Баспа өнеріне басқаша көзқарас керек

Баспа өнеріне басқаша көзқарас керек

Баспа өнеріне басқаша көзқарас керек
ашық дереккөзі
955

ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына!

«Баспа өнері» деп нені түсінеміз?

Қарапайым тілмен қысқаша айтқанда – адамдарға қажет ақпаратты, көркем ойды, белгілі бір әдіс-тәсілдермен жазып, таңбалап, ғылыми жолмен саралап, әдеби көркем тілмен әрлеп, мазмұнына сай пішінін көркем безендіріп, құрылымын стандарттарға сай техникалық талаптармен сауатты қалыптап, көбейте басып шығару, тарату әрекеттерінің жиынтығы. Бұл әрекеттер белгілі бір машықтарды қалыптастырды. Ол машықтар жетіле-жетіле көркемдік  деңгейге көтерілді Көркемдік таным мен талғам қалыптасқан жерде өнер бар. Демек, баспа ісі  өнер ретінде дами келе кәсіпке айналды. Ол кә­сіпті үйрету, оқыту амалдары жинақ­тала келе пән ретінде қалып­тас­ты. Пәнді оқыту үдерістері бары­сында ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар жинақталады. Осы әрекеттер тарихына  үңілсек, адамзат мәдениетінің алғашқы бастауларына дейін барамыз. Яғни, тасқа бәдіздеу, қашау арқылы, одан кейін теріге,  металға, қышқа, ағашқа, қағазға таңбалау арқылы ақпарат тарату өнері бүгінде электронды басылымдар дәуіріне алып келді. Біз сөз етіп отырған өнерді «баспа ісі» деп атап келеміз. Қоғамдық сана осы ісі» дегенге үрке қарайды. Үрке қарайтын себебі, «іс дегенді «қара жұмыс» деп қабылдайтындығында. Қазақстанда қағаз  басылым шы­ғару ісіне негізделген баспа өнері  басталғалы бір жарым ғасырдан астам уақыт болды дегенімізбен, бұл кәсіпті зерттеу әлі қарқын ала  қойған жоқ. Олай дейтінім, кітап шығару тарихы, кітаптану  бағыты туралы бірді-екілі кітап қазақ тілінде жарық көргенімен, оның белгілі бір ғылым саласы ретінде өз жүлгесін алып кетуі саябыр. Рас, бұл сала туралы орыс тілінде де, шет ел тілдерінде де зерттеулер ұшан теңіз. Оларда баспа өнері ғылыми нысанға ертерек ілігіп,  монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, оқу әдістемелік құралдар, танымдық ғылыми-мәшһүр кітаптар, энциклопедиялар, сөздіктер бірнеше мәрте жарық көріп, белгілі бір деңгейде баспа ісінің өзі жеке-дара ғылым саласына айналып үлгерді. Ал бізде  өте шабан жылжып келе жатқан бұл сала  уақыт оздырмай  шындап қолға алуды қажет етеді.  Өйткені баспа өнері дегеніміз, тек кітап шығару, ақын, жазушылардың шығармаларын  насихаттау емес, бұл – мемлекеттік идеологияның танымдық-ақпараттық ұстынын  қуаттандыру,  биіктете жетілдіру, заманауи талаптарға сай жаңғырта дамыту; республиканың әр азаматының отаншылдық рухын ояту, патриоттық сезіміне күш беру, санасына адамзаттық құндылықтарды әр басылым сайын шым-шымдап сіңіріп отыру деп түсінген жөн. Баспа өнерін  сонымен бірге рухани құндылықтарды жарыққа шығару арқылы материалдық игіліктерге ие  болудың жолы деп қабылдаған абзал.

