902
Дәуірдің даналық дидары
Дәуірдің даналық дидары
Жеке кітапханамның бір бөлігін – атақты адамдар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері құрайтыны еске түседі. Көрнекті кітаптар қатарында – есімі мен еңбегі алыс-жақын елге кеңінен мәшһүр болған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» (1992), «Ақиқаттан аттауға болмайды» (1994) және «Елу жыл – ел ағасы» (2002) атты естеліктер мен сыр-сұхбаттар, деректер мен жыр-толғау, хаттардан тұратын қымбат қазыналар да бар. Бұл кітаптар танымал тұлғаның адами болмысы мен асқақ мұраттарын, азаматтық һәм қайраткерлік қырларын, кезеңі мен қызметін кең көлемде көрсетеді. Қысқасы, Қазақстанның жартығасырлық тарихнамасы аталған кітаптардың тұтас табиғаты мен мазмұнын, даму үрдістерін де жан-жақты сөз етеді.
Дәуірдің даңқты тұлғасы Д.Қонаев хақындағы кітаптар қатарын ақын-қаламгер Рафаэль Ниязбектің «Көсем» атты тарихи романы да толықтыра түскенін осы реттен де еске алу артық емес (Алматы, 2021. – 676 бет).
Кітап аты – «Көсем», авторы – ақын екенін еске алсақ, күрделі жанрды негіз еткен, даңқты тұлғаның еңбек һәм өмір жолы арқау болған, сан салалы оқиға мен талайлы тағдырлар талқысы тоғысқан, кезең шындығы мен уақыт рухы терең танылатын кең көлемді, тың өрісті, соны үрдісті, тағылымды туынды екені анық аңғарылады. Бастапқы бөліктегі – «Ұлыны ұлықтаған туынды» атты мақалада (авторы – Темірбай Мұқашев, ф.ғ.к, доцент) басты тұлға – Д.Қонаевтың болмысы мен ұстанымы, тұлғалық қыры мен көркем бейнесі кең түрде сөз болады. Тарихи романының құрылымдық жүйесі төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім – 1955 жылдың наурыз айынан бастау алады. Бұл тұста – Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің сессиясы өтетіні, Д.Қонаевтың сөз сөйлейтіні белгілі болған-ды. Алайда Пономаренкодан естіп-білгеніндей, Министрлер Кеңесінің төрағалығына бекітілетіні анықталып, Бірінші хатшы Н.Хрущевпен алғаш кездесуі де осы кезеңде өтеді. Орайлы тұста, Ғылым академиясының президенттігіне кімді сайлау турасында да сөз етіледі. Л.Брежнев пен П.Пономаренко өз тараптарынан бірер ғалымды алға тартады. Д.Қонаев өз кезегінде Қ.Сәтбаевтың кандидатурасын ұсынады. Бірқатар қарсылықтарға қарамастан Д.Қонаевтың жауапкершілік жүгін мойнына алып, шындық жүзіне тура қарап, ақиқатты ту еткен табандылығы негізінде Қ.Сәтбаев Ғылым академиясының президенті болып сайланады. Осы кезеңдегі Д.Қонаев пен
Қ.Сәтбаевқа қатысты баспасөздегі қилы көзқарас, табансыз да тиянақсыз, ұшқары ойларға қарамастан, араларындағы адами мұраттар мен жоғары адамгершіліктен туындаған достық, сыйластық сырлары тарихи туындының әлеуметтік мәні мен көркемдік қуатын да айқындайды. Автор ақиқат жайттарға табан тіреп, дәлелді дәлдіктерді уақыт рухымен сабақтастықта өрістетіп, маңызды тұстарға мән беріп, көркемдік арналарды негіз етіп, жүйелі жеткізеді. Мылтықсыз майданның жан-жүрекке салмақ салатын, көңілге көлеңке түсіретін, көзге көрінбес бір қыры, сырлы сипаттары осы тұстан танылады. Жылдар жемісі мен өмір тәжірибесі, уақыт рухы да терең көрініс береді. Бастысы, Д.Қонаев пен Қ.Сәтбаевтың адами болмысы мен биік мұраттары, қазақ ғылымы мен келелі келешегі хақындағы кемел ойлар мен терең толғаныстары мәнді сипат алады. Елдік мұрат пен қоғамшыл жүрек, жауапкершілік жүгі мен ұстаным кредосы айқын аңғарылады. Ұлт тарихнамасының кеңестік кезең тұсындағы тұғырлы тұлғалары – Д.Қонаев пен Қ.Сәтбаевтың адамдық мұраттары мен адамгершілік сипаттарынан, сыйластық сырларынан елдік мүдде мен ұлтқа қызмет ету миссиясы бәрінен де биік, жоғары тұрады. «Оның үстіне, рухтас, мүдделес» (17-бет).
