891
Астанада «Марко Полоның Жібек жолы» фильмі көрсетілді
Астанада «Марко Полоның Жібек жолы» фильмі көрсетілді
Елордада «Марко Полоның Жібек жолы» атты ғылыми-көпшілік фильмінің премьералық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі. Фильм тұсаукесерінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жоба отандық кинематографты халықаралық деңгейге шығаруға бағытталғындығын атап өтті.
«Елбасы бізді барша әлемге танытқан Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуымыз қажет екендігін үнемі ескертіп келеді. Бұл жоба мемлекетіміздің имиджін арттыруды, отандық кинематографқа шетелдік көрермендердің қызығушылығын шақыратын жоғары сапалы ғылыми-көпшілік жанрды қалыптастыруды мақсат етеді. Жобаны шетелдік әріптестерімізбен бірлесе жүзеге асырып отырғандығымыз маңызды. Алдағы уақытта қазақстандық киноөнімдерді үлкен халықаралық аудитория алдында жүзеге асыруымызға болады», — деді министр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов фильмді түсіруге дайындық кезеңінде көлемді зерттеу жұмыстары жүргізілгендігін айтты.
Италияның әлемге танымал саяхатшысы туралы ғылыми-биографиялық материал жинақтау үшін үстіміздегі жылдың мамыр айында Астанада Марко Поло мұрасы туралы «дөңгелек үстел» өтті. Шараға Қытай, Италия, Ресей және Қазақстан ғалымдары мен киноматографистері қатысты. Олардың қатарында Миландағы Амброзиано академиясының профессоры Эдоардо Канетта, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец секілді өзге де белді ғалымдар болды.
«Марко Полоның Жібек жолы» ғылыми-көпшілік фильмі италиялық танымал көпес Марко Полоның Ұлы дала бойындағы саяхаттары туралы кітабының желісі бойынша түсірілді. Картинада негізінен Орталық Азия мен бүгінгі Қазақстан аймағын сипаттауға айрықша маңыз беріледі. Режиссердің ойы ғылыми сұхбат, тарихи реконструкция мен этнографиялық фильм үйлесімі негізінде құрылған. Жетекші қазақстандық және шетелдік тарихшы-сарапшылар Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен қазақ тіліне алғаш рет аударылған Марко Полоның «Әлемнің әралуандығы» атты кітабының бірейгейлігі туралы баяндайды. Фильм сарапшыларының бірі, танымал поляк зерттеушісі Яцек Палкевич 2017 жылы Марко Полоның жолын қайталауға ниетін білдірді. «Марко Полоның Жібек жолы» фильмі жеті мемлекеттің өкілдері қатысатын халықаралық экспедиция бағдарының барлығында көрсетілетін болады. Сонымен қатар фильмді АҚШ, Қытай, Италияда көрсету жоспарда бар. Қазақстандағы көрсетілім үшін фильм қазақ тіліне аударылады. Бұл мемлекеттік тілдің дамуы мен тарихи-мәдени ағарту ісіне септігін тигізеді», — деді ҚазҒЗМИ директоры А. Хазбулатов.
Мәдениет және спорт министрлігі Марко Поло туралы қазақстандық фильмін халықаралық кинофестивальдерге қатыстыру арқылы шетелдік кинонарықтағы Қазақстан беделін арттыруға үлес қосуды жоспарлап отыр.
Айта кетерлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысына орай Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты италиялық және қытайлық әріптестерімен бірлесіп түсірген фильмнің тұұсаукесер көрсетіліміне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, фильмнің шетелдік әріптестері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.