50381
Еліміздегі ғылым саласының дамуына үлес қосқым келеді – Мадияр Қасымалы
Еліміздегі ғылым саласының дамуына үлес қосқым келеді – Мадияр Қасымалы
Биыл Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен химиядан халықаралық олимпиадада (IChO-2022) Қазақстан оқушылары үлкен жетістікке жетті. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің атынан қатысқан 4 оқушы 1 алтын, 3 күміс медаль алғанын қуанышпен хабарлаған болатын. Әлемнің 83 елінен 300-ден астам оқушы бақ сынаған жарыста бәрінен оза шауып, алтын медаль олжалаған Қарағанды қаласының №1 Білім-инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мадияр Қасымалы болды. Ол Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтынды әкеліп отыр. Беделді білім сайысының жеңімпазы turkystan.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Мадияр, мұндай халықаралық сайыста жеңіске жету жан-жақты ізденісті, еңбекті талап етеді. Өзіңнен осындай нәтиже күттің бе?
– Иә. Мұндай үлкен жарыстарға қатысу үшін жақсы дайындық керек. Былтыр да осы олимпиадаға қатысқан болатынмын. Ол кезде күміс медаль алдым. «Биыл былтырғыдан жақсы нәтиже көрсетуім керек» деп, алдыма үлкен мақсат қойдым, «алтын» алуға бар күшімді салдым.
– Қиын болған жоқ па, қандай тапсырма берілді?
– Олимпиада онлайн өтті. Тоғыз есеп берілді. 5 сағатта шығару керек. Әр есеп 2-3 беттен тұрады, ауқымы кең. Бір есептің 8-15 пункті бар. Тапсырма көп болды. Аса қиынға соқты деп айта алмаймын. Мұндай жағдайда тапқырлықпен қоса жылдамдық та үлкен рөл ойнайды. Дайындық кезінде проблемаларды уақытында шешу дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлдім. Сүйікті бөлімім – органикалық химия. Ол негізгі ұғымдар арқылы осы әлемнің құрылымын түсіндіреді.
– Дайындықты қай кезден бастадың?
– Білім-инновация лицейінде 7-сыныптан бастап тест тапсырып, олимпиадаға дайындайды. Химия пәнін кездейсоқ таңдадым. 7-сыныпқа дейін химияға қатты дайындалмаған едім. Негізі, карантин кезінде үйде болдық қой, сол кезде уақытты тиімді пайдаланайын деп осы пәнді тереңірек оқыдым. Өз бетіммен дайындалдым.
– Олимпиада онлайн өткенін айтып отырсың. Алтын медальді табыстады ма?
– Әлі табыстамады. Жақында алып келеді.
– Осы пәнді оқуда бағыт-бағдар берген жетекшің туралы қысқаша айтып өтсең.
– 7-сыныпта Есік қаласындағы Білім-инновация лицейінде оқыдым. Ол кезде ұстазым Дамир Исаков болды. Қарағанды Білім-инновация лицейіне ауысқанда ұстазым Абылай Саматов білім берді.
– Министр биыл алғаш рет осы олимпиаданың жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарына түсе алатынын айтты. Қай жоғары оқу орнын таңдадың?
– Иә, биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдау шараларына ие болып отыр. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өзіме келетін болсақ, Назарбаев университетіне тапсырдым.
– Қандай мамандық иесі болғың келеді? Болашақта шетелге барып еңбек ету ойыңда бар ма?
– Болашағымды химия саласымен байланыстырамын. Шетелге бару ойымда жоқ. Қазақстанда қаламын. Еліміздегі ғылым саласының дамуына үлес қосқым келеді.
– Бәрекелді! Отбасың туралы айтып берсең.
– Ата-анам бар. Үйде үш баламыз. Мен үлкенімін. Өзімнен кейін қарындасым және інім бар.
– Әңгімеңе рақмет! Бағындырар белестерің көп болсын!
Сұхбаттасқан
Эльмира Жақсыбайқызы