Тарихи туындының басым бағыттары мен даму үрдістерінен уақыт рухының ұлт руханиятына қатысты бірқатар жайттарына да кезігер едік. Айталық, Орталық Комитеттің хатшысы Ж.Шаяхметов Ғылым академиясының президенті Д.Қонаевты жедел шақырып, тарих, әдебиет және тіл білімі институттарының ғалымдары атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәнсіз Һәм негізсіз бірқатар сұрақтардың астына алғаны бар. Ғалымдардың көпшілік бөлігі, әсіресе тарихшылар көне соқпақ, ескі сүрлеумен жүргеніне басымдық беріледі. Хатшы сөзінен бірқатар ғалымдар, олардың арасында: «...М.Әуезовтің бұрын жіберген қателіктерін қалпына келтіру орнына ескі әуеніне қайта басқаны байқалады. Мәскеуге біржола көшкен Әуезовті академиктер құрамынан қалайда аластау керек» дегенді анық айтады. Сөз жүйесіне орай, танымал тарихшы Е. Бекмаханов бағыттары мен ізденісін де тілге тиек етеді. Кенесары Қасымов көтерілісін дәріптегенде, не ұтты? Жұмалиев пен оның төңірегіндегілер жазаға тартылды», – дегенді де сөз арасында еске алды. «Академия қазір ғылым ордасы ғана емес, сонымен бірге ордалы жыландардың ордасына айналған» дегенді бүкпесіз баяндайды (23-бет). Қысқасы, Академия ғалымдары Орталық Комитеттің қаулысына атүсті қарайтынын, керісінше оған адалдық танытып, жауапкершілік жүгін арттыру қажеттілігін де қатқыл үнмен, сұсты сипаттармен жеткізіп, бояуын қалыңдатып, екпін түсіре айтады. Бұдан байқалатыны, Орталық Комитет нұсқауы, жоғары басшылық ұстанымы қандай да бір қалың бұқараның қарсылығынсыз, мүлтіксіз орындалуы керегі айқын аңғарылады. Ғылым ісі, ғалымдар еңбегі – Орталық бағыты мен арнаулы нұсқаулықтар аясында даму қажеттілігі де танылып тұрады. «Біз айттық, сендер істеңдер!» деген өктем де озбыр, екпін-серпінге толы қатқыл үн де бар.
Академия мен Жазушылар одағы бірлесіп өткізген көне дәуір әдебиетіне байланысты конференция, М.Әуезов пен М.Ғабдуллиннің эпос мәселесіне қатысты қайшылықты-кереғар көзқарастары, Қазақстан жазушыларның съезінде Бірінші хатшы Пономаренко Әуезовті төнген қауіп-қатерден қалай қорғағаны хақындағы жағдаяттар да кезең шындықтарымен сабақтастықта өріс алып, байыпты баяндалып, сенімді сөз етіледі. Д.Қонаевтың жауапкершілік жүгін жан-жақты сезініп, ғылым ісі мен ғалымдар еңбегін, орын-үлестерін де кеңінен көрсетеді. Бұдан кейінгі жерде, яғни ОК 1-хатшылығына Л.Брежнев, 2-хатшылығына Новосібір обкомын басқарған Яковлев сайлануы, Мәскеудегі партияның ХХ съезі тұсындағы қилы әрекеттер, Кагановичтің солтүстік облыстарды аралаған кезеңдегі көріп-білгенінен де билік ұстанымы, «саясат сыры» байқалған еді. «Мәскеудің ойын ережесі» ОК кезектен тыс Пленумы, Н.Хрущев пен Г.