Баспа өнеріндегі басты тұлға

Бұл жолда редактор – негізгі тұлға.   Редактор – барлық баспалар мен  газеттерде, журналдарда, радио мен телевидениеде, баспалық-полиграфиялық өнім шығаратын кәсіпорындарда, жарнама агенттіктері мен ақпарат агенттіктерінде, жалпы бұ­қараға таратылатын ресми не­месе биресми басылымдар мә­тінін әзірлейтін кез келген меке­ме­де ұйымдастырушылық һәм шығармашылық қызметпен айна­лы­сатын және осы жоғарыда аталған ұжымдар үнемі  қажетсінетін  қадірлі мамандық. Басылымның сауатты шығуы, халыққа таралуы, бәсекеге қабілетті болуы алдымен осы білікті редакторға,  ал редактордың білікті, білімді  әрі уақыт сұранысы мен заман талабына қарай ілкімді де іскер маман болуы оның теориялық білімі мен тәжірибелік машығына байланысты. Баспа өнерінде  редактордың атқарар рөлі орасан. Ол әр басылымды бұқараның танымдық сұранысына қа­рай ұйымдастырып қана қой­май­ды,  жоғары технологиялық мүмкін­дік­терді пайдалана отырып, оқырман талғамына жауап беретіндей етіп әзірлейді, дер кезінде жарыққа шығару мен  өз сәтінде тарату істеріне  мұрындық болады, осы  шараларының бәрінде оның  қолтаңбасы  қалады. Демек, редактор шеберлігіне  қарай жетелейтін басылымды әзірлеу машықтарын ғылыми негізде зерттеу, зерделеу, белгілі бір тұжырымдар жасап, оларды ақыл-ой  айналымына қосу, кәсіби қолданысқа енгізу ісі де маңызды мәселе.

Баспа өнерінің ғылыми іргетасын қалыптастыру қажет

Осы маңызды мәселені шешудің жолы – басылым туралы, оны әзірлеу турасында,  оның  редакторы жөнінде, редактордың атқарар қызметі хақында отандық және шетелдік бұрынғы-соңғы теориялар мен тәжірибелерді ұштастыра оқытатын  арнаулы  пәндер арқылы осы кәсіпке қатысты ұғымдар мен түсініктерді  мемлекеттік тілде  біріздендіру, тұрақтандыру, жүйелеу, ғылыми қалыпқа түсіру. Сонда ғана осы кәсіпке байланысты ұғымдар мен түсініктерден туындаған аталымдар мен терминдер қалыптасады, қалыптасқан атаулар мен аталымдар аясы кеңейеді, өндірісте пайдалануға  жаратылады. Өндірісте қолданылған сөздер, ұғымдар, терминдер, атаулар, аталымдар жүйесі осы саланың ғылыми негізде зерттелуіне, белгілі бір теориялық қорытындылар мен тұжырымдар жасауға негіз болары сөзсіз. Ондай  мұраттарға қол жеткізсек, баспа өнерінің  ғылыми іргетасы мемлекеттік тілде толық қаланары айқын.  Теориясы мен тәжірибесін зерттеудің іргетасы мем­ле­кеттік тілде қалыптасқан кәсіптің  ар­найы пән ретінде оқытылуы да  жеңіл.

Баспа өнерінің маманы нені үйренеді?

Оқытушы-профессорлар болашақ редакторға «нені оқытады, нені үйретеді» деген заңды сұраққа берілетін жауаптарды былай таратып айтуға болады: – баспада даярланатын  барлық басылым түрлерінің (кітап, газет, журнал, жарнама-жарлама, т.б.)түпнұсқалық-авторлық мәтіндерін редакциялау, яғни саралау әдістері мен талаптарын; – болашақ басылымның құрамы мен құрылымын ойластыру жолдарын; – басылымның көркем безені жөніндегі өтімді ұсыныстар жасауды; – болашақ басылымның баспалық нұсқасын жасау және оны баспаханаға басуға жіберу жолдары мен үдерістерін үйренуді; – басу түрлерін (жоғары басым, жазық басым, шығыңқы басым, ойыңқы басым, т.б.) және шығынға жұмсалатын затындарды таңдауды; – басылымның көркем безендірлуі мен полиграфиялық талаптарға сай орындалуын бақылауды; – баспалық жобаның бюджетін (өзіндік құн, тиімділік, пайда, т.б.) құрастыруды; – электронды басылымның құрылымы мен мазмұнын жасауды; – баспаханашыларға жәрдем керек  болғанда кітап беттерін жинақтау, бүктемелеу, бекіту әдіс-тәсілдерін; беттеуші-қалыптаушыларға көмек керек болғанда, ең соңғы кәмпитөрлік бағдарламалар көмегімен баспа өнімдерін қалыптау машықтарын; баспа өнімдерін сату алдындағы дайындықты, сонымен бірге тауарды ұсыну жолдарын ұйымдастыруды; – баспа өнімдерін тарату мақсатындағы жарнамалық шараларды дайындау мен өткізу  істеріне араласу мәдениетін; – бір-бірлеп сатып алушылар мен көтере сатып алушыларға қызмет етуді ұйымдастыруды; – баспа өнімдерін таратушы мекемелер құрамын жасақтауды; – Баспаның кітап таратушы ұйымдармен, баспаханалармен, кітап насихаттаушы ақпараттық құралдар өкілдерімен және авторлармен қарым-қатынасын достық рәуіште реттеп отыруды;  – кітап саудасы, баспа өнімдері нарығындағы оқырмандардың  сұранысы мен аңсарын зерттеуді; – баспа саясатын қалыптастыру және үйлестіру, ілкімдендіру жолдарын  үйретеді.

