50401
Шекара бекетін тексеруге келген офицерді қасақана өлтірген кім?
Шекара бекетін тексеруге келген офицерді қасақана өлтірген кім?
Жамбыл облысындағы шекара қызметінде жүріп мерт болған офицердің жақындары оның қасақана өлтірілгеніне сенімді. Олардың айтуынша, аға лейтенант Азат Үмбетұлы “Өтеген” заставасын тексеру барысында ескерту жасаған кезде застава бастығы өзге қызметкерлердің көзінше соққыға жыққан деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
«Ерегес басталған, «шық былай» деген, ерегескен, қасындағы балалар ажыратқан. Сөйтіп, екінші рет баспалдақтан түсіп бара жатқан кезде артынан келіп ұрған, мойнынан. Қатты затпен, қолмен ұру мүмкін емес. Білмейміз ғой енді, не ол. Сөйтіп, биік баспалдақтан қатты құлаған. Содан орнынан сөйлеп тұрып, қайта құлаған, сол жерде», – дейді марқұмның жесірі Ботагөз Ілмағамбет.Бұл жағдайды көрген әріптестері бірден марқұмның туыстарына жеткізгенімен, енді айтқан сөздерінен бас тартып отыр. Ал екі жыл бұрын Ақтөбеден Қордайдағы шекара шебіне ауысқан Азат Үмбетұлы медицина бөліміне жетекшілік етіп келген. «Өтеген» заставасынан ауыр жарақатпен Қордай ауданы орталық ауруханасына жеткізілгенімен, сол жерде көз жұмды. Артында үш қызы мен аяғы ауыр келіншегі қалды. Туыстары істі әскерилер жылы жауып қояды деп қорқады. Ал «застава бастығының қолынан өліп отыр» дегенді әзірге шекара қызметіндегілер растамады, жоққа да шығарған жоқ. 2022 жылдың 27-шілдесінде ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы Қордай ауданы орталық ауруханасында қайтыс болды. Өлімнің алдын ала себебі миға қан кетуімен байланысты екені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік Әскери тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.