50339
Павлодарда балықшы суға батып бара жатқан үш баланы құтқарып қалды
Павлодарда балықшы суға батып бара жатқан үш баланы құтқарып қалды
Павлодар облысы Приреченск ауылындағы Ертіс жағасына балық аулауға барған 33 жастағы Андрей Карандашов суға батып бара жатқан балаларды құтқарып қалды. Оқиға 13 шілдеде болған. Бұл жайында белгілі блогер Александр Цой әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады деп хабарлады turkystan.kz.
«...Үйге қайтайын деп жатқанмын. Қармағымды жинап жатқан кезде жағадан он метрдей қашықтықтан екі баланы көрдім. Оларға айғайладым, жауап бермеді. Екінші рет айқайладым, тағы да үндемеді. Балалардың су жұтып қойғанын сол кезде түсіндім. Дереу суға сүңгідім. Жүзіп бара жатып үшінші баланы көріп қалдым. Алдымен біреуін, одан кейін екіншісін жағаға алып шықтым. Осы кезде көз қиығымен үшіншісін бақылап тұрдым. Ол суға батып кеткен еді. Оның артынан суға түстім, ол су түбінде жатты. Қарманып жүріп оны да алып шықтым», - деп еске алады Андрей.Оның айтуынша, екі бала бірден өз-өзіне келген. Ал үшіншісінен тіршілік белгісі байқалмаған. Осы кезде балықшы әр секундтың қымбат екенін түсініп, қолынан келгенін аямайды. Жасанды тыныс алу тәсілін қолданып, баланың жүрегіне массаж жасайды.
«Бар ойым балаларды құтқару болды. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Үшінші балаға жасанды тыныс алу тәсілін қолданып, жүрегіне массаж жасадым, ештеңе көмектесер емес. Сол сәтте «оны құтқара алмай қаламын ба?» деп қатты қорықтым. Сосын бүйірінен аударып, арқасынан қаға бастадым. Бір кезде баланың өкпесіндегі су шығып, дем ала бастады. Сол кезде толқығаннан қолым дірілдеп кетті», – дейді балықшы.Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері балаларды ауруханаға алып кеткен. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер тұрғынның дер кезінде әрі сауатты жасаған іс-әрекетінің арқасында ұлдар аман қалғанын айтып отыр. Құтқарылған балалар ағайынды болып шықты. Екеуі жеті жастағы егіздер. Ал үлкен ағасы тоғыз жаста. Ата-анасының айтуынша, олар ешқашан үлкендерсіз өзенге бармаған. Бұл жолы ересек достарымен барыпты. Су жағасында жүгіріп келе жатып құлып кеткен біреуін ағыс тартып әкетеді. Оған көмектесуге ұмтылған егіздер де суға батып кеткен.