Қазақстандық барбер кез келген елде жұмыс істей алады

Қазақстандық барбер кез келген елде жұмыс істей алады

Қазақстандық барбер кез келген елде жұмыс істей алады
ашық дереккөзі
50360
Бүгінде барбершоп трендтегі ерлер бизнесіне айналды. Кәсіптің көзін тапсаң, мол табысқа кенелуге болады. Әрине, ол үшін барбершопта шаш қиюды шебер меңгерген мамандардың жұмыс істегені маңызды. Аталған кәсіптің қыр-сырын білу үшін turkystan.kz тілшісі елордадағы барбершоптардың біріне арнайы барды. Асхат Қабдулов екі жылдан бері дайын бизнесті алып, жұмыс істеп жатыр. Қарамағында төрт шаш қию шебері бар. Оның бірі жастарға осы кәсіп туралы курс өткізумен айналысса, үшеуі клиенттерге қызмет көрсетеді. «Бұл – жақсы табыс табуға болатын әрі шығыны аз кәсіп» дейді бизнесті басқару мамандығын меңгерген кейіпкеріміз.  width= «Әр істің өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Мұнда күні бойы аяқтан тік тұрып қызмет етесің. Шаш қиюды үйренгісі келетін жастар көп. Олар барбершоптан жақсы қаржы табуға болатынын біледі. Бірақ басым бөлігі қиындыққа шыдамай кетіп қалады. Негізі, ол үшін адамда талант болуы да маңызды. Қазір жауапкершілігі бар маман табу қиын. Ақшаны күнделікті төлейміз. Елу де елу. Яғни, елу пайызы шеберге беріледі. Бүгін ақшасын алып, ертең жұмысқа себепсіз шықпай қалатындар бар. Сол кезде бізге қиын. Өйткені имиджімізге кері әсер етеді.  width=
Барбершоп – тұрақты табыс көзі бар әрі шығыны аз бизнес. Жалға алу ақысын төлесең болды. Қажетті заттарға айтарлықтай шығын кетпейді. Әрине, елорданың сол жағалауында жалға алу құны арзан емес. Ол бағаға да әсер етеді. Бірақ, біздікі – үнемі сұраныстағы кәсіп. Жұмыс тоқтап қалмайды, адам күнде келеді. Шаш қиюмен қоса, мұрт, сақал алу қызметтері де бар. Мысалы, әйелдер әр жерден жарнама көріп, ай сайын салон ауыстыруы мүмкін. Ал ер адамдар ондай емес. Оларға жасаған шаш үлгіңіз ұнаса, өмір бойы клиентіңіз болуы мүмкін», – дейді Асхат Қабдулов.
Осы барбершопта қызмет ететін Арай Төлеген шаш қиюды 6 жасында апасынан үйренген. Кішкентайынан туған-туыстарына түрлі шаш үлгісін жасаған ол бүгінде тәжірибелі маманға айналды. Еліміздің әр қаласына барып, «үйренемін» деген жастарды осы іске баулып жүр. «Қызығушылық болса, кез келген адамды үйретуге болады» дейді шаш қию шебері.  width=
 «Адамдар шашы өсіп, күтім көрмеген күйде келеді. Шашын қиғаннан кейін өзгеріп, мүлде басқа адамға айналады. Алдыңа келген адамды басқаша кейіпке енгізу – керемет сезім. Шаш қию мамандары әрдайым сұраныста. Бұл – өлмейтін кәсіп. Оқытып жатқан шәкірттерімнің арасында жұмыс істеп жүргендері бар. 300 мыңнан жоғары табыс табады», – дейді ол.
15 түрлі шаш үлгісін меңгерген Қантемір Алмышев күніне 8-9 адамның шашын қияды. «Өзімнің моральдық, физикалық тұрғыда қатты шаршап қалмауыма мән беремін. Өйткені өзіңе қатты салмақ салсаң, шаш әдемі шықпай қалуы мүмкін» дейді шебер. Шаш қию – шығармашылық жұмыс. Мұнда ең күрделі дүние – азиаттық жігіттердің шаш үлгісін жасау.
«Қазақстанда азиаттық жігіттерге шаш үлгісін жасап жүрген шеберлер әлемнің кез келген еліне, Америка, Еуропаға барып жұмыс істей алады. Өйткені оларға басқа шаш үлгілерін жасау қиынға соқпайды», – дейді Қантемір Алмышев.
Ал Қазақстанға шетелден келген шаш қию шеберлері жұмыс істей алмауы мүмкін. Өйткені олардың көбі азиаттық жігіттердің шашын қалай алу керек екенін білмейді. Оның үстіне біздегі адамдардың талғампаз, кірпияз келетіні әрі қызметтің сапасына қатты мән беретіні тағы бар.  width=
 «Мұнда адал еңбегіңмен табыс табасың. Түрлі адам келеді, сөйлесіп, араласасың. Негізі, шаш қиярда адамның басына, шашының типіне қараймын. Маман болған соң, кімге қандай шаш үлгісі жарасатынын біліп тұрасың. Әрине, клиентті де тыңдаймын. Ең бастысы, жұмысың оның көңілінен шығуы керек. Елордада классикалық шаш үлгісіне сұраныс жоғары. Мемлекеттік қызметкерлер көбіне осы шаш үлгісін таңдайды», – дейді ол.
Осы салада 6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміз – бала кездегі арманына жеткен бақытты жан. Ол кішкентай кезінде «Барбершоп» деген фильм көріп, шаш қию маманы болуды армандаған екен. Америка барберларының қалай шаш алатыны оған қызық болған.  width=
«Армиядан келген соң интернеттен түрлі видео көріп, үйрене бастадым. Қазір үлкеннің де, кішінің де шашын қиып жүрмін. Адам өз жұмысын жақсы көрсе, қаражат өзі-ақ келеді. Артынан қуудың қажеті жоқ», – дейді шаш шебері. 
Кейіпкеріміздің сөзімен келіспеуге болмас. «Талпыныс тәжі – табандылық» депті әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби. Бүгінгі қарбалас тіршілікте адамға ең қажетті қасиеттер тізіміне осыны да қосып қойғанымыз жөн.

Фото: автор

Серіктес жаңалықтары