Маленков қақтығысы, И.Сталиннің қайтыс болуы, Беляевтің қазақ жұртына басшы болуы, Теміртау жұмысшыларының ереуілі, Д.Қонаевтың ОК 1-хатшылығына сайлануы т.с.с. қоғамдық құбылыс, өмір-уақыт шындықтары, тарих таразысы тұрғысынан суреттеледі. Сондай-ақ Д.Қонаевтың Америка мен Англияға сапарлары кезіндегі көрген-білгені, қызықты кездесу, сырлы сұхбаттар мәні ерекше есте қалады. Америка Президенті Дуайт Эйзенхауэрдің көпшілік арасында Д.Қонаевқа назар аударып, өз ара таныстықтан кейін II Дүниежүзілік соғыстағы елдік-ерлік шежіресіне мән береді. Тиісті тұста, Б.Момышұлының Мәскеу түбіндегі қанқұйлы шайқастағы батырлық болмысы мен ерен ерлігін еске алады. «Б.Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілмегені рас па?-деген сөзі жұрт назарын аударған еді (48-бет). Сол тұста тарих дөңгелегі теріс айналып, ақиқат орнын жалған дақпырт алмастырғанын уақыт желінен білу қиын емес. Маңыздысы, Президент кездесуден соң Д.Қонаевты алып қалып, едәуір уақыт сұхбат құрады. Ел-жер мен адами құндылықтар, билік пен саясат ісіндегі күрделі де өткір мәселелер төңірегінде емен-жарқын сөйлескен-ді. Анығында, Президент Д.Қонаевтың ақыл-парасаты мен білім-біліктілігіне, адами-кісілік қасиеттері мен болмыс бедеріне, ұстаным жүйесіне қайран қалғанын жасыра алмайды. Баспасөзде жарияланған өз сұхбатында: «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы», – деп жоғары бағалаған (48-бет). Романның бұл тұстарынан да Д.Қонаевтың биік болмысын, ақыл-парасаты мен жоғары жауакершілігін, көшелі елдің көсеміне тән көркем мінезі мен ұнамды қасиеттері кеңінен көрінеді. Адами мұраттары мен елдік мүддеге негізделген тұлғалық қырлары, дүниетаным арналары да бедерлі болмысы аясында мәнді сипат, кең өріс алады.
Мәскеуге бағыт алған Д.Қонаев жол үстінде атақты актер Қ.Қуанышбаевты кезіктірген-ді. Үлкен жолдың үстінде ел-жер жайлы, дүбірлі дүние дидары, руханият хақында емен-жарқын әңгіме тиегін ағытқан. Қазақ өнерін көтерудің көкейкесті мәселелері төңірегінде де сыр-сұхбат орын алған-ды. Тиісті тұста, ел басқару ісінде, ортақ мұрат жолында батыл қадам, ерен еңбек қажеттілігін атақты актер анық-қанық айтады. Билік тұтқасына берік болып, заман желі мен уақыт кемесіне қарсы тұру керектігін де назарға мықтап салады (55-бет). Мәскеу сапарында Д.Қонаев Бас хатшы Н.Хрущев алдына Торғай облысын ашу мәселесін ашық көтереді. Бараев басқарған Шортанды тәжірибе стансасы мен ондағы зерттеу негізінде жер қыртысын аудармай жырту әдісіне қатысты Бас хатшының қарсылығын, қасаң түсінік пен мәнсіз-табансыз әрекетін де еңбек һәм өмір жолы арқылы дәлелді дерек, тәлімді тәжірибелер негізінде нанымды жеткізеді.
