Барак Обама Семей қасіретіне ерекше көңіл бөлген – Кәріпбек Күйіков

Барак Обама Семей қасіретіне ерекше көңіл бөлген – Кәріпбек Күйіков

Барак Обама Семей қасіретіне ерекше көңіл бөлген – Кәріпбек Күйіков
ашық дереккөзі
50781
«Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясының авторы, белгілі жазушы Сәуле Досжанның Мемлекеттік сыйлық комиссиясының мүшелері тарапынан әділетсіздікке тап болуы – әлеуметтік желіде резонанс тудырып жатқан мәселелердің бірі.   «Атом» жобасының құрметті елшісі, Халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты, суретші Кәріпбек Күйіковтің даулы мәселе жайлы пікірін сұраған едік. «Ел тағдыры өзек болған шығарманың әділ бағалануы ел үшін үлкен абырой деп ойлаймын.  «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясының авторы Сәуле Досжан апайымыз кітап мұқабасына суретімді сұрағанда қуана келістім. Роман шыққанда толық оқып шықтым, өте өзекті роман. Шығармада суреттелген дүниенің бәрі көңіл босатардай шындық. Енді бүгін осындай әлемдік деңгейдегі дилогияның Мемлекеттік сыйлық комиссия отырысынан өтпей қалғанын естіп, сәл қапаланып отырмын. 2016 жылы АҚШ Президенті Барак Обамаға «Жарылыс» картинамды сыйлаған кезде америкалықтар Семей қасіретіне қатты көңіл бөлген. Бүгінде Семей мен Невада, Хиросима мен Нагассаки қасіреті күллі адамзатты біріктіріп жібергені рас. Бұл тақырыптың қазір аса өзекті болу себебі жер бетін соғыс жайлаған күрделі кезеңде ядролық соғыстың ұласу қаупі артты. Бәрі «қызыл кнопканың» іске қосылмауын тілеп отыр. Осындай кезеңде Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» сияқты ядролық сынақ зардабы ашық, нақты, терең көрсетілген романын дүниежүзіне паш ету аса қажет дер едім. Қазір АҚШ Президенті Ұлттық музейінде тұрған «Жарылыс» картинамды  әдейі осы «Қасірет пен тағдыр» кітабының мұқабасы үшін ұсындым. Менің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлынан сұрайтыным, Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай, осы бір айтулы шығарма – танымал жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» дилогиясы арнайы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылса екен. Менің тағдырым Семей полигонымен байланысты. Ядролық полигон зардабын тартып туған адаммын. Мен туғанда анам үш күн бойы қасыма жолай алмаған. Анам ауыр психологиялық соққы алған. Себебі, менің алдымдағы бір ұл, бір қызы да жарымжан болып туып, ұзамай шетінеп кеткен еді. Дәрігерлер анама: «Өзіңізді де, баланы да қинамай, бір укол салып, бәрін сонымен бітірейік», -  деген ұсыныс айтқан. Ол жылдары жарымжан балалар көп дүниеге келіп жатқан. Сондықтан бұлай жасау дәрігерлер үшін қалыпты іс болатын. Алайда ауылдан әкем келіп, мені қандай жағдайда да асырап, бағамыз деген шешім қабылдайды. Сөйтіп, мен тірі қалдым. Қайнар, Саржал, Абыралы елді мекендерінде ауру балалар өте көп еді. Оларды көпшілік көзіне көрсетуге ата-аналары ұялатын. Қаншама тағдыр төрт қабырғадан шықпай, әріп танымай, оқымай, дамымай, есіл өмірін өткізді. Бірақ менің тағдырым басқаша қалыптасты, Алланың берген суретшілік өнері мені әлемге танытты», - дейді Кәріпбек Күйіков.  

Серіктес жаңалықтары