230
Алеппо толықтай азат етілді
Алеппо толықтай азат етілді
Сирияның үкіметтік әскері шығыс бөлігі көп уақыт бойы көтерілісшілердің бақылауында болған Алеппоны бақылауға алғанын ресми түрде жариялады, - деп хабарлайды BBC News.
Сирия әскері өз мәлімдемесінде Алеппоны алуын "терроризммен күрестегі стратегиялық түбегейлі өзгеріс" деп атап отыр. "Сирия әскерінің қолбасшылығы Алеппо қаласына бейбітшілік пен қауіпсіздік орнағанын жариялайды", - делінген әскер қолбасшылығының мәлімдемесінде. Басылымның мәліметінше, әскерилер қаланың шығыс бөлігінен көтерілісшілер мен бейбіт тұрғындар кетіп қалған, сондықтан енді бақылау толықтай қалпына келтірілді.
Алеппоның шығысындағы көтерілісшілер мен бейбіт халықты эвакуациялау бойынша операция 15 желтоқсанда басталғаны хабарланып отыр. Бұл операцияны Ресей өз әрекетін Түркиямен келісе отырып, жүргізген. Басылымның мәіліметінше, эвакуация кезінде үзілістер болған, себебі сириялық үкімет пен көтерілісшілер бір-бірін оқ атуды тоқтату туралы уағдаластық шарттарын бұзды деп әрдайым айыптаумен келген.
Қаланың шығыс бөлігінен жалпы 35 мың адамның қауіпсіз жерге көшірілгені айтылады. Шығыс Алеппо көтерілісшілердің бақылауында төрт жыл, ал соңғы екі жылы қоршауда болған.
Еске салайық, 19 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Алеппода адам құқықтарын сақтауға бақылауды қамтамасыз ететін резолюцияны қабылдаған еді. Ресей бұл резолюцияны қолдады. Бұған дейін БҰҰ екі жыл қоршауда болған шығыс Алеппода үкімет әскері бейбіт тұрғындарға зәбір көрсетуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ, кейбір батыс елдері мен БАҚ-тар ресейлік және сириялық авиацияны бейбіт тұрғындардың қазасына әкеп соғатын әрекеттері жайлы айтқан еді. Ал өз кезегінде сириялық және ресейлік билік мұндай хабарламаларды бұрмалау деп атады.