Мешін жылындағы мерейлі жеңістер

Мешін жылындағы мерейлі жеңістер

Мешін жылындағы  мерейлі жеңістер
ашық дереккөзі
235
Жыл аяқталып келеді. Әдеттегідей министрліктер өткен жылға қорытынды жасап, келер жылға жоспарлар түзеді. Биыл Инвестициялар және даму министрлігі көптеген ауқымды жұмыстарды қолға алып, қаншама индустриялық-инновациялық жобалардың тұсауын кесті. Бұған жақында ғана «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру» жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн-режимде бірқатар жаңа өндіріс орнын ашып, Қазақстан бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуға пәрмен бергені басты дәлел.

Жылды табысты аяқтаған министрлік

Телекөпір барысында барлығы 23 ірі өндіріс іске қосылды. Ал жалпы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны, сондай-ақ биыл жыл басынан бері 179,2 млрд теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бергі аралықта жасалған жобалар бойынша 7,5 трлн теңге шамасында өнім өндірілсе, биылғы 10 айда – 1,8 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Жалпы индустрияландыру, инвестиция тарту және елдегі өндіріс орындарына, инфрақұрылымды дамыту салаларында 25 жылда не істелді? Көлік-логистика қалай дамып жатыр? «Ширек ғасырда көлік саласы ауыз толтырып айтарлықтай дамыды және жетістіктеріміз орасан. Бұдан әрі де дами түседі деген сенімдемін. Азаматтық авиацияның даму кезеңдеріне тоқталатын болсақ, Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің негізгі экономикалық және салалық көрсеткіштері өсу және төмендеу түріндегі маңызды өзгерістерге ұшырап отырды. Мысалы, азаматтық авиация саласында 1991-1999 жылдардағы өтпелі кезеңде Қазақстандағы әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар саны 10 есеге қысқарды. 2003-2007 жылдардағы белсенді экономикалық өсу кезеңінде әуе жолаушыларын тасымалдау 108 пайызға өсті. 2007-2008 жылдары ғаламдық қаржылық дағдарыс Қазақстан авиакомпанияларының жолаушыларды тасымалдау өсімін қысқартқан жоқ. 2009 жылдары экономикалық өсімнің жаңғыруы авиажолаушылар тасымалын қайтадан ұлғайтты», – дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Соңғы 5 жылда қазақстандық авиакомпаниялар жыл сайын тасымалдаған жолаушылар саны 44 пайызға, яғни 4,1-ден 5,9 млн адамға дейін өсті. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, 2015 жылы Астана мен Алматы әуежайлары қызмет көрсеткен жолаушылар саны бойынша ТМД-ға мүше-мемлекеттердің ірі халықаралық әуежайлар ондығына кірді (Алматы әуежайы – 6 орын, Астана – 10 орын). Бұл осы саланың ілгері дамығанын көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемнің ірі қалаларымен және әлемнің халықаралық қаржы орталықтарымен әуе қатынастарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде 36 шетелдік мемлекетпен әуе қатынасы саласында үкіметаралық келісім жасасты. Бүгінгі күні әлемнің 24 мемлекетімен аптасына 410 рейс орындалатын 83 халық­аралық бағыт ашылған. Қазақстан ТМД елдерімен – 47 бағыт, Еуроодақ елдерімен – 8, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен – 13, Таяу Шығыс елдерімен – 15 бағыт бойынша әуе қатынасын жасайды. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігінің елде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін көтеру бойынша жүргізген және кешенді іс-шараларды жүзеге асыруының нәтижесінде Еуропалық комиссия 2016 жылдың 8 желтоқсанында отандық әуекомпанияларының ЕуроОдақ елдеріне ұшу шектеуін алып тастау шешімін жариялады. Аталмыш шешім Брюссельде өткен Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеттің қорытынды отырысында қабылданды. Министрлік делегациясы қатысқан отырыста елдегі ұшу қауіпсіздігі жағдайлары туралы ақпараттар берілген болатын. Онда Еуропалық комиссия ескерткен кемшіліктерді жою  бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы даму бағыттары жайында айтылды. Биыл ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті ұшуды пайдалану саласындағы ескертпелерді жойып, Қазақстанда ИКАО стандарттарын енгізу деңгейі 74 пайызға көтерілді.  Сонымен бірге биыл 19-23 қыркүйекте Еуропалық комиссия біздің елдегі ұшу қауіпсіздігіне техникалық бағалау жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан өзінің ИКАО стандарттарын енгізудің тиімділік деңгейін растады. Енді алынып тасталған шектеу отандық әуе компанияларының Еуропаға ұшуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде, Еуропа Одағы елдеріне ұшуға ниетті әуекомпаниялар пайдаланушы үшінші елдердің (TCO) рұқсатын алу үшін Ұшу қауіпсіздігі бойынша Еуропалық агенттіктің (EASA) аудитінен міндетті түрде өтетін болады. Министрлік жалпы авиация саласын әлемдік көшбасшылардың көрсеткіштеріне сәйкестендіру жұмыстарын жалғастыратын болады. Саланы одан әрі дамыту Президент Жарлығымен бекітілген 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымы жүйесі интеграциясы мен мемлекеттік даму бағдарламасында айқындалған. Онда 2020 жылға дейін еуропалық стандарттарды енгізу қарастырылды. Қазақстан оған дейін ИКАО стандарттарын енгізу көрсеткіштерін 87 пайызға арттырып, Италия, Нидерланд, Чехия және басқа да Еуропа елдері сияқты әлемдік мықты 30 авиацияның қатарына кіруді жоспарлап отыр. Машина жасау саласында автомобиль жасау өндірісінің (29,1%-ға) құлдырауынан өндірістің 17,1%-ға төмендеуі байқалады. Аталмыш сегмент жалпы машина жасау өндірісінде (12,3%) үлеспен үшінші орында болса да («машина мен жабдықтарды жөндеуден» кейін – 52,9%ға және «электр жабдықтар» – 13,5%-ға), сонымен қатар, компью­­­тер өндірісі, электронды және оптикалық өнімдер 24,8%-ға, машина мен жабдықтарды жөндеу және орнату 23,1%-ға төмендеген. Соңғы айларда машина жасау өндірісінде өсім тенденциясы пайда болды. 10 айдың қорытындысы бойынша физикалық индекс көлемі 81,7%, 11 айда 82,9%. Автоөндіріс 10 айдың қорытындысы бойынша 70,7%, 11 айда 70,9% жеткен. Автокөлік құралдары өндірісінде шараларды қолданғанның арқасында (жеңілдетілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру, утильдеу мен алғашқы тіркеу жиынтықтары бағдарламасы) өндірушілер өндірісті өткен жылғы деңгейде сақтап қалуды жоспарлап отыр. Теміржол техникалары өндірісінде жыл қорытындысы бойынша Бірыңғай Ұлттық Зейнетақы қорынан бөлінген 17,5 млрд теңге қаржы есебінен жүк және жолаушылар вагоны өндірісінің өсімі 10% болады деп жоспарлануда. Ал электр жабдықтары өндірісінде экспорт көлемін қалпына келтіру есебінен 5% өсім бермек. Сол сияқты машина жасау өндірісінде нақты көлем индексін жыл соңына дейін 80-85% деңгейінде сақтау жоспарланған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құрылыс материалдары өндірісінде 4,6% төмендеуі байқалады. Басты себеп – Қазақстанның 10 аймағындағы құрылыс жұмыстары көлемінің азаюына байланысты жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмау.