Әр іс нәтижесімен бағаланады

Қазақстанда «баспа ісі» маман­дығы бойынша маман даярлайтын ал­ғашқы және бірден-бір  әлеует­ті жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінің Журналистика факультеті жанын­дағы әуелі «Баспа ісі  және әдеби редакциялау», кейін « Баспа ісі және дизайн» деп аталған,  одан соң бұл салалардың өнерге жақындығы ескеріліп, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» деп өзгерген кафедра.  Әдетте, әр  іс нәтижесімен бағаланады... Университет ректоры Ғ.Мұтановтың да ұстанған бағыты осындай. Университетімізде әркімді істеген ісінің нәтижесіне қарап бағалау, қадірлеу, соған қарап жалақысына үстеме төлеу, басқа да қолдаулар көрсету   қалыптасты. Осы тұрғыдан келгенде кафедрада оқитын студент қандай бағыттарда білім алады және олар нәтижесінде кім болып шығады? Ең алдымен олардың адами құндылықтарды бойына сіңірген, өз Отанының адал азаматы болып шығуына көңіл бөлеміз. Ал енді кәсіби тұрғыда аталмыш кафедрада оқитын студент: беттеуші-қалыптаушы; бильд-редактор; журналист – баспагер; түзеткер (корректор); баспа-полиграфия сарапшысы; кітап сыншысы; әдеби редактор; көркемдеуші редактор; безенші (дизайнер) кәсіби біліктіліктер бойынша машықтанады, мамандыққа сай  білім алып шығады.

Баспа өнері адамды да, қоғамды да байытады

Баспа ісімен айналысқандардың қоғамдағы, тарихтағы орны назар аударарлық. Тегінде баспагерлер – әлемдегі ең бай адамдар. Өйткені олар ешқашан ұтылған емес. Ұтылмайтын себебі – олардың байлығы екі арнадан келіп тоғысады. Басқаларға қарағанда олардың байлығы тіпті өлшеуге келмейді. Өлшеуге келмейтін байлығы – оның рухани байлығы. Адамзат ақыл-ойының алтын қорын жинап алып, тасқа басып сатады, таратады, тарихта қалдырады, сонымен бірге  өзінің сана қорына да жинайды. Рас, қазақ даласында бұл кәсіп өте кеш, ХІХ ғасырдың екінші жартысының аяғына таман келді.  Мұхаметжан Сералин, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Шахмардан Кашафуддинов, Ахмет Байтұрсынов секілді баспагерліктің қазақ даласында бүр жаруына септігін тигізген қайраткерлер көздері тірісінде-ақ халық алдында ең беделді адамдар қатарында болды.  Тарихта да ең игілікті істің басында болған тұлғалар ретінде ұрпақ құрметіне бөленуде.  Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ баспагерлігі  енді-енді алға жылжи бастағанда кеңес үкіметі биледі де, жеке баюға тыйым салды. Дегенмен сол заманда да баспа ісі жалпыға ортақ қазына ретінде жылжыды. Бірақ оның жекекәсіпкерлік қағидалары ұмытылды. Тәуелсіздік  алғаннан кейін Қазақстанда да жекеменшік баспалар пайда болды. «Ататек» баспасы ең алғашқы жекеменшік баспа ретінде әжептәуір іс тындырды. «Атамұра» жекеменшік баспасы кейін ірі корпорацияға айналды. «Мектеп», «Алматыкітап», «Дәуір», «Аруна», «Фолиант» т.б. баспалар қазір ел ішінде үлкен беделге ие.  Ал енді әлемде баспагерлерлік кәсіппен байыған адамдарды ең бай адамдар қатарына қосады. Солар басқарып отырған  конгломераттар мен корпорациялар, компаниялар мен серіктестіктер өз қоржындарында миллиардтап ақша айналдырып отырады. Ондай мекемелердің жыл сайын рейтингі де шығарылып отырады. Соңғы мәліметтерге сүйенсем, мысалы  Ұлыбританияда «Pearson» – 5,290 млрд  еуро; Ұлыбритания мен Нидерландыға ортақ компания «Reed Elsevier» – 5,024млрд еуро; Канадада «ThomsonReuters» – 3,813млрд еуро; Нидер­­лан­­дыда  «Wolters Kluwer» – 3,425 млрд. еуро; Германияда «Bertelsmann» – 2,969 млрд. еуро; Францияда «Hachette Livre « – 2,273 млрд. еуро; Испанияда «Grupo Planeta» – 1,804 млрд еуро; АҚШ-та «McGraw–Hill Education» – 1,666 млрд еуро; Италияда «De Agostini Editore» –  1,616 млрд еуро  қаржысымен әлемдегі елу ірі баспагерлердің алғашқы он­ды­ғында. Алдағы жылдарда бізде де бұл үрдіс экономикамыздың ықпалды тетіктерінің біріне айналады деп сенемін. Сондықтан, халықты да, мемлекетті де  байытудың бір жолы – баспагерлік кәсіп.  Ендеше, ондай кәсіпті оқыту, зерттеу ісіне немкетті қарауға болмайды.