Бас хатшы Н.Хрущев пен Д.Қонаев Мәскеуде, Алматыдағы актив жиындарында, тың өлкесі мен еңбек даласында әлденеше рет кездеседі. Отан қоймасына миллиард пұт алтын дән құю ісіндегі ерен еңбек үстінде де жылы жүздескен-ді. Алайда Н.Хрущев пен Д.Қонаев арасындағы қарым-қатынас, елдік мүдде мен мемлекет ісіне қатысты ортақ мұраттар жолында кереғар көрініс, көзқарастар қайшылығы анық аңғарылды. Айталық, Ертіс өңірі мен Зайсаннан Павлодарға дейін ондаған қой совхозын (51-бет), Қостанай мен Торғайға қатысты әлеуметтік-экономикалық қажеттілік негізінен Торғай облысын ұйымдастыруға (56-57-беттер) байланысты ұсыныстар жөнсіз кедергі, қайшылықты қарсылықтарға негізсіз ұшырап, аяқсыз қалады. Оның біріне Бас хатшы жауабы: – Торғай облысын ашу керек пе, жоқ па – оны мен шешемін! – деп менмендік танытып, билік буына ісіп-кеуіп, өктем сөйлеуі мен басынудан өзге, империялық саясат салқыны да аңғарылар еді (57-бет). Тың өлкесіне жолы түскенде, Шортанды институтына, оның директоры Бараевқа «өткір сын» айтып, мінеп-тілдеп, жер-жебіріне жетеді (59-бет). Ақмола деген сөздің мағынасына ден қойып, «Белая могила» деген аудармасынан шошынып, қала атын – Целиноград қою қажеттілігін қадап айтқаны бар-ды (60-бет). Өз кезегінде Д.Қонаев: – Бұл – бір халықтың көне тарихы, кейінгі ұрпағына қалдырған сом ескерткіші. Аққайрақ тастан тұрғызған ғажайып қорғаны. Ғұндар дәуірінен аты өшпей келе жатқан биік қамалы. Есіл өзенінің керуен жолы өтетін кешу – Қараөткелді бес, алты ғасыр бойына сұлулыққа бөлеп тұрған күміс күмбезі. Бірақ қазақ бастан кешпеген азап, тартпаған тауқымет аз ба. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қирап, тас-талқаны шыққан еді. Ел есінде оның тек аты ғана қалған. Енді содан да айырылғалы тұр. Сіздей бір елдің басшысы тарихқа бұлай қарамаса керек еді, – деп көпке ортақ мәнді жауабын қысқа-нұсқа жеткізген еді (60-бет). Өкініштісі, Д.Қонаевтың ататарихтан сыр тартып, Қараөткел мен Есіл өзені мәнін дәлелді дәлдікпен нақты жеткізіп, тарата айтқанына да мән бермеді. «Өзім білемін, шешемін!» деген билік-мансаптың өлшемі де, өрескел өктемдіктің бір көрінісі де осы.
Тарихи романның екінші бөлімінің де көтерген жүгі ауыр. Мәскеудің құйтырқы әрекет, содырлы саясаты ел дамуы мен өркендеу өрістеріне кедергі келтіргені сәт сайын танылады. 1986 жылдың көктемінде Бас хатшы М.Горбачев қазақ елі басшысын (Д.Қонаев) Мәскеуге шақыртты. «Гурьев және Орал өңірін – Орынбор облысына қосу, Теңіз мұнай-газ кеніші мен Түменді біріктіріп, біртұтас кешенді өндірістік аймақ құру» бастамасын алға тартады. Қарашығанақты Ресейге қарату ісін де кеңінен қозғады (139-бет).
«Ол сіз екеуміз шешетін оңай мәселе емес. Оны тек жер дауы мен жесір дауына көлденең келген көк аттыны өмірі араластырып көрмеген қазақ халқы шешеді» деген-ді Д.Қонаев халық тарихы мен дәстүрін, дүниетаным қағидаттарын алға тартып (139-бет).
Алматыда өткен Пленум 18 минутта аяқталды. КОКП ОК хатшысы Разумовский Д.Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына Ресейдің Ульянов обкомында 1-хатшы болып істеген Г.Колбинді қойды.
Пленум шешіміне қарсылық білдірген қалың көптің қарасы көп еді. Студент жастардың даусы да, екпіндері де қатты естілді. «Ұлтшылдық» таңбасы негізсіз басылды. Қазақстан Жазушылар одағының көктемде өткен Пленумына Г.Колбин келгенде Желтоқсан тақырыбы да қозғалды. Майдангер-ақындар Т.Бердияров, Ж.Молдағалиев және сатирик Ш.Смаханұлы елдік мүдде, ерлік шежіресін әр қырынан сөз етті. Мәскеудің «саяси ойын ережесі» қазақ халқына, жастардың өмір-тағдырына кері әсер етіп, сызат түсіргені де барынша байыпты да дәлелді, жүйелі жеткізілді.
Тарихи романның 3-бөлімі Д.Қонаевтың күзет тобына қызметке алынған Амангелді Шабдарбаевқа таңдау түскені төңірегінде өріс алады. Алғашқы кездесу, сұхбаттасу сәтінде: «Оның әкесі Смағұл Шабдарбаев Ақсай өзенінің суын бөгеп, колхоз-совхоздар мен аудандарға электр жарығын тартқанымен жұрт жадында қалғаны отбасылық құндылықтар» хақында байыпты баяндалады (449-43-беттер). Бұдан басқа, Д.Қонаев орнына өздерін «үміткер санап» жүрген – Жоңғарбаев, Қаражамалдинов, Әбуталиев, Меңдібаевтар қисынын тауып, Г.Колбинге қаралау бағытында қисыннан жол тауып, «мәнді сыр» ашады (502-505-беттер).
Тарихи романның 4-бөлімінде
Д.Қонаевтың елу жыл, алты ай, екі күн отбасылық өмірде бірге ғұмыр кешкен асыл жары – Зухраның өмірден өтуі, одан кейінгі қиын да сындарлы сәттер кең көлемде орын алады. Д.Қонаевтың жары – Зухра ханымның от басындағы орын-үлесі, әкесі – Шәріптің дәулетті, сауатты болғаны, Ташкентте өмір сапары аяқталғаны, анасының Атбасарда жерленгені жөнінде де анық-қанық сөз етіледі. Сондай-ақ Д.Қонаев өмірінің соңғы кезеңі, Алматы шаһары маңындағы тау бөктеріндегі кеше мен бүгінге қатысты мың сан ойлары мен толғаныстары, «жалғыздық кезеңінің» көлеңкелі тұстары мол салқын да сүреңсіз сиқы, Мәскеу–Қазақстан қатынасы, Горбачев–Қонаев көзқарастары қатпарлы тарихтың «шерлі шежіресіндей» сыр ашады (575-591-беттер). Кремль–Горбачев–Колбин ұстанымы, Желтоқсан – Жастар бағыты да нақтылы дерек, мол материалдар негізінде кең түрде орын алады (599-610-беттер). Кремль және Т.Рысқұлов, Д.Қонаев хақындағы ұстанымдар мәнінен де «билік тізгінінің» салқын да ызғарлы лебін аңғаруға болады. Тарих пен өмір тағылымының, уақыт рухының сырлары да мол.
Түркі дүниесіне мәшҺүр Халифа Алтай мен Шығыс өнерінің танымал жеңімпазы Мұстафа Өзтүрікпен, алғашқы ұлттық ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен болған жылы шырайлы кездесу-сұхбаттар мәнінен де адамдық борыш, ізгілік пен имандылық, адамгершілік пен жауапкершілік жүгі, сыйластық сырлары кең көлемде терең танылады (611-622-беттер).
Сондай-ақ Д.Қонаевтың Оңтүстік өңіріндегі атақты адамдардың соңғы сапары аяқталған жерлерде болып (Арыстан баб, Қ.А.Ясауи, Айша бибі, Қарахан, Төле би, Сыпатай батыр, т.с.с.), тәу етіп, зиярат жасауы кәделі де сауапты сипаттарымен есте қалады (626-641-беттер). Түркия сапары (Анкара, Ыстанбұл, Конье), Ататүрік тағылымы – тамырлы тарих мәнін, халықтар достығын әр қырынан ашуымен де жұрт жадында қалады.
Анығында, тарихи романның басты арқауы – ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейінгі кезең, яғни Д.Қонаевтың ел басқарған тұстағы қоғамдық-саяси өмірі, ұлт алдындағы адами мұраттары, азаматтық болмысы мен қайраткерлік келбеті кең түрде көрініс береді. Д.Қонаев пен оның төңірегіндегі қызмет бабындағы адамдардың көзқарас жүйесі, жан-жүрек әлемі, әрқилы әрекет-қимылдары да өмір өрімі, оқиға өрісі, тартыс сипатында орын алады. Бұдан басқа, Л.Брежнев пен Д.Қонаев арасындағы адами һәм достық қарым-қатнас сипаттары, ақын О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы мен «Жас тұлпар» ұйымына араша түсіп, жанашырлық танытуы, халықтық дәстүр мен дүниетаным қағидаттарына беріктігі, руханият арналарына сергек қарайтыны, сөз жоқ адамдық борыш, адамгершілік мұраттарына адалдық, өмір тағылымы мол өнегелік-ғибраттық үлгісі ретінде есте қалады. Анығында, дәуірдің даналық дидарына айналған Д.Қонаевтың кезеңі мен қызметін, адамдық мұраты мен адамгершілік қырларын кең көлемде көрсеткен, іргелі ізденіс жемісі – «Көсем» тарихи романы тақырыптық мәнімен, жанр жүйесіне тән ерекшелігімен Һәм көркемдік кеңістігімен жұрт жадына берік ұялары анық. Әрі «Көсем» – Д.Қонаев дәуірінің көркем шежіресі. Ұлтқа қызмет етудің, ел-жерге құрмет пен тағзымның белесті биігі, өмір өрнегі мен тағылымы.
Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор