50307
«Олимпиадаға Ту алып баруға ақша аяды ма?» – Шахмат федерациясы жауап берді (ВИДЕО)
«Олимпиадаға Ту алып баруға ақша аяды ма?» – Шахмат федерациясы жауап берді (ВИДЕО)
Кеше Үндістанның Ченнай қаласында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Бүкіл әлем назарын аудартқан жарыста ұлттық құрама мемлекеттік Ту алып шықпады. Осы орайда, Қазақстан Шахмат федерациясы қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты түсініктеме берді деп хабарлады turkystan.kz.
Федерацияның мәліметі бойынша, Ту олимпиаданың жабылуында ғана қажет болған. Кейінгі олимпиадаларда спортшылар шеруі өтпейді. Биыл ұйымдастырушылар осындай мүмкіндік беруді ұйғарған, бірақ делегацияны хабардар етпеген.
«Тек қазақстандық делегация ғана мемлекеттік рәміздерсіз шыққан жоқ. Өзге ел өкілдерінің жартысынан көбі ескертусіз шықты. Ал кейбіреулері шеруге мүлдем қатыспады. Ашылу салтанатында Қазақстан атынан халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік пен халықаралық шебер Арыстанбек Оразаев шықты», – деді федерация өкілдері.Биыл 44-рет өткізіліп жатқан, әлемнің 186 елінен 1736 спортшы бақ сынайтын шахмат олимпиадасында Қазақстан намысын ерлер мен әйелдер құрамасы қорғайды. Ерлер құрамасында Ринат Жұматаев, Мұртас Қажғалеев, Арыстанбек Оразаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейманов бар. Әйелдер құрамасында Әбдімәлік Жансая, Асаубаева Бибісара, Нахбаева Гүлісхан, Балабаев Ксения және Нұрғали Назерке бар. https://www.youtube.com/watch?v=IehxP9MjrOw&t=3s