Аралдың айтылмаған арманы бар

Аралдың айтылмаған арманы бар

Аралдың айтылмаған арманы бар
ашық дереккөзі
268
Ол – Қуаныш, мен – Қуандық. Екеуміздің арамыз үш-ақ жас, үш көйлек бұрын тоздырған үлкендігі бар. Оның кіндік қаны тамған жері – Арал болса, менікі – Шиелі. Аралдың айтылмаған арманы бар, Шиелінің шертілмеген мұңы бар. Осының бәріне Қуан досыммен туған топырақты басқанда көзім жетті. Елі мен жері азаматты қалай сыйлайды екен деп, іштен тынып тұрасың. Ер азаматты сыйлау оңай нәрсе емес. Бұл оның қолына қалам ұстап, мәртебеге жеткен деңгейі. Осыны азды-көпті айтып өтсем деймін. Оның талантты жастардың топтамасы «Арман қанатында» жарияланған «Жалғыз желкен» әңгімесі мен ең соңғы «Инсульт» атты әңгімесінің арасында қандай қиғаштықтар бар? Қандай жаңалық пен жетістікке қол жеткізді? Осыған тоқталайық. Арадағы кеңінен көсілген көсемсөзі бөлек әңгіме. Ал, кірісейік. Ол осыдан алпыс бес жыл бұрын Бөгенге кіндік қаны тамып, Сыр суына малшынып туған азамат. Бөген – қайықтың, шананың табаны мен қабырғасын бекітіп тұратын ағаш. Оның ағашы мықты. Қайық – оның бала күнгі мінсем деп жүрген арманы. Кеме – болашағы. Ал теңіз – өмір бойғы мұңы, өмірлік проблемасы, шығармашылық фабуласы. Арал атақонысы дедік қой. Аралды Әбдіжәмилден артық жазған ешкім жоқ, бірақ соңынан ерген Қуаныштай ізбасарлары «ат тұяғын тай басып» келе жатыр. Тек соны елеп-ескеріп, біздің де алпыстан асқан мықтыларымыз бар екен-ау дейтін әдебиеттің көзі мен құлағы, кешегінің Сәбеңдері мен Ғабеңдері болса. Біз соған зәруміз. Қуаныш өмір бойы теңізді «жырлап» келеді, соның мұңын мұңдап, қайтсем де қалыспаймын деп келе жатқан қаламгер. Оқырманы оны іздейді, бізге керегі де осы емес пе? Тұңғыш повесі «Жалғыз желкен» сол өңірдің экологиясын көтерген, жас ұрпақтың тәрбиесін суреттеген тамаша шығарма. Бірінші планда тағы да Арал. «Теңіздегі бір тамшы» повесінің айтары да аз емес. Теңіз оның мөлтілдеп тұрған көз жасы сияқты. Теңізді мен жаза алмаймын. Ол жеріне жеткізіп жазады, өйткені теңіз әкесі мен шешесі сияқты, тілін тауып сөйлесіп, аяқ-қолын тең тастап, еркін көсіліп, еркелеп жатады. Оның кейіпкерлерін талдап, талқыға салып керегі жоқ. Олар өзді-өзі сырласып, тіл табысып кетеді. Ар жағында бала күнгі өзінің бұғанасын бекіткен Бөгені тұр. Бөгеннің не екенін аралдықтар бүге-шігесіне дейін біледі. Досымның бөгені мықты екеніне мен сенімдімін. Ол – қаламгер, өмірдің соқтықпалы-соқпақтарымен күн сайын қақтығыста, қайшылықта жүреді. Жазушының ауруы да осы емес пе? Ол сонымен ауырмаса жазушы бола ма? Кесел мұны да меңдеген. Ең бастысы, кесел жұқтырып ап, оқырманын емдеуге құлшына кіріскен. Бұл жағынан жеткен жеңісі мол. «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын» – ел-жұртты қорқытқан да қуантқан да шығарма. Адамзат бәрін біліп жүреді, «жүрек шіркін дүрсілінен танбайды» (Қадыр). Осының бәрін қаламгер қалай сезіп, қалай біледі. Біздің инженер мен агрономнан артықшылығымыз да осы емес пе?! Мен досымның осы жетістігіне мерейім тасиды. Ол 2016 жылдардың орта шенінде жазған әңгімесі «Инсульт»-те таза адамның жан-дүниесін сомдауға тырысады. Инсульт – медицинадағы айықпас кеселдің бірі. Қаламгер соны қаламмен емдесем дейді. Мәселе көлемде емес, көңілде. «Ана тілінің» бір беті Ибадулла деген иманды адамның бейнесін сомдап тұр. Ол «өле салайын десе, әлгі құлдыраңдап, апта сайын үйге келгенде аталап бірі мойнына, бірі арқасына жабысатын жаман немерелерін қимайды. Өмір солармен тәтті боп бара ма қалай?» Кейіпкер Ибадулла кез келген адаммен күліп амандасады. Қуаныштың кейіпкері де сондай. Шолоховтың сөзімен айтқанда, «біз шын жүрегімізбен жазамыз, бірақ жүрек шіркіннің партияға бағынатынын қайтерсің». Бәріміз сондаймыз. Қуаныштың осыны дәл бергенін қарашы. Бұл әзірге біздің бойымыздан кете қоймайтын қасиет. Кеңестік әдебиеттің кешегісі, тәуелсіз елдің бүгінгі бейнесін біз өрнектемегенде кім өрнектейді?! Көркем дүниеде «Жалғыз желкен» мен «Инсульт»-тің арасында оның қаламына тағы қандай дүниелер, кесек бейнелер үйірілді десек, «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Қателесесің қымбаттым», «Жиделі тоғайдағы жеті күн» – осы үш шығарма ағашы мықты аттасымның есімін Бөген мен Аралдан асырып алып кетеріне кәмілмін. 70-жылдар мен 80-жылдарда көсемсөзде баспасөз бетінде қол бұлғап кім көрінді десек, Қуаныш Жиенбайдың желкен боп желкілдегені әмбеге аян. «Лениншіл жас» бәрімізге жол салған өткел болды, сол өткелде Қуаныш журналистикадан өзін аяған жоқ. Газеттің таңды таңға ұрған кезекшілігінен де, оқырманның көңілін аулаған маңызды тақырыптан да жігіт өзін жатсынбады. Оның есесіне өмір көрді, ел аралап «Лениншіл жас» жіберген жерлерді журналистік сыр-сұхбатпен шарлап, барлық облысты табанымен таптап, суын ішіп, шаңын жұтты. Ол ұтылған жоқ. Қазақтың барлық жері Жиенбайдың ауылы. Қайда барса да оны өз баласындай қарсы алып, күтіп алып, шығарып салып жатты. Ол қашан да достарының мәртебесін асырудан шет қалған емес. Шет жерде жүрмін, алыстамын демейді, лебізін білдіріп, сағынышын сездіріп, шығармашылық көңілін қоса айтып, қашан да дос пейілін домбыраның егіз шегіндей күмбірлетіп қоса жеткізіп тұрады. Дос көңілге не жетсін! Қаламгердің жеңісі мен артықшылығы да осы. «Достықтың арнасы кең, тамыры терең». «Ат тұяғын тай басар» кезең де келіп қалды. Осы жұрт інілерінің алтыншы ондықтың бел ортасына иек артқанын білер ме екен?! Қазақ бәрін біледі. Тек осыған келгенде самарқау...  

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Серіктес жаңалықтары