 45 елдің азаматтары елімізге визасыз келе алады

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 2017 жылдан бастап 45 мемлекет үшін визасыз режимнің ашылатынын жеткізді. «2017 жылы қаңтардың 1-інен бастап инвестициялық әлеуеті жоғары әрі экономикалық жағынан дамыған 45 мемлекет үшін визасыз режим ашылады. Осы елдердің азаматтары 30 күні бойы Қазақстанда емін-еркін жүре алады», – деді Е.Ыдырысов. Оның айтуынша, визасыз режимге іліккен мемлекеттердің ішінде Австрия, АҚШ, Грекия, Испания, Швеция, Канада, Финляндия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Португалия, Венгрия, Кипр, Бельгия, Сингапур, Монако, Иордания, Малайзия, сондай-ақ ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері бар. «Бұдан бөлек, 48 мемлекеттен тұратын тағы бір тізім бар. Ол бөлек. 45 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Дегенмен, бәрі де тіркеуден өтеді. Ал 48 мемлекетте тұратындар үшін виза алудың жеңілдетілген шарттары қарастырылған. Олар визаны шақыртусыз ала алады», – деп атап көрсетті министр. Айта кетейік, бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те келесі жылдан бастап Қазақстанға 55 елдің азаматтары визасыз келіп-кете алады деп мәлімдеген еді. Министрдің сөзіне қарағанда, осы және басқа да шаралардың арқасында Қазақстан экономикасына 230 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. «Былтыр біз еліміздің 19 стратегиялық әрі инвестициялық әріптесі үшін визасыз режим енгіздік. Осы мемлекеттердің азаматтары екі апта рұқсатсыз жүруге мүмкіндік алды. Енді келесі жылы қаңтардың 1-інен бастап осы санаттағы мемлекеттердің саны 55-ке дейін артады. Визасыз режим бір жақты сипатта енгізіледі. Ал ондай рұқсаттың мерзімі 30 күнге дейін барады», – деп атап көрсетті Ж.Қасымбек. Министрдің сөзіне қарағанда, осы және басқа да шаралардың арқасында Қазақстан экономикасына 230 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды.

Қысқы Универсиада – туристерді тартуға мүмкіндік

ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы аясында ХХVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 кезінде туристік сапарлар ұйымдастыру мәселелері бойынша Алматыда бірқатар кездесулер өткізді. Универсиада – Халықаралық студенттер спорты федерациясы (FISU) аясында студенттер арасында өтетін халықаралық спорт жарысы. 2017 жылы 29 қаңтар – 8 ақпан аралығында өтетін Универсиада кезінде спорттың 12 түрінен 86 медаль сарапқа салынады. Жарысқа 55-тен аса елден 2000 спортшы қатысады. Универсиадаға барлығы 3000 волонтер тартылады. Сондай-ақ, Марат Игалиев Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекцияның бас ғимаратында болды. Кездесуде Қазақстанның туристік қауымдастығымен бірге ел аймақтарында Универсиаданың құрметті елшілері және ресми өкілдерінің қатысуымен роуд-шоу ұйымдастыру келісілді. Алматыда Қысқы Универсиада кезінде туристер үшін бірқатар мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Көптеген арнайы бағдарламалар әзірленуде. Атап айтқанда, эстафета алауы салтанаты, классика, джаз және эстрадалық музыка концерттері, жұмыс орындары жәрмеңкесі, ЖОО таныстырылымы және т.б. шараларды өткізуге Инвестициялар және даму министрлігінің үлесі басым.