Шешілуі тиіс өзекті  мәселелер бар

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев қазақстан­дықтарға арнаған жолдауын­да «барлық жеткіншек ұрпақтың функ­цио­нал­дық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» дегенде ең алдымен жас ұрпақтың болашақ мамандығын дұрыс таңдауын алға тартып отыр. Ал енді мамандығын таңдаған сол жеткіншектердің арасынан ең қабілеттілерін іріктеп алып, кәсіби құзыреттілікке бейімдеу ісі ЖОО- ның басты міндеттерінің бірі.Осы міндетті жүзеге асыру баспа өнері  мамандығына да тікелей қатысты екені даусыз. Өйткені бұл мамандықтың  өзге мамандықтарға қарағанда өзіндік ерекшелігі және шығармашылық негізі бар. Бұл мамандық бойынша оқимын дегендердің арасынан ең алдымен шығармашылыққа бейімі және көркем ойлау мен көркем жазу қабілеті бар; оқу бағдарламасынан тыс танымдық білігі, парасат пайымы, грамматикалық сауаты жоғары; адамдармен сөйлесу, тілдесу және ілкімді-іскер қарам-қатынас жасау қабілеті мен мәдениеті қалыптасқан талапкерлерді таңдап алу керек. Алдағы уақытта бүгінгіден де жоғары заманауи талаптарға жауап бере алатын құзіретті маман білікті  баспагер-редактор даярлаймыз десек, мына мәселелерді шешіп алу қажет: «Баспа ісі» және «дизайн» мамандықтары бойынша мемлекеттік тілде оқу құралдары мен оқулықтар жазатын  ғылыми дәрежесі бар мамандар санын көбейткен жөн. Ол үшін осы мамандықтар бойынша магис­тратураға грантты көбірек бөліп, солардың арасындағы өте жақсы  бағалармен бітірген қабілетті жастардан ғылыммен айналысатын мамандар даярлау үшін докторантура ашу; Журналистика факультетінде ашыл­ған «дизайн» мамандығы бойын­ша бұқаралық ақпарат құралдарының және баспа өнімдерінің дизайнерлері дайындалады. Сондықтан, жалпы «Дизайн» мамандығына бөлінетін  мемлекеттік грант құрамынан осы сала мамандарына арнайы жеке грант бөлу; немесе «Киім дизайны», «Сәулет дизайны», т.б. секілді «БАҚ дизайны» деген атаумен жеке мамандық ретінде тіркеп, соған грантты бөлек қарастыру; Білім беру сапасын сараптайтын халықаралық агенттіктер ұстаздар құрамының ғылыми дәрежесіне де баса назар аударатыны ақиқат. Егер таразының екі басына тең қарайтын болсақ, ғылыми атағы жоқ, бірақ өз ісінің кәсіби білгір маманы әрі ұстаздық-педагогикалық тәжірибесі мол азаматтар мен азаматшалар қаншама. Солардың еңбегін бағалауға келгенде біз атағы жоқ болғандықтан, кейде екінші кезекке итере салатынымыз өтірік емес. Егер, мысалы, «Баспа ісі» және «дизайн» мамандықтары бойынша ғылым докторлары тұрмақ, ғылым кандидаттары жоқтың қасы болса, онда жаңағыдай майталман мандардың еңбегін елеуіміз керек емес пе? Елейтін болсақ, онда осы мамандықтар бойынша  дәріс оқып келе жатқан оқытушылардың дәрежесін дәл осы саладағы