен болсам осындағы жұртшылықты халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат біл­дірудің біз, қазақтар үшін аса маңызды еке­нін көрсеткім келді.  width=– Ұйым атауын неліктен «Ақ Жайық» деп қойғанды жөн санадыңыз? – Ата-анам «өз жолыңды қалай атасаң, со­лай болады» дегенді үнемі айтатын. Оның үстіне, қазақ «Ақ жол» дегенді аузынан тастамай ай­тып жүреді. Жалпы, ақ түс – тазалықтың, тектіліктің символы. Ақ Жайық – бұл кеңістік. Неге кеңістік десеңіз, өйткені қазақтар – ержүрек дала халқы. Дала – біз үшін үлкен кеңіс­тік. Әрі біз үйге келген қонаққа ақ түсті дастар­қан жайып, аста-төк тағам ұсынамыз. Сондықтан ұйым атауын осылай қойған дұрыс болар деп шештік. Мен сізге мынаны айтайтын: ұйым ашылғалы бері біздің жастарымыз оянды, тарихи Отанынан алыс тұрса да, көпшілікке мәдениетімізді жеткізе алатынына көзі жетті. Ұлт­тық мерекелерді атап өтуден бөлек, ұл­тара­лық жобаларға да қатысамыз. Әсіресе спорт бағыты бойынша белсендіміз. Студенттеріміз күрес, бокс, волейбол сайыстарынан жүлделі орын иеленіп жүр. Басқа ұйымдарда жұмыс істеп жүргендер күш сынасып жатқан бауыр­ларымызды көргенде «Уау, мында қазақтар пайда болған ба?» деп таңғалысып, оларды қол­дап, жанкүйер болады. Студенттер де «Осы­лайша, қазақ екенімізді мақтанышпен көр­сетеміз» деп дән риза болып жүр. Ресми іс-шаралардан бөлек, қайырымдылық іс-шара­ларға қатысып, балалар үйі мен бала­бақшаларға жиі барамыз. Оларға домбырада ән шырқап, ұлттық киімдеріміз туралы әңгімелейміз. Он­дағы балалардың ұйып тыңдап отырған сәтін көрген кезде жүрегің жылып сала береді. Олардың көңілін аулау қиын ғой, ары кетсе бес минут қызығады, сосын басқа нәрсеге көңілі ауып кетеді. Ал біздің жағдайымызда барлығы басқаша болды, қыз балалар қасымызға жақындап «Сіз ханшайымсыз ба сонда?» деп үстімізге киген ұлттық киімімізді, әшекей-бұйымдарымызды ұстап көрді. Ал ұлдар болса шапанды киіп, қобыз, домбыраны қолдарына алып, бірдеңе орындағысы келеді. Сондай-ақ оларға «декоративтік» жылқы арқылы ұлттық ойындарымызды паш еттік. Мұндай іс-шара­лар­дың берері мол. Ең бастысы, осылайша өскелең ұрпаққа біз олар ойлағандай мигрант­тар емеспіз, орысша сөйлей алатын, сөйте тұра қазақ мәдениетін дамытқысы келетін қара­пайым азаматтар екенімізді түсіндіреміз.  width=– Красноярск өлкесінде шамамен қан­ша қазақ тұрады? – Жалпы, өлкеде 159 ұлт өкілі тұрады. 33 қо­ғам­дық ұйым жұмыс істейді. Бұл аймақта 1,5 мың қазақ тұрады, соның ішінде Красноярск қаласында тұратындардың саны – 600-ге жуық. Бұл жер «Омбыдағыдай неге қазақтар көп емес?» дейтіндей емес, Красноярск – алыс Сібір­де орналасқан аймақ. Кезінде өңменіңнен өте­тін қара суық болатын, қазір климат өзгерді. Мұн­дағы көпшілік жолдама арқылы келіп, осын­да қалып қойған. Қазақтардың көбі 90-жыл­дары Қазақстаннан осында келіп тұрақ­таған. Басым бөлігі инженерия мен по­лиция­ның оқуын оқу үшін келген. Ал енді бір бөлігі кезінде Красноярск өлкесінің солтүстігінде ор­наласқан Норильск қаласына шахтада, мұ­най-кен орындарында жұмыс істеу үшін бар­ған. Қаражат жинап, жағдайын жасап алған соң, зейнетке шығар жаста елге оралғандары да бар. Біз азбыз, бірақ аз болсақ та бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қалайша жұмысқа жұмыла кірісе кететінімізді сөзбен сипаттай алмаймын. Біріміз үшін бәріміз жүгіріп, шапқылап жүрге­німіз­ді көргенде бойымды мақтаныш кернейді. Қазір бізге 60-қа жуық қазақ отбасы үнемі көмектесіп тұрады. Одан бөлек, 15-тен астам жас та барлық іс-шараның басы-қасында