Израиль – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі

Астана қаласында Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мырзаның Қазақстанға ресми сапары шеңберінде қос елдің ресми тұлғалары және іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Израиль бизнес-форумы өтті. Бизнес-форумды Қазақстан Республикасындағы Израиль елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастырды. Бизнес-форумның жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Израиль-Қазақстан Билатеральді Сауда-Өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роээ және Израиль мемлекетінің Экономика және өнеркәсіп министрлігінің экономикалық атташесі Элизабет Соловьева қатысты. Қазақстанда 2016 жылдың 1 қарашасында израильдік капиталдың қатысуымен 254 кәсіпорын тіркелген, олардың ішінде 112 кәсіпорын жұмыс істеуде. Израильден Қазақстан Республикасына 2005 жылдан 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін тікелей шетелдік инвестициялар 214 млн АҚШ долларын құрады. Демек, Израиль Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі болып қала береді. Бұл туралы Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің елдеріміз арасындағы ерекше қарым-қатынастың орнауы да тосыннан емес. Оған Қазақстаннан шыққан ондаған мың израильдіктер септігін тигізуде. Олар соғыс кезінде бізге жер аударылып, осы жақтан өз үйлерін, жіті қарым-қатынас, қамқорлық тапты және отандарына қайта оралғаннан кейін де бауырмалдық қарым-қатынасты сақтады. Мен Тель-Авивке барғанымда олар туғанындай қарсы алады. Олар бүгінде достықтың көпірі болып саналады және біздің ынтымақтастығымызға көмектеседі», – деді Елбасы. Қазақстан Президенті Израиль Премьер-министрімен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысына көңілі толатындығын да баса айтты. «Қазір ғана Биньямин Нетаньяху мырзамен келіссөздер аяқталды. Ол ашық әрі сенімге толы өтті. Біз екіжақты өзара іс-қимылдың, халықаралық күн тәртібінің, лаңкестікпен күрестің және өзге де жайттардың кешенді мәселелерін талқылап, өзекті мәселелерге қатысты пікір алмастық», – деп атап өтті Назарбаев. Қазақстан мен Израиль арасында ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. «Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен инвестициялық ынтымақтастық негізінде қалыптасуда. Оның нығаюына израильдік капитал салынған 270 кәсіпорын өзінің маңызды үлесін қосады. Жеке кездесуіміз барысында екіжақты қарым-қатынастың экономика, инвестиция, саясат салалары, лаңкестікпен күрес сынды кең ауқымды мәселелерін талқыладық. Сіздің бүгінгі сапарыңыз және бизнес форумды өткізу – біздің іскерлік қарым-қатынасымызды кеңейтуге септігін тигізеріне және жаңа сапалы деңгейге көтеретіндігіне үміт артамыз», – деді Назарбаев. Осы орайда Елбасы Қазақстан-Израиль серіктестігін әртараптандыру маңыздылығын атап өтті және шикізаттық модельден өндіріске көшу үшін бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік бар екендігін айтты. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты еселей түсетін саланы да атады. «Ауыл шаруашылығы біздің ең басты түйісу нүктеміз саналады. Бұл жайында мен сізге айттым да. Бізде ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізу үшін бірегей мүмкіншілік, ал Израильде алдыңғы қатарлы технология бар. Біз бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Бірлескен комиссия құрып, бұл мәселеде нақты шарт әзірлейтін боламыз. Өнімнің барлық түрін қайта өңдеу, жерді суландыру – бұл біздің сіздерден алғымыз келетін мәселелер. Сіздің сапарыңыз аясында бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. Осыған арқа сүйей отырып, біз нақты жұмыстар жүргізе аламыз», – деді Елбасы. Қазақстандық және израильдік кәсіпкерлер инновациялар және агроөнеркәсіптік кешен сияқты экономикалық секторларда табысты ынтымақтасуда. Кейінгі уақытта Қазақстанда израильдік серіктестермен бірлесіп ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жалпы сомасы 86,5 млн АҚШ доллары болатын 7 жаңа жоба іске асырылған. Олар – электрондық құрылғыларға арналған баспа платаларын өндіру; қаржы және сақтандыруда – бірлескен Bank Hapoalim коммерциялық банкін құру; агроөнеркәсіптік кешені бойынша – Алматы облысында және Астана қаласында жылыжай кешенінің құрылысы, тамшылатып суарудың жаңа жүйелерін енгізу, Солтүстік-Қазақстан облысында бройлер құс фабрикасының құрылысы сияқты жобалар бар; инфрақұрылым бойынша – Маңғыстау облысының аумағында теңіз суын тұщыту қондырғысының құрылысы бар. Қазіргі уақытта медициналық сақтандыру желісін және «Архимедес Қазақстан» медициналық орталықтар желілерін құру бойынша жоба іске асырылуда. Бизнес-форум кезінде оның қатысушылары Израильдің инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ инфрақұрылым, жаңа технологиялар, химия және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы келесі жобалардың келешегін талқылады. Олардың қатарында модульдық құрылғылардың өндірісі, ЗD – принтерлерге және аддитивті машиналарға арналған мамандандырылған ұнтақтардың өндірісі, лак-бояу бұйымдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы учаскелерін құру жобалары бар. Бизнес-форумда қазақстандық және израильдік тараптардың арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды. ҚР Білім министрлігі мен Mitrelli израильдік компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, «Корпорация БАЗИС-А» ЖШС мен BAL International LTD арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, «Damar» ЖШС мен EGRZ FOOD LTD арасындағы келісімге және тағы да басқа келісімдерге қол қойылды. Бизнес-форум жұмысына қос елдің бизнес және үкіметтік емес ұйымдарының 400-ден астам өкілі қатысты. Израиль тарапына Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы, инвесторларға арналған, оның ішінде шағын және экономиканың басым саласындағы орта бизнесті ынталандыру топтамасының тұсаукесері мен экономикалық аймақтардың және индустриалдық аймақтардың тұжырымдамалары таныстырылды. Пленарлық сессиялар мен екіжақты кездесу кезінде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, су шаруашылығы, қауіпсіздік және жасыл энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады. Бүгінде Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 306 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстандық экспорттың үлесі 219,1 млн АҚШ долларын, импорттың үлесі 86,9 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорттың негізгі баптары: минералдық отын, мұнай, тұз және күкірт, ұшу аппараттары, бағалы емес металлдар және дақылдар болып табылады. 2016 жылдың 9 айында тауар айналымы 237 млн АҚШ долларын құрады. Импорттың негізгі баптары: электр машиналары және жабдықтар, ядролық реакторлар, қазандықтар және механикалық құрылғылар, оптикалық аспаптар және аппараттар, көкөністерді және тыңайтқыштарды өндеу өнімдері болып табылады. Ал Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» Акционерлік қоғамы – қазақстандық шикізаттық емес экспортты ілгерілету мен дамытуға және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ететін ұлттық даму институты.

Мемлекеттік метрологиялық бақылау саласы қысқарады

Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Стандарттау туралы» Заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды. Заң жобасының мақсаты өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін, адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлттық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ, инновацияны тиімді енгізуді қолдау және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту. «Дамыған елдер тәжірибесі негізінде заң жобасына Ұлттық стандарттау органы енгізілді, ол стандарттау бойынша барлық үдерістерді үйлестіреді.  Ол барлық мүдделі тараптарды (мемлекет-бизнес-тұтынушылар) есепке алып, консенсус негізінде стандарттар қабылдау үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұның нәтижесі бәсекелестік орта қалыптастырып, ішкі және сыртқы нарықта сенім тудыратын стандарттар болуы керек», – деді министр Ж.Қасымбек. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ҚР 6 кодексі мен ҚР 43 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуден тұрады. Ол өлшемдер бақылауын қамтамасыз етуді халықаралық модельге сәйкестендіруді көздейді. Бірінші кезекте салыстырып тексерудің орнына эталондарды калибрлеу енгізіледі. Бизнестің қосалқы шығындарын болдырмау үшін салыстырып тексеруді калибрлеу нәтижелері бойынша рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге сәйкес, адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, әділ сауданы қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызды қызмет салаларын қалдырып,  мемлекеттік метрологиялық бақылау саласын 11-ден 6 позицияға дейін қысқарту қарастырылған. «Заң жобасын қабылдау арқылы ұлттық стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесін халықаралық модельмен үйлестіру, консенсустық ұлттық стандарттар қабылдау, өнім, жұмыс және қызметтер сапасын дамыту мен инвестициялар тарту үшін жағдай жасау және инновациялар енгізу мен технологиялар трансфертін ынталандыру сияқты нәтижелерге қол жеткіземіз», – деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Биыл қазақстандықтар 39 мың жаңа көлік мінді

Автомобиль жолдарына қатысты көп айтуға болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін барлық салаға түскен ауыртпалық сияқты, автомобиль жолдарының мәселесі де күрделене түсті. Түрлі қаржылық дағдарыстар болды, қаржы тапшылығын да еліміз бастан өткерді. Бірақ Елбасымыздың ұстанған дұрыс саясаты мен батыл шешімдерінің нәтижесінде экономикалық ахуалымыз артып, дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Экономиканың негізгі күре тамырларының бірі болып есептелетін автомобиль жолдарына айрықша көңіл бөлінді. 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан астам 11 автожол жобасының іске асырылуы қарастырылған. Бұл жобалар бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатыр. Жол құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруінің нәтижесінде бүгінгі күні Астана-Теміртау, Астана-Павлодар, Алматы-Қорғас, Ташкент-Шымкент, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Көкшетау-Петропавл және Бейнеу-Шетпе учаскелерінде 920 шақырым асфальт-бетон және цемент-бетон жамылғысы салынды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Көкшетау-Петропавл қалалары учаскелерінде жол қозғалысын толық ашу жоспарланған. Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 75 мың жұмысшы тартылған 8 автожол жобасы іске асырылуда. Жалпы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстар бұдан әрі де жалғасатын болады. Сонымен қатар, Павлодар қаласында ұзындығы 12 шақырым болатын Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелін және Қостанай қаласында Тобыл өзені арқылы өту көпірін пайдалануға беруге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек ұзақтығы 2 787 шақырым болатын «Батыс-Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аяқталуға жақын. Биыл жыл соңына дейін жобаның Қазақстан территориясындағы учаскелері толық пайдалануға беріледі. Ал Қазақстанда жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктер нарығына қатысушылардың 2016 жылғы жұмысының алдын ала қорытындысы шығарылды. 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында ресми дилерлер жаңа 38 799 жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильдер сатқан, бұл өткен жылғы көрсеткішпен (88 396 дана) салыстырғанда 56 пайыз төмен. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, сатып алынған 29 357 автокөлік (76%) – импорттық өнім, ал қазақстандық автозауыттардың көліктерін 9422 (24%) сатып алушы таңдаған. Республика аумағындағы жаңа жеңіл автокөліктерді бастапқы тіркеуден өткізудегі ресми дилерлердің үлесі 95 пайызды құрады. Қазақстандықтар ең көп сатып алған көлік брендтері де анықталды. Бұл рейтингте Toyota көш бастап тұр: 2016 жылдың 11 айында республика аумағында жапондық марканың 7 592 көлігі сатылған. Lada үлгісін 7 300 сатып алушы таңдаған. Үшінші орында 3 448 көлік сатқан – Renault маркасы. Үздік бестікке Hyundai (3 248 дана) және KIA (3 012 дана) маркалары еніп отыр. Халықтың сұранысына ие болған өзге де көлік үлгілері: Hyundai Accent (1 437 дана); Volkswagen Polo (1 436 дана); Toyota Land Cruiser Prado, (1 186 дана); KIA Rio (1 150 дана); Renault Sandero (1 149 дана); Toyota Land Cruiser 200 (1 058 дана); Toyota Rav4 (1 028 дана); Hyundai Elantra (900 дана); Lada Largus (746 дана); KIA Sportage (664 дана); Renault Logan (587 дана); Toyota Corolla (545 дана); Toyota Hilux (544 дана); Lada Kalina (528 дана); Skoda Rapid (475 дана). Ағымдағы жылдың 11 айында жеңіл автокөлік сатып алуда белсенділік танытқан қалалар: Алматы (11 827 көлік сатылған), Астана (6 803 дана), Атырау (2 831 дана), Шымкент (2 025 дана), Қарағанды (1 988 дана), Өскемен (1 942 дана), Қостанай (1 787 дана), Ақтау (1 745 дана), Орал (1709 дана) және Ақтөбе (1 457 дана).  

Серіктес жаңалықтары