Асхат Аймағамбетов елордадағы мектептерді тексерді

Асхат Аймағамбетов елордадағы мектептерді тексерді

Асхат Аймағамбетов елордадағы мектептерді тексерді
ашық дереккөзі
50196
Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты деп хабарлады turkystan.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған мектепте болдым. Былтыр қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарын реттеп, нысан басқа мердігерге берілген болатын. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ұлы Дала мен №39 көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі», - деді министр.
Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ, International School of Nur-Sultan жекеменшік мектебінің құрылыс барысымен танысты.
«Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік мектептер де белсенді түрде салынып жатыр. Оларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру есебінен оқушы саны толып жатқан мектептерді азайтамыз», - деді ол.
Министр, сонымен қатар, басқа мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
«№71 мектеп-лицейінде болдым. Білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы, спорт залын, жуынатын бөлмелерді аралағанда ондағы әріптестеріммен әңгімелестім. Әсіресе, мектеп кітапханашысының өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығы ерекше әсер қалдырды. Оқушылар кітапханашылардың еңбегін бағалап, оларды оқыған кітаптарының санымен қуантады деп үміттенемін. Әріптес педагогтер де оқу жылына қызу дайындық үстінде. Мектепке дайындалып жатқан болашақ 1-сынып оқушыларымен де әңгімелестім», - деді Асхат Аймағамбетов.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектептерді салуды және жөндеу жұмыстарын жүргізуді әкімдіктер жүзеге асырады.
«Мектептердің жөндеу жұмыстары, құрылыс сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар. Сапаны қамтамасыз ету бөлімшелерінің өкілдері құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді және тексеріс елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Әкімдіктерге шара қабылдау үшін ескертулер жолданды», - деді ол.
 

Серіктес жаңалықтары