Президент сапарлары

Президент сапарлары

Президент сапарлары
ашық дереккөзі
474
Әлемдегі ахуал ушығып тұрған шақта сыртқы саясаттың ұтымды жүргізілуі ел үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы жыл басынан бері жұмыс сапарымен барған елдер мен жүргізілген келіссөздерге шолу жасап өтсек. Геосаяси ахуалдың ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тари­хы­мызда болып көрмеген қаржылық-эко­номикалық қиындықтарға тап келіп, қа­таң санкциялық тайталас қазірдің өзін­де жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһан­дық экономиканы елеулі шығынға ұшы­ратып отырғанын Президент биыл­ғы Жолдауында айтып өткен еді. – Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өз­геру­де. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сау­да жүйелері күйреп жатыр. Бірақ со­ған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біз­дің елімізде ауқымды дағдарысты ең­серу­ге қажетті резервтер мен амал-тәсіл­дер­дің бәрі бар, – деді Президент. Мемлекет басшысының жаңа жыл­дан кейінгі алғашқы келіссөзі Бейжің қаласында Қытай Халық Республика­сы­ның Төрағасы Си Цзиньпинимен жа­сал­ды. Кездесуде көшбасшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стра­тегиялық серіктестіктің, соның ішін­де саяси, сауда-экономикалық, кө­лік-транзиттік және мәдени-гума­ни­тар­лық салалардың ауқымды мәселелерін тал­қылаған еді. Президент дипло­ма­тия­лық қатынас орнаған 30 жыл ішіндегі жетіс­тіктер туралы айта келе, екі елдің күш біріктіре отырып, барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды. Бұл ынтымақтастық мәңгі, жан-жақты және саяси конъюнктураға бағынышты емес екенін де Мемлекет басшысы атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті ата­ды. Одан бөлек, еліміздің цифрлық тех­нологиялар мен көлік және логистика са­лаларындағы ынтымақтастықты нығай­туға мүдделі екеніне тоқталды. Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар са­ласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі тал­қыланған еді. Одан соң Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей пре­зиденті Владимир Путинмен келіссөз жүр­гізді. Бұл кездесуде білім беру сала­сындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Атап айтқанда, инженерлік-техникалық саладағы жоғары білікті мамандардың тапшылығына байланысты Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағ­дарламасы аясында Ресейде мамандар әзір­леу жөнінде келісім жасалды. Одан бөлек, білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарыш­ты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысының Бішкекке ресми сапарына да ерекше тоқтал­ған жөн. Бұл сапарда Қырғыз Республи­касы­ның президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стра­тегиялық серіктестігінің ауқымды мәсе­лелерін талқылады. Сонымен қатар аймақ­тық күн тәртібіндегі проблемалар қарас­тырыл­ды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға мем­лекеттік сапары барысында Түркия пре­зиденті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүр­гізді. Қазақ-түрік стратегиялық серік­тес­тігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Со­нымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түр­кия бизнес өкілдерінің басқосуында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия инвестор­лары­на қолдау көрсетілетінін жеткізді. Тағы бір айта кететін оқиға – Мемле­кет басшысысының «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халық­аралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысуы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдени әралуандықты сақтау және ғаламдық деңгейде өркение­тара­лық диалогті ілгерілету саясатын ұстана беретінін нақтылады. Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның съезі туралы айтып, осы жиынға Ресей дін қайраткерлерінің қатысқаны жөн екенін жеткізді. Бейбіт, тұрақты және эко­номикалық тұрғыдан қуатты Еуразия құру жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми са­пары кезінде Иран Ислам Республикасы­ның Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді. Осы сапар аясында Иран азамат­тарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат беру туралы шешім жария етілді. – Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкер­лері осы жеңілдікті кеңінен қолданатынына сенім­дімін, – деді Қазақстан Президенті. Одан бөлек, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіру­де теңдікке қол жеткізу» атты екінші Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Форум «Мемлекеттердің экономи­ка­лық дағдарыстан шығу мәселесі» тақыры­бына арналды. Мемлекет басшысы Ашхабадта ұйым­дастырылған Алтыншы Кас­пий саммитіне қатысуға барған кезінде Түрік­менстан президенті Сердар Бердімұхаме­дов­пен кездесу өткізді. Бұл Сердар Бердімұхаме­дов президент болып сайланғаннан кейінгі екі ел басшыларының алғашқы бетпе-бет кез­десуі болды. Президент саммиттің нәти­жесі Каспий маңы мемлекеттерінің достық пен тату көршілік байланыстарын одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосып, өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте­тініне сенім білдірді. Таяуда Сауд Арабиясында кезекті сапар болғанын білеміз. Келіссөз бары­сында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын екенін жеткізді. Екі ел өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра­тынын нақтылады. Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады деген сенім бар екені де сол кезде айтылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалып­тасқанын еске салды. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы: «Көпвекторлы саясат» көпбағытты әрекетті қажет етеді
– 2022 жыл Қазақстан үшін де («Қаңтар оқиғасы») және әлем үшін де үлкен сілкініспен басталды. Қазір әлемдік жағдай сағат сайын құбылып тұр және күн тәртібінде жаңа қауіптердің пайда болуы да әп-сәтте. Қауіптің бағыты да түрлі тараптан болып тұр: экономикалық, саяси немесе тағы да басқа. Мемлекеттер арасында достық жоқ, тек қана мүдде бар. Ал мүдде әр сәт сайын ауысып тұруы мүмкін. Кешегі қарсылас, бүгінгі мүдделес дегендей. Міне, дәл осы мүдде тұрғысынан Қазақстан билігі бірқатар сапарды іске асырды. Ол, ең алдымен, жаңа экономикалық бағыттарды іздеуге байланысты болды. Шикізатты жеткізу жолдарын іздеу мақсатында транзит-логистикалық міндеттерді шешу қажеттілігі тұр. Біз бір бәрімен дос болуға ұмтылмаймыз, сонымен қатар жау да іздемейміз. Тек мүдде тұрғысынан әрекет етеміз. Барлық ел солай істейді. Қазақстан өз мүддесін қорғау үшін «көпвекторлы саясатты» таңдаған және ол көптеген сапар мен кездесулерді, көпбағытты әрекетті қажет етеді. Бұл сұрақтың жауабын осының аясында іздеген дұрыс. Негізінен, маңызсыз келіссөз болмайды. Мәдени, саяси, экономикалық, қауіпсіздік мәселесі бойынша бір маңызды құжатты қабылдау іске асады. Бірақ астын сызып, айрықша атап өтетін келіссөздер ретінде Қазақстан – Иран арасындағы кездесуді айтуға болады. Бұл бізге жаңа транзит жолын салуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран –Түркия бағытында теміржол іске қосылып, алғашқы тауар Түркияға осы бағытпен аттанды. Жаңа бағыт дегеніміз – жаңа мүмкіндік, жаңа тыныс. Біздің көптеген транзит жолдарымыз Ресейге тәуелді. Оның зардабын шегіп келеміз. Мәскеу транзит жолдарын қысым тетігіне айналдырған және қалаған сәтте жауып, өз талаптарын қойып келеді. Шығу жолы тек балама жолды іздеу. Тағы бір маңызды келісім Қырғыз Республикасының билігімен жасалды. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Ал Орталық Азияда Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның су қоры мол. Еліміздің оңтүстігі осы елдерден бастауын алатын өзендермен суарылады, ауыл шаруашылығы соған тәуелді. Қырғыз билігімен су көзін тиімді пайдалану бойынша келіссөз сәтті өтті. Біз аталған елге ГЭС модер­низациясына үлес қосамыз, олар бізге су береді. Екіжақты тиімді келісім болды деуге болады. Сауд Арабиясымен инвестиция тарту бойынша келіссөздер де тиімді екенін айтуға тиіспіз. Саудия – қаржысы көп ел. Ауылшаруашылық саласына қаржы құюға мүдделі. Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту потенциалы мол. Жер көлемі үлкен, құнарлы, мал және егін шаруашылығын дөңгелетуге ыңғайлы. Халықтың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Яғни, ауыл шаруашылығына қаржы құю арқылы ауылдағы халықты жұмыспен қамтып, қалаға ағылған жүйесіз урбанизацияны да тоқтатуға болады. Сондықтан бұл келіссөздің маңызды екенін атап өту керек.

Серіктес жаңалықтары