жүре­ді. Қазақтан бөлек, орыстардың да көмегі көп тиеді. «Мен – Қазақстаннанмын, тарихи Ота­ным­ды ештеңеге айырбастамаймын!»,– деп белсенділік танытатын орыстар да бар. Ұйым ашыл­ғанын енді естіген орыстар «Осындай ұйым құрғаныңызға қуаныштымыз. Қазақ­стан­ды сағынып жүрген едік. Жақсы болды» деп қуанышын жасыра алмай, алғыс жаудырады. Іс-шаралар өтіп жатқан кезде «Қазақстан» деген­ді естіген кейбір орыстардың көзі жанып, «Мен Көкшетауда оқығанмын», «Ал мен Шым­кентте тұрмысқа шыққанмын», «Мен болсам, Қазақстанда өндірістік тәжірибеден өткен едім. Қайта саяхаттап қайтқандай болдым» дегенін есті­генде кәдімгідей масаттанып қаласың. Арада 20 жыл өтсе де, Қазақстанға, қазақ мәде­ние­тіне деген құрмет ерекше. Көзқарасы бая­ғыша. Өзгермеген.  width=– Қазағы аз өлкеде дүниеге келсеңіз де, қазақ тілін қалайша сақтап қалға­ныңыз­ды білгіміз келеді. – Қазақшаны бала кезімнен түсінетінмін, үйде­гілердің айтқанын ойша аударып, орысша жауап беретінмін. Ал қазақша еркін сөйлеуіме мына бір жайт түрткі болды. 16 жасымда Астра­хань облысында туып-өскен, сонда тұра­тын ата-әжемнің үйіне жазғы демалысқа бардым. Атам – нағыз комсомол, ТМД елдерін аралап, та­лай рет трибунада сөйлеп, қазақ мәдениетінің шашбауын көтеріп, сойылын соққан мықты кісі. Ал әжем – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Нағыз қазақ әйелінің бейнесі деп әжем­ді айтуға болады. Ол орысша «Здравс­твуй­те, как ваши дела?» дегенді ғана білетін. Сол бар­ғанымда әжеммен сөйлескім келген сайын бауырларымды, басқа туыстарымды шақырып «Әжеме мына сөзімді аударып беріңдерші» деп өтіну ұят екенін түсіндім. 16 жасымда өз ана тілімде сөйлей алмайтыныма ұялдым. Осы­лайша, бірте-бірте «қазақша қате сөйлеуден ұялу» атты тосқауылды «аттап» өтіп, қазақша сөй­леп жүрдім. Ата-әжемнің үйінде екі ай бойы қазақша сөйлеп, қалаға оралған соң ата-анама «Өтініш, бүгіннен бастап маған тек қазақ ті­лінде сөйлеңіздер» дедім (күліп). Біздің үйде барлығы онсыз да қазақша сөйлесетін, бірақ ата-анам Ресей аумағында білім алып, маман ретінде қалыптасатынымды түсінген соң орыс тілінде емін-еркін сөйлеуіме мүмкіндік жасай­тын. Қазір қазақша жиі сөйлеуге тырысамын. Әсіресе, осындағы белсенді қазақтармен бас қос­қанда қазақша сөйлесіп, әзілдесіп, шүйір­келесіп қаламыз.  width=– Бір ай бұрын Семейде «Отандастар» қоры­ның ұйымдастыруымен өткен форумға қатыстыңыз. Бұл сіздің Қазақ­станға бірінші рет келуіңіз бе? – Оған дейін Атырауда жарты күн бол­ған­мын. Астраханьға жақын болғандықтан, сон­дағы туыстарымыздың бір мерекесіне келген едік. Ал Қазақстанды толыққанды өткен айда ғана араладым. Осы ретте бізге осындай мүм­кіндік бергені үшін «Отандастар» қорына ерек­ше алғысымды жеткізгім келеді. Себебі ол қор себеп болмағанда Семей қаласына ешқашан бар­мас едім. Бұл сапарда Абайдың өмір жолы, ту­ған жері, шығармашылығы туралы көп дерек білдік. Екіншіден, Жидебай, Қоңырәулие үңгі­ріндегі киелі жерлерді көріп, бұлақ суынан дәм татып, ерекше күй кештік. Тарихи деректерге қа­нық болдық. Мен құдды бір геолокация өзгерт­пеген секілдімін. Өз үйімде жүргендей сезін­дім. «Уау, Қазақстанда жүргеніме сене алар емеспін» дегендей көңілім арнасынан асып-тасыды деп «қатты» айтпаймын. Саналы түрде атажұртымыз Қазақстанда жүргеніме мар­қайып жүрдім. Хәкім Абай туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтерді естіп-білгеніме қуандым. Се­мейден соң Алматыға бір апта тұрақтап, туыс­қандарыммен бірге тойдан тойға бардық. Жалпы, Алматы – келесі күнің қамсыз өтетініне сенім беретін, жаныңа ты­ныштық сыйлайтын қала. Барлығына жағдай жасалып, мүмкіндік берілген. Қазақтар – өздерін қорғап қана қой­май, өзгені де жау қолынан алып қалатын жау­жүрек халық. Бізге біреу тиіспесе, өзіміз ешкімге ұрынбаймыз. Бойымыздан тәрбие, мәдениетке деген құрмет, өзгелерге деген ізет байқалып-ақ тұрады. Алма­тыда осыған ерекше көзім жетті. Алматыдан кейін киелі мекен Түр­кістанға бардым. Жолай Шымкентке соқтым. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым еткен соң біз, Ресей қазақтары «қазақ Венециясы» деп атайтын қалашыққа бардым. Онда су үстінде шоу көрсеткен әртістердің өнеріне тәнті болып, ұмытылмас әсер алдым. Бірақ Түркістанның ап­тап ыстығы біз, сібірліктер үшін өте қо­лай­сыз. Ондай қалыпта жүріп-тұруға үйрену керек се­кілді. Бірақ астананың климаты Красноярс­кі­мен бірдей екен. Жолдары да біздегідей кең, көшелері де рет-ретімен салынған. Өте қо­лайлы қала. – Қазақстанға қыдырып қана келмей, Дос­тық үйлерінің басшылығымен іс­кер­лік байла­ныс орнатып үлгеріпсіз. – Иә. Семейдегі форумды айтпағанда, өзге қа­лаларға өз бастамаммен бардым. Ол кезде еңбек демалысына шыққан едім. Ресейде қазақ мә­дениетін насихаттап жүрген, сондай-ақ түрлі мәдениет өкілдерімен етене жұмыс іс­тейтін маман ретінде осындағы әріптестерім­мен кездеспей кете алмадым. Алматыда Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хатшылығының қа­былдау бөлмесіне хабарласып: «Ресейден келген қонақпын. Красноярсктегі Еңбек және келісім сарайында ұлттық мәдениеттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы болып жұмыс істеймін. Жұмысым тура сіздер атқарып жүрген шаруалармен тығыз байланысты. Достық үйіне барып, қандай жұмыс істеліп жатқанын көргім келеді», – дедім. Жарты сағаттан соң ондағы ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту жөнін­дегі бөлім басшысы хабарласып, кездесуге шақырды. Ал бас қаладағы Достық үйінің басшысымен «Отандастар» қоры өкілдерінің көмегімен байланыс орнаттым. Сосын дирек­тор «Домбыра күніне» орай филармонияда өткен керемет кешке шақырды. Маған мұндай мүмкіндік тағы қашан беріледі?! Үздіктердің үздігі саналатын майталмандардың өнерін тамашаладым. Жалпы айтсам, мәдениетіміздің «иісі» аңқып тұрған барлық жерді аралап, уақытты жемісті өткіздім.  width=– Торғын «Бұл игі істен ешқандай та­быс түспесе де, бәрінен биік тұрады. Жат­сам да, тұрсам да ойлайтыным осы» деген еді. Сізде де солай-ау шамасы... – Білесіз бе, мұндай игі іс жүректен «бастау» алады. Ал жүректен шыққан іс жанды жа­дыратады. Уақыт өте келе хоббиыңа айналған бұл іспен айналыспасаң, өмір сүре алмайтындай деңгейге жетесің. Егер өз мәдениетіңді жаның­ды салып тұрып, насихаттай алмасаң, онда өз-өзіңді зорлап, мойныңа артылған артық жүк секілді «көтеріп» жүрудің қажеті жоқ. Иә, кейде бір мезетте үш бірдей іс-шара ұйымдастырған кездер болады. Бірақ түрлі мәдениетті дамыту арқылы қоғамға үлес қосып жатқанымызды жақсы түсінеміз. Біз жергілікті тұрғындарды менталитетті құрметтеу және толеранттылыққа үйретеміз. Өзге ұлт өкілдері біз ұйымдастырған іс-шарадан соң өзгелер туралы ойын өзгертіп, елдің аузында жүрген сөздің стереотип екенін түсініп, құрметі арта түседі. Бір қарасаң, дастар­қан басында бас қосып, бір нанды бөлісіп, өздерінің ұлттық ерекшеліктері туралы әңгіме қозғап отырады. Ал «Ақ Жайықты» сөз етсем, бізді қала әкімшілігінен бастап кішкене ұйым­дарға дейін қолдайды. Біз атқарып жатқан шаруаның пайдасы зор. Қосымша жұмысым болса да, бұл отбасыма