206
Түркіменстанда президенттікке тоғыз үміткер тіркелді
Түркіменстанда президенттікке тоғыз үміткер тіркелді
Түркіменстанда 12 ақпанда өтетін президенттік сайлауға үміткерлер саны тоғызға жетті, деп хабарлады жергілікті БАҚ.
Осы аптада Түркіменстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы Марый уәлаяты басшысының орынбасары Жұманазар Аннаевты, мәжіліс депутаты Рамазан Дурдыевті, Дашоғыз уәлаяты басшысының орынбасары Меретдурды Гурбановты, Ахал уәлаятының экономика және даму басқармасының басшысы Сердар Желиловты, "Гарабогазсульфат" мемлекеттік концернінің басшысы Сүлейманнепес Нұрнепесовты тіркеді. Олардың барлығына президенттікке үміткер куәлігі берілді.
Бұған дейін тіркелген үміткерлер - Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангұлы Бердымұхамедов, "Рысгал" банкінің бас директоры және парламент депутаты Бекмұрат Аталиев, Түркіменстан аграрлық партиясы Марый уәлаяты комитетінің басшысы Дурдыгылыш Оразов, мемлекеттік тамақ өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Мақсат Аннанпесов.
25 желтоқсанда Бердымұхамедов сайлау бағдарламасын мемлекеттік телеарна эфирінде жариялап, өзіне берілген эфир уақытының қалғанын басқа да үміткерлерге беретінін мәлімдеді.