246
БІЗДІҢ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ БЕЙЖІҢГЕ САПАРЫ Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналды
БІЗДІҢ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ БЕЙЖІҢГЕ САПАРЫ Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналды
Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Осы орайда, Елбасы ұлтымыздың ұлық мерекесі саналатын осы тарихи оқиғаны әлемдік деңгейде насихаттауға тапсырма берді. Ірілі-ұсақты шаралар ендігі басталып та кеткен. Солардың бірі – жуырда Халықаралық Түркі академиясының Қытай астанасы Бейжіңде өткізген ғылыми жиыны.
Бейжіңдегі салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі аталған жиынды өткізуге Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тікелей қатысы бар екендігін және Елбасының тапсырмасы бойынша биыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтетінін айтты: «Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында халқымыздың терең тарихы ғұндардан бастау алып, көк түріктерге ұласып, одан кейін Алтын Ордамен жалғасып, Тәуелсіздігімізбен сабақтасатынын ерекше атап өткен болатын». Қазақ елімен ықылым заманнан бері ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші мемлекет – Қытайдың Ұлы Жібек жолы арқылы байланысты үзбегенін айтқан Дархан Қыдырәлі аталған шараның Қытайда бекер өткізілмегеніне тоқталды.
Алқалы жиында қазақ тарихы, әсіресе, Қазақ хандығының мемлекет болып қалыптасқан тарихи кезеңдері жайлы жан-жақты мәліметтер келтірілді. Қытай ғалымдарының жиынға қызығушылық танытуы да сондықтан болса керек. Әсіресе, қытайлар Қазақстан тарапынан қатысушылар арасындағы Халықаралық Түркі академиясының қызметкері, профессор Бақыт Еженханұлының Қазақ хандығының тарихы туралы қытай-мәнжу мұрағат құжаттарына сүйеніп жасаған баяндамасын ыждағатпен тыңдап, сөз соңында сұрақты қарша боратты. Ең бастысы, қазақ ғалымы Қазақ хандығына қатысты ғылыми негіздегі жаңа деректер ұсынды.
Қазақстан делегациясымен бірге мінберге шыққан Қытай Қоғамдық ғылым академиясы Әлеуметтік зерттеулер институтының директоры, профессор Сун Чжунчжи, Бүкілқытайлық этникалық аз ұлттар тарихын зерттеушілер қауымдастығының бас хатшысы профессор Лю Чжэньин, Қытайдың шекаралық аймақтарын зерттеу институтының бұрынғы басшысы, профессор Ли Цин Шэн т.б. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өз пікірлерін білдірді.
Қазақ ғалымдарының Қытайға арнайы сапармен келіп, құнды деректермен, ғылыми тұжырымдармен бөліскеніне алғысын білдірген Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясына (CASS) қарасты Этнология және антропология институтының директоры Ван Яньчжун «Бүгін қазақ тарихшыларының институтымызға келіп, баяндама жасап, пікір алмасуы біздің қазақ тарихы, жалпы қазақ еліне деген түсінігімізді тереңдете түсті. Мұндай шаралар біздің стратегиялық маңызды көршіміз – Қазақстанмен гуманитарлық-мәдени байланысты тереңдетуге оң әсерін тигізеді», – деп мәлімдеді. Ал Қытайдағы белгілі тарихшы, профессор Бай Цуй Циң соңғы жылдары Қазақстан тарихшыларының Цин мұрағатындағы Қазақ тарихына қатысты құжаттарды жинастыру, зерттеу жұмыстарына жоғары баға берді. Тарихшының пікірінше, 1950 жылдан бері қазақ халқы мен тарихы, мәдениетіне қатысты қытай тілінде 2600-ден астам ғылыми мақалалар мен ондаған кітаптар жарық көрген екен. Соңғы кездері бұл салада докторлық және магистрлік зерттеу жұмыстарының саны артыпты. Олардың арасында жергілікті жас қазақ ғалымдарының да қатары өсіп келеді. Өз сөзінде Бай Цуй Циң: «тақырыптарды қайталамау, дереккөздерді тиянақты жинақтау мен терең талдау мәселесінде қазақ әріптестерімізден үйренеріміз көп. Сол себепті сіздермен ынтымақтастықты арттыруымыз керек», – деді. Көршілес елдегі тағы бір танымал тарихшы Ли Цин Шэн Қытай ғалымдары бұдан кейін Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты зерттеу жүргізгенде қазақ әріптестерінің сол саладағы еңбектеріне баса мән беруі тиіс екендігін ескертті. Ғылыми шараның соңында Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты бірнеше институт Халықарлық Түркі академиясымен бірлесіп жұмыс істеуге деген қызығушылықтарын білдірді. Бірлесіп ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ шаралар атқару және ғылыми жинақтар шығару туралы мәселені талқыға салды. Маңызы зор бұл сапар Қытай мұрағаттарына жол ашып, ынтымақтастық шеңберіндегі шаралар барысында Қазақ хандығына қатысты тарихи деректер қатарын толықтыра түсері анық.
Бейжің сапары кезінде Халықаралық Түркі академиясының ғалымдары Қытайдың бірінші тарихи музейінен Қазақ хандығына қатысты бұрын жарық көрмеген құнды құжаттар тапты. Мәселен, Қазақ хан-сұлтандарының Цин патшалығына жолдаған шағатай және қалмақ тілдеріндегі хаттары, Қазақ хандығы мен Цин мемлекеті дипломатиясына байланысты мәнжу тіліндегі маңызды жазбалары. Аталған құжаттардың көшірмелері алынды. Сонымен қатар қазақ ғалымдары мың жыл бұрын түрік сөздігін жазып, тіліміздің құдіретін дүниеге танытқан Махмұт Қашқари мен биыл мың жылдық мерейтойы аталып өтілетін Жүсіп Баласағұни бабамыздың басына барып, тағзым етті. Үрімшідегі қазақ ғалымдары мен зиялыларымен кездесу өткізді. Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Түркі академиясының ұйымдастыруымен өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатысты халықаралық деңгейдегі мұндай ғылыми жиындар жыл соңына дейін жалғаса бермек.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