еңбек өтіліне және жариялаған оқу құралдарының санына қарай ғылым кандидаты немесе доцент дәрежесімен теңестіру жөн деп білеміз. Биыл ЖОО оқыту, білім беру бағыттары мен бағдарламаларына өзгертулер енгізуге қатысты министрлік тарапынан болып жатқан жаңа талпыныстарға қатысты мынадай ойларымызды да ортаға  сала кетуді жөн көрдік: Республикамыздың баспа, баспахана және бұқаралық ақпарат құралдары саласы үшін  заманауи технологияларды игерген, бойында қаламгерлік қабілеті бар, кәсіби құзыреттілігі жоғары, білікті баспагер-редактор кадрларды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1998 жылдан «бакалав­риат», ал 2008 жылдан «магистратура» деңгейінде даярлап келеді. Осы уақыт ішінде аталған жоғары оқу орнында ғылыми-зерттеу жұмыстары жолға қойылып, зияткерлік әлеует пен материалдық-техникалық негіз қаланды, салалық оқулық, оқу-әдістемелік құралдар өмірге келді. Бұл мамандықтың негізі редак­торлық шығармашылықта, жазу өнерінде болғандықтан, бұған  дейін Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтары Сыныптамасында «Баспа ісі» мамандығы «Өнер» бағытына енген.Бұл дұрыс еді. Өйткені өзі жаза алмайтын,  шығармашылық әлеуеті төмен адам  өзгенің жазғанын түзете алмайды, демек редактор бола алмайды, сол себептен де талапкерлер оқуға екі турдан тұратын  шығармашылық емтихан арқылы қабылданады. Бұл – заманның өзі талап еткен қажеттілік болатын. Баспагерлік өнерге баулитын ЖОО-ға жазу қабілеті бар, редакторлыққа бейімді талапкерлер қабылданғалы бері бұл салада сапалы маман даярлау ісі де алға басты. Баспагер-редактор – шығар­ма­шыл тұлға. Ол – кітаптың техникалық пішіміне, басылуына, түптелуіне, қапталуына, көбейтілуіне, таратылуына тікелей  жауап беретін техникалық сала маманы емес. Әлемдік тәжірибеде баспагерлер байлық жөнінен алдыңғы орындарды иеленсе де, біздің елімізде табысы мол осынау кәсіп туралы оң пікір қалыптаспай отыр. Ең алдымен бұл мамандыққа мемлекеттік мүдде, ұлттық мұрат тұрғысынан  қарап, баспагер-редакторлар өндірістік-өнеркәсіптік техника саласының емес, шығармашылық саланың маманы екендігіне баса көңіл бөлу керек. Баспагер-редакторлар – баспа редакциясында дайындаған басылымдар арқылы қоғамдық сананы қалыптастырушылар әрі ұлттық идеологияны жүргізушілер, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғаушылар. Ендеше, Қазақстан Республика­сы­ның Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының  жаңа Сыныптамасы жобасындағы «Баспа ісі» мамандығын «Инженерлік мамандықтар» қатарынан алып, қайтадан «Өнер» бағытына жатқызуды, мамандықтың атауын «Баспа өнері» мамандығы деп нақтылап, өзгерткен жөн деп білеміз.

Сағатбек Медеубекұлы,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары