50281
«AMANAT» партиясы «Жастар рухының» белсенділері шахматшыларды әуежайдан қарсы алды
«AMANAT» партиясы «Жастар рухының» белсенділері шахматшыларды әуежайдан қарсы алды
«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты Үндістанның Ченнаи қаласында өткен шахмат олимпиадасына қатысқан Қазақстан құрама командасының мүшелерін Алматы әуежайынан бірінші болып қарсы алды.
Елге үлкен жетістікпен оралған спортшыларымызға «Жастар рухы» ұйымының белсенділері қолдау көрсетіп, гүл шоқтарын сыйлап, алғыс білдірді. Қазақстанның қыздар құрамасы 44-рет өткен шахмат олимпиадасында 5-орын алды. Бұл – ұлттық құрама тарихындағы ең үздік көрсеткіш.
Үндістанда өткен шахмат олимпиадасына 2 000-нан аса спортшы қатысты. Жарыста 189 ер және 162 әйел командасы бақ сынаған.
«AMANAT» партиясы елде шахмат спортын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Партия бұл спортты халық арасында кеңінен насихаттауға, шахмат ойнайтын жастар мен балалардың қатарын көбейтуге үлес қосып келеді. Себебі, шахмат – интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асырудың тиімді құралы. Осы мақсатта биыл мамыр айында елордада шахматтан «AMANAT CUP» турнирі ұйымдастырылды. Оған 200-ден аса үміткер қатысты. Бұл жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Шахматтан Қазақстан құрама командасының мүшелері, шахмат жұлдыздары - Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нахбаева – «AMANAT» партиясының мүшеcі. Жансая мен Гүлісхан партияның шахматпен байланысты жобаларына әрдайым қолдау көрсетіп, іс-шараларға белсене қатысып келеді. Партия белсендісі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Жансая Әбдімәлік Үндістанда ең мықты спортшылар ғана жарысатын бірінші тақтада ойнап, дүбірлі додада қола медаль жеңіп алды. Жансаяның жүлделі үшінші орны бәсекесі жоғары әлемдік шахмат қоғамдастығындағы үлкен жетістік, зор табыс болып саналады.
Жансая Әбдімәлік 2020 жылы шахматтан әлем чемпионы атанды. Ол, сондай-ақ, 2018 жылы ерлердің халықаралық гроссмейстер атағы үшін қойылатын норманы орындап шықты.
2014 жылғы Әлемдік шахмат олимпиадасында қазақстандық қыздар 6-орынға табан тіресе, 1992 және 1996 жылдары екі рет сегізінші орыннан көрінген еді. Сондықтан, биылғы жетістік - отандық шахматшылар үшін ең үздік көрсеткіш.