Айбергенов туралы кітап жарық көрді

Айбергенов туралы кітап жарық көрді

Айбергенов туралы кітап жарық көрді
ашық дереккөзі
1057
Әр халықтың ұлттық әдебиетінде өзінің ардақ тұтар ақындары болады. Қазақ үшін сондай құрметі биік таланттардың бірі – Төлеген Айбергенов. Пәниде аз ғұмыр кешсе де артына өлмейтін туындылар қалдырып кеткен Төлеген ақынды туған халқы әрдайым еске алып, оның мұраларын қадірлеуден танған емес. Оған ақын дүние салғаннан бері қайта-қайта басылып шығып жатқан кітаптары мен ақынға арналған естеліктер мен мақалалардың, арнау жырлардың жариялануы, ақынға арналған түрлі мәдени іс-шаралардың өтіп жатуы дәлел. Төлеген Айбергеновтің 60, 70, 75, 80 жыл­дық мерейтойлары тұсында ол туралы естеліктер мен мақалалардың, арнау жырлар­дың басын қосқан «Біргемін мен сендермен», «Жан еді өлең үшін жаратылған» атты есте­ліктер кітабы, төрт томдық шығармалар жи­нағы жарық көріп, «Айбергенов әлемі» атты деректі фильм көрермен назарына ұсынылып, «Айбергенов әлемі» журналы шыға бастады. Сондай-ақ ақынның 80 жылдығы қарсаңында Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларында ғылыми конференциялар өтті. Оның материалдары Ақтау, Шымкент қалаларынан шыққан кітап­тарға енгізілді. Биыл ақынның дүниеге келгеніне 85 жыл толды. Осыған орай жақында Маңғыстау облысындағы «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының қолдауымен Төлеген Айбергеновке арналған «О, менің байтақ мекенім» атты кітап басылып шықты. Маңғыстаулық ұстаз, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қоңыратбай Испановтың құрастыруымен «Ақмешіт Баспа үйінің» баспасынан жарық кө­ріп отырған бұл кітапқа Төлеген Айбергенов туралы жазылған Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы», маңғыстаулық қаламгер Әзірбайжан Қонарбаевтың «Төлеген мен Шәмші келіп Таушыққа», белгілі ақын, бірнеше әдеби сыйлықтардың лауреаты Светқали Нұржанның «Жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей», ақын Сабыр Адайдың «Төлеген Айбергенов – ұлттық рухтың бұлбұлы», ақын Ахмет Өмірзақтың «Жырдың жарық жұлдызы», «Аруана – бауыр дүниені аңсаған», «Қазақ жырының қасиетті тұлғасы» атты мақалалары мен ақындар Рахмет Аяпбер­ген­ұлы­ның, Светқали Нұржанның арнау жырлары енгізілген. Сондай-ақ Төлеген Айбер­геновтің түрлі тақырыптағы он төрт өлеңі беріліп, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамашылығымен өткен түрлі әдеби-мәдени, спорттық іс-шаралар туралы материалдар мен суреттер кіргізілген.

Қоңыратбай Испанов, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі:

– Төлеген Айбергенов – қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 60-жылдарында келген аса та­лантты ақындардың бірі. Оның артында қал­ған әдеби мұралары – ұлтының рухани қазы­на­сына қосылған жауһар дүниелер. Сондықтан мұндай ақынды ардақтау бәріміздің парызымыз деп білемін. «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры осыдан бес жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері қор­дың бастамашылығымен Төлеген Айбер­генов­тің 80 жылдығы тұсында Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларында ақынға арналған халы­қ­ара­лық деңгейде ғылыми-тәжірибелік кон­ферен­циялар, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларында әдеби кештер өткізілді. Сондай-ақ 2018 жылдан бері жасөспірімдер арасында Төлеген Айбер­геновке арналған қазақ күресінің республи­калық турнирі өткізіліп келеді. Сондықтан биыл Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығы мен «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының құрылған 5 жылдығына орай «О, менің байтақ мекенім» атты кітапты шығарып отырмыз. Кітапта кіргізілген материалдарда Төлеген Айбергенов шығармашылығының Маңғыстау өлкесімен байланысына баса мән берілді. Себебі ақын шы­ғар­­машылығында Маңғыстау тақырыбы ерек­ше орын иелейді. Оның «Мұнаралар», «Шев­ченко – мұнай ор­да­сы», «Төстегі жаңғырықтар», «Күй­лер», «Сыр­ласу», «Қимастық», т.б. көптеген ға­жайып лири­ка­лары осы өлкеге келіп, шабыт­тану­дан туған. Шығарып отырған кітабымыз ақын рухына деген құрметіміз және биыл оның туғанына 85 жыл толуына орай оның шығармашылығын на­си­хаттауға қосқан аз ғана үлесіміз деп санай­мыз.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА

Серіктес жаңалықтары