50229
Оралда екі жұмысшы кәріз суына тұншығып, қайтыс болды
Оралда екі жұмысшы кәріз суына тұншығып, қайтыс болды
Оралда «Батыс су арнасы» мекемесінің екі жұмысшысы қаза тапты деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Олар канализация насос станциясын жөндеп жатқанда апат болып, диаметрі бір метрлік кәріз құбырынан атқылаған суға тұншығып қалған. 40 және 51 жастағы апталдай екі азаматты құтқару мүмкін болмады.
«Жедел жәрдем шақырдық. Кәріз құбырынан аққан