қарауға, баламды бағуға, үйдегі үлкендеріме қамқор болуға еш кедергі келтірмейді. Керісінше, мұнда барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мұның пайдасы бол­маса зияны мүлдем жоқ. Бір айта кетерлігі, анам кезінде Астраханьда мәдениет үйінің директоры болған, сондай-ақ хор дирижері әрі жетекшісі болып жұмыс істеген. Әңгіме басында айтып өткендей, атам да – ұлттық мәде­ниетіміздің, салт-дәстүріміздің жоқтау­шысы. Ал қазір бұл істі мен жалғастырып жүр­мін. Бұл маған қанмен берілсе керек. Сту­дент­­тер де «Сіз осы жұмысты істеу үшін туған се­кілдісіз» деп мақтайды кеп. Бірақ мен «Мен – қазақпын. Қазақ екенімді көрсетемін» деп кеудемді соқпаймын. Барлығын тыныш жүріп істеймін. Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Бізді барлығы біледі, барлығы құрметтейді. Құқығы­мызға ешкім шектеу қомайды, ешкім түр­пектемейді. Олай болса, неліктен 550 жыл­дық тарихы бар мәдениетімізді неге танытпасқа?! Бір дана айтқандай, «мәдениетсіз ұлт жоқ». Бай мәдениетімізді өзгелерге таныту үшін барымды салуға әзірмін. Кезінде Мәскеуде, сосын Крас­ноярскте тұрған, ал қазір елордаға тұрақта­ған кейбір қазақтар Ресей қазақтарынан Торғын екеуімізді ғана таниды. «Сіздермен мақтанамыз. Қазақстанда кейбір қазақтардың шамасы жетпей жүрген тірлікті жасап жүрсіңдер» деп айтады. Өткенде Құрбан айт мерекесін қалай атап өткенімізді әлеуметтік желі арқылы көр­сетсек, Қазақстандағылар хабарласып «Ресейде­гі қазақтар бізден гөрі дәстүрге берік секілді», – деп қалжыңдайды. Бастысы, төбемізде бейбіт, ашық аспан болсын! Шынайы жанашырлар барда мәдениет өлмейді. Қазақстан көркейе берсін! Бірлік пен ынтымақтың арқасында өсіп-өркен­дей түссін! Ал біз бірте-бірте үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін. Бастысы, 50 жыл­дан соң балаларымыз бен немерелеріміз «Красноярск өлкесінде қазақ мәдениеті ерекше дамыған екен ғой» деп таңғалыса айтып жүре­тіндей деңгейге жетсек болғаны.  width=– Красноярск қазақтарын толған­дыра­тын не мәселе? Не қажет? Қандай көмек керек? – Бізде қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бол­май тұр. Біздің өлкеге тіл маманы кем дегенде бір айға келіп, аптасына үш рет сабақ берсе, ары қарай өздері-ақ іліп әкетеді. Қазір үйде балаларымызға қазақша сөйлейміз. Оның ұлты – қазақ, діні – мұсылман, дала халқының ұрпағы екенін біліп-өссін деп мейлінше айтып отыра­мыз. Екінші мәселе, ұлттық киімдер аса қажет. Бір комплектінің өзі жетеді. Менде көрмеге қоятын киімдер бар. Бірақ бір іс-шараға қа­тысарда топпен бірге шығу үшін төрт киім ке­рек. Ал бізде ондай көп киім жоқ. Ара­мызда ұлттық биімізді билегісі келетін қыздар бар. Олар ұлттық киімді Сібір Федерал­ды универ­ситеті арқылы уақытша алып, концерт біткен соң қайта өткізеді. Дегенмен ондағылар ол киімдерді әркез бере бермейді. Бірақ біз уни­верситеттің әкімшілігіне тәуелді болғымыз келмейді. Өзгелерге төл мәдениетімізді толық­қанды, еш кедергісіз көрсеткіміз келеді. Алға қой­ған мақсатымыз көп. Қазір Красноярск пен Көкшетау қалаларының арасында шығар­ма­шылық байланыс орнату үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, «Ұлттық аспап­тар фестивалін қалай өткізсек болады?» деп бас қатырып жүрміз. Сонымен қатар осында ат спортын дамыту да жоспарда бар. Жылқы – біз үшін киелі, қасиетті жануар, сондықтан оны же­ті қазынаның бірі санайды. Қыз қуу, көкпар секілді ұлттық ойындардың ерекшелігін көр­сеткіміз келеді. Жалпы, бізде жоспар көп, үміт зор.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары