50281
Бір үйдің үш баласын құтқарған балықшыға пәтер берілді
Бір үйдің үш баласын құтқарған балықшыға пәтер берілді
Ертіске батып бара жатқан үш баланы құтқарған Павлодар тұрғынына пәтер берілді деп хабарлады turkystan.kz.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақтоғай ауданының тұрғыны Андрей Карандашовқа алғыс айтып, үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады деп жазды ҚазАқпарат. Төтенше жағдай 15 шілде күні Ақтоғай ауданының Приреченск ауылында болған еді. Бір отбасының жеті жасар егіз ұлы мен олардың тоғыз жастағы ағасы Ертіске батып кете жаздады. Ауылдастарының жедел әрекетінің арқасында балалардың үшеуі де аман қалды. Ол балдырғандарға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек те көрсетті.
Облыс әкімі Андрей Карандашовқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен үш бөлмелі үйдің кілтін сыйлап, ерлігі үшін алғыс айтты.
«Бұл - ерлік қана емес, біз үшін баға жетпес және сіз құтқарған балалар үшін аса маңызды нағыз қаһармандық әрекет. Өңірімізде сіз сияқты азаматтар болғанына мақтанамын. Ата-анаңызға өзіңіздей еліміздің адал азаматын тәрбиелегені үшін көп рахмет. Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс айтамын», - деді Әбілқайыр Сқақов.Андрей Карандашов - Ақтоғай ауданындағы Приреченск ауылының тумасы. Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Қазір «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін оның отбасы жалдамалы үйде тұрған еді. Бұған дейін отыз үш жастағы ауыл тұрғынын Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті және Ақтоғай ауданының әкімдігі марапаттады.
Андрей Карандашовтың ерлігі туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Фото: inform.kz