50341
90 мың студент білім ала ма, пәтерақы іздей ме?
90 мың студент білім ала ма, пәтерақы іздей ме?
Елімізде жалға берілетін пәтер құны қымбаттады. Бағаның өскені, әсіресе ірі қалаларда байқалады. Өйткені мегаполистерде пәтерге сұраныс артқан. Мұнымен қоса жаңа оқу жылы қарсаңында алып шаһарға жан-жақтан ағылатын студенттер пәтер іздеуге кіріседі.
Сарапшылардың айтуынша, қазір Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жалдамалы пәтер 15 пайызға қымбаттаған. Пәтердің орналасқан ауданы мен сапасы, маңында білім беру және медицина нысандарының болуы бағаға әсер етеді. Мамандар қымбатшылықтың тағы бір себебін шетелдік компаниялардың елімізге үдере көшіп келуімен, туристердің көбеюімен байланыстырады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізге 2 миллион 134 мың 598 шетелдік келген.
«Қазір жалға берілетін пәтер қымбаттайтын уақыт. Өйткені студенттер келеді. Сұраныс көп. Алматы қаласының орталығынан бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 200 мыңның айналасында. Көктемде 170 мың болды. Ал былтыр 150 мың теңге еді. Екі бөлмелі пәтер – 250 мың теңге. Қаланың шет жағында арзандау. Мысалы, Саялы, Құлагер шағынауданынан 1 бөлмелі пәтерді 150 мыңға жалға алуға болады. Бірақ көбі орталықтан іздейді. Әсіресе, жас отбасылар, студенттер. Негізі, студенттер ҰБТ тапсырғаннан кейін сөйлесіп, алып қойғаны дұрыс. Кейін баға көтеріледі. Оқуға келгенде жатақхана жетпейді. Оқу орындарының көбі жекешелендірілген. Бұрынғы жатақханалардың бәрін коммерциялық мақсатта пайдаланып, жалға беріп қойған. Қымбат бағамен ұстап отыр. Алматы халқының саны 2 миллион үстінде. Келіп жатқандары қаншама. Тіркеуге тұрмай сауда жасап, құрылыста жұмыс істеп жүргендер бар. Соның бәрі бағаның көтерілуіне әсер етіп жатыр», – дейді Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі, Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Жәрдем Ақбисенов.Мамандар бағаны тұрақтандыру үшін мемлекет арнайы бағдарлама жасау керек екенін айтады. Сатылым жүйесінде де осындай бағдарлама болмай тұр. Айналып келгенде, мұның салдары қымбатшылыққа әкеледі.
«7-20-25», «Бақытты баспана» бағдарламалары тоқтап қалды. Бастапқы мен екінші нарықтағы пәтердің бағасы теңесіп кетті. Қазір екінші нарықтағы үйлер жақсы өтіп жатыр», – дейді Жәрдем Ақбисенов.Елімізде студенттерге жатақхана жетіспеуі өзекті мәселеге айналып отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық ЖОО ректорларымен кездесуінде жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны 90 мыңға жуықтауы мүмкін екенін айтқан болатын. «Тамыз айының аяғы, қыркүйектің басында пәтерді жалға алу бағасы өседі. Бұл – жыл сайынғы дәстүр. Жалға берілетін үй иелері студенттерге пәтер қажет екенін біліп, бағаны көтереді. Сатылатын, жалға берілетін пәтер болсын, Алматыдағы баға елордадан шамамен 20 пайызға қымбат. Қазір жалға алу үшін 150 мыңға бір бөлмелі пәтер табу қиын. Табылса да, жағдай жасалмаған, лас болуы мүмкін.
Қымбатшылыққа әсер етіп жатқан басты мәселенің бірі – студенттерге арналған жатақханалардың жетіспеуі. Мемлекеттік, жекеменшік болсын, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етсе, жалға берілетін үй иелері бағаны бұлай көтермейтін еді. Мысалы, карантин кезінде сабақ онлайн болды. Сол кезде баға бұлай шарықтаған жоқ. Студенттер қашықтан оқыған соң баға бірқалыпта тұрды. Үй иелері қымбатшылықты қолдан жасайды», – дейді Benvido компаниясының директоры Аяжан Алпысқызы.