50245
Депутат «түйені түгімен жұтқан» олигархтарды сынады
Депутат «түйені түгімен жұтқан» олигархтарды сынады
Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров саясатқа ауыл, аудан, облыс республиканың түкпір-түкпірінен жастарды тарту керек деген пікір айтты деп хабарлады turkystan.kz aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясы терең реформация кезеңін бастады.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеу жөнінде кеңес өткізді.
Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ партияның аймақтық филиалдары жиынға онлайн қосылды.
Саяси тұғырнаманы жаңарту жұмыстары биыл сәуірден бастап жүргізіліп жатыр. Кездесуді аша отырып, Ерлан Қошанов Қазақстан дамудың сапалы жаңа кезеңіне қадам басқанын және «AMANAT» партиясы қоғам талабына сай өзгеруі тиіс екенін атап өтті.
«Жиналыста басқа партияластармен мен де «AMANAT»-тың бүгінгі заман талаптарына сай трансформациялану мәселесіне қатысты өзімнің ойымды білдірдім.
- «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси модернизация бағытын творчестволық түрде дамыта отырып, Әділетті Қазақстанның мән-мағынасы мен философиясын қалыптастыру үстінде.
- Партияның ең басты міндеті – нақты адамдардың мұң-мүддесін іс жүзіне асыру. «Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін» деген принцип ең басты аспект болуы шарт!
- Партия қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, халқымыздың рухани әлемін сақтау үшін фундамент жасауы керек.
- Деолигархизация. Халқымыздың материалдық құндылықтарын әділетсіз түрде иеленіп алып, «түйені түгімен жұтқан», заңды белшесінен бұзған олигархтар банк, зауыт, фабрикаларды мемлекетке қайтаруы тиіс.
- Шетке заңсыз кеткен капитал толық қайтуы керек.
- Жастарға саяси, әлеуметтік лифт жасау – партияның ең негізгі борышы! Саясатқа аудан, облыс, республика деңгейінде аймақтардан жастарды тарту маңызды.
- Біздің ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі! Тәуелсіздік идеясы аясында барлық саяси күштер топтаса білуі қажет.
- Демократия, плюрализм қажет.