Сапа маңызды, сан да керек...

Сапа маңызды, сан да керек...

Сапа маңызды, сан да керек...
ашық дереккөзі
501
Пандемия кезінде елімізде туу көрсеткіші күрт өсіп, 1987 жылғы рекорд жаңарғаны туралы ақпарат құралдары жарыса жазғаны есте. Ал Ұлттық статистика бюросының биылғы мәліметінде көрсет­кіш­тің төмендегені байқалады. Одан бөлек, еліміздегі оқиғалар мен өз­герістерге, сырттағы геосаяси ахуалға байланысты көші-қон деректе­рінде де өзгерістер бар екені айтылып жүр. Былтыр тамызда еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті деп сүйін­шілеген болатынбыз. Соңғы үш жыл­да ел халқының саны 2,6 пайызға өс­кен. Ал пандемияға дейін көші-қон саль­досы бірнеше жыл қатарынан теріс көр­сеткіш көрсеткені біраз алаңдатқан еді. Қазіргі жағдай қандай? Елдің бүгінгі де­мографиялық ахуалына шолу жасап көре­лік. Көрсеткіш кеміген Ұлттық статистика бюросы жария­ла­ған елдегі бала туу көрсеткіші туралы мә­ліметтерге қарасақ, көрсеткіш был­тыр­­ғыға қарағанда 7 пайызға төмен­де­генін байқауға болады. Нақты деректермен дәйектер бол­сақ, биыл алғашқы 5 айда 161,5 мың сәби дүниеге келген, бұл – өткен жыл­ғы қаңтар-мамырдағы қорытын­ды­мен салыстырғанда 7,8 пайызға аз. Бұ­ған дейін карантин кезінде елімізде дү­ниеге келген сәбилер саны көбейгені, сәй­кесінше 1987 жылғы рекорд көрсет­кіш­тен де асып түскені айтылған бола­тын. Жалпы, 2020 жылы елде 426 824 бала дүниеге келіпті, бұл 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 24 514 балаға көп. Жарық дүние есігін ашқан сәбилер санының өсуі 2020 жылғы III тоқ­сан­нан бастап байқалады – туғандар саны 116,7 мың­ға жетіп, 2019 жылғы сол кезеңге қарағанда 8,4 пайыз көрсеткіш тіркелген. 2020 жылғы IV тоқ­санда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5 пайыз артық болыпты. Ал 2020 жылғымен са­лыстырғанда 2021 жылғы I-II тоқсандардағы өсім 8,4 және 10,7 пайызға жеткен. Елдегі дүниеге келген сәбилер санының өсуі белгілі бір дәрежеде пан­де­мия және карантинмен байланыстырылған бола­тын. Әлем елдерінің біразында бұл аралықта туу саны, керісінше кеміген. Дегенмен былтыр жарияланған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» зерт­теуінде елімізде 2020 жылы бала туу көрсеткіші өсуі­нің неғұрлым ықтимал себебі деп 2020 жылғы 1 қаң­тардан бастап жаңа жәрдемақының енгізілуін ата­ған екен. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, пан­демия мен карантиннің бұл көрсеткішке ық­палы аздау болған. Биыл дүниеге келген балалар саны был­тыр­ғыға қарағанда азайғанымен, жалпы халық саны бір жылда 1,3 пайызға өсіп, 19 миллионнан асқанын айта кету керек. Көші-қон деректерінде өзгеріс байқалады 2022 жылғы қаңтар-мамырда елге келгендер са­ны 6 227 адам болса, кеткендер саны 9 034 адамға жеткен. Көші-қон сальдосы теріс көрсеткіш көр­сетіп отыр (2 807 адам). Ал 2021 жылғы қаңтар-ма­­­мырда елге келгендердің саны 3 662 болса, елден кет­кендердің саны 9 862 адамға жетіп, көші-қон саль­досы 6 200 адам болған. Екі жылғы деректі са­лыстырар болсақ, көшіп келгендер саны екі есе өскені байқалады. Эмигрант саны да азайған. Естеріңізде болса, көші-қон сальдосының те­ріс көрсеткіші, яғни мигранттар мен эмиг­рант­тар санындағы үлкен алшақтық талай жыл­дан бергі мәселе болып келген. Елден кеткісі ке­ле­тіндердің үлесі көп болуының себебі мен сал­дарын да саралаған едік. Одан бөлек, сәуірде елге Ресей азамат­тары­ның келуі былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскені туралы ақпарат жарияланған болатын. Мұндай мәлімет тек отандық БАҚ-та ғана емес, көрші елдің жауапты мекемелері таратқан деректерде де айтылған еді. Сонымен, 2022 жылғы бірінші тоқсанда Ресейден Қазақстанға 204 947 адам келген. Мұн­дай дерек Ресей Федерациясының барлық ве­дом­ствоаралық статистикасы жиналатын EMISS – бүкіл ресейлік платформада жарияланды. 2022 жыл­ғы қаңтар-наурыз айларында Ресейдің 16 837 аза­маты Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алып­ты. ІІМ мәліметінше, ресейліктердің көбісі Қы­зы­л­орда облысына – 2 463, Алматыға – 2 116, БҚО – 1 677 және Қостанай облысына – 1 525 келген. Наурыз айының соңында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Ресейден Қазақстанға еңбек миг­ранттарының көптеп келуі байқалмайтынын айт­қан еді. – Қазір бізге Ресейден еңбек мигранттары көп­теп келіп жатыр деп айтатындай негіз жоқ екенін ай­тып өту керек. Қазір Қазақстанда Ресейдің 100 мыңға жуық азаматы бар. Оның 6 мыңы – 2022 жылы келгендер, – деген еді Шәпкенов. Жетпіске жетеқабыл Маусым айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ас­самб­леясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырым­дама­сы жобасын жариялады. Құжатта қазақстан­дық­тардың ұлттық құрамы туралы жаңа деректер көрсетілген. Мәліметке сүйенсек, 2022 жылғы 1 қаңтар­дағы жағдай бойынша Қазақстан хал­қы­ның саны 19 миллион 122 мың адам болған, оның ішін­де қазақтар – 69,03 пайыз, орыс ұлтының өкіл­дері – 18,47 пайыз болса, үштікті өзбек ұлты­ның өкілдері 3,29 пайызбен түйіндеген, басқа этнос өкіл­дерінің үлесі – 1,04 пайыз. 2021 жылдың басында Қазақстан халқының этникалық құрамындағы қазақтардың үлесі 13 мил­лионнан асып, 69,01 пайызға жеткен еді, бұл – оның алдындағы жылға қарағанда 0,5 пайызға артық. Ал биылғы тың деректерден 2022 жылғы өсім 0,2 пайызға жеткенін байқауға болады. Жалпы елдегі туу көрсеткішінің өсіп, одан кейін төмендеуі, пандемиядан кейінгі ахуал туралы демограф маманнан сұрап-білген едік. Шынар ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ, демограф: Табиғи өсімнің арқасында ғана көбейіп келе жатқан елміз
– Сандық жағынан алып қара­сақ, пандемия кезінде елде туу көрсеткіші күрт өсе бас­тады. Кей елдерде бұл көрсет­кіш кеміген болса, бізде кері­сін­ше өсім байқалды. Бірақ бұған нақты не әсер еткенін, пандемия ма, әлде жарияланған жәрдемақы ма – оны айту қиын. Бұл сұрақтың жауабын тек белгілі бір әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы ғана топшылауға болады. 2019 жылғы дерекке сүйенсек, еліміздегі бір әйелге орташа есеппен алғанда 2,9 баладан келіпті, ал 2020 жылы – 3,1 баладан, 2021 жылы 3,3 баладан келген. Бұл – туудың сумарлық коэффициенті. Әрине, осыған қарап соңғы 2-3 жылда жақсы өзгерістер болды деп айту­ға болады. Коэффициенттің 3-тен асуы, яғни 3 бала­дан жоғары болуы – тіпті көңіл көншітерлік. Енді бұл көрсеткішті басқа елдердегі жағдаймен салыстырып көрсек. Бізде көптеген елдерге қарағанда туу көрсеткіші жоғары, дегенмен Орталық Азия елдері ішінде кейде тең түсіп, кейде қалыс қалып жатырмыз. Ал Еуропа елдерінің біразында туудың сумарлық коэффициенті 2,1 балаға жетпейді. Бұл халықтың өсіп-өнуіне жеткіліксіз нәтиже саналады. Африка елдерінде бір әйелге 5-6 баладан келеді. Яғни, салыстыра келе, біздің елдегі көрсеткіш орташа деңгейде деген қорытындыға келуге болады. Биылғы 5 ай мен былтырғы 5 айды салыстырар болсақ, сумарлық коэффициенті туралы дерек жоқ, ол тек келесі жылы жарияланады, алайда 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда кемуі мүмкін деген күдік бар. Дегенмен әліптің артын бағып, ерте қорытынды шығаруға асықпаған да жөн. Жыл соңына дейін өзгерістер болуы ықтимал. Пандемия кезіндегі өлім-жітім де халық санына әсер етті. Бұл жерде табиғи өсім мәселесі қозғалады. Қайтыс болғандардың санынан туғандардың саны артық болса, ол жылы табиғи өсім болды деп айтамыз, ал егер керісінше болса, табиғи кему болады, онда халықтың саны да кемиді. Еуропа елдерінде кему байқалса да, оның орнын көші-қондағы көрсеткіштер жауып отырады. Ал біз табиғи өсімнің арқасында ғана көбейіп келе жатқан елміз. Өйткені көшіп келушілердің саны кеткендер санынан аз, ал туу көрсеткіші өлім-жітім көрсеткішінен көп. Пандемия кезінде бізде өлім-жітім көрсеткіші едәуір жоғарылады, оның бір дәлелі өмір сүру ұзақтығының кемуі деп айтуға болады. 2019 жылы өмір сүру ұзақты­ғының деңгейі 73,2 жыл болса, 2020 жылы 71,4 жыл, 2021 жылы 70,2-ге төмендеді. Одан кейін де көрсеткіштің төмендегені байқалып жатыр. Жалпы айтатын болсақ, өлім-жітімнің көбеюі табиғи өсімнің коэффициентіін азайтады. Туу көбейіп, сонымен қатар қайтыс болғандар саны да көбейсе, ол өсімге белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Қорыта айтқанда, елдегі демографиялық ахуал тұрақты деп айтуға болады. Тек өмір сүру ұзақтығына байланысты деректер алаңдатады. Одан бөлек, биыл көші-қон көрсеткіштерінде елеулі өзгеріс болуы ықтимал. Ал табиғи өсімнің көрсеткіші, бала туу деңгейіне байланысты ахуал жыл соңына дейін сан рет өзгеруі мүмкін, мамандар да тон пішуге ерте екенін айтады.

Серіктес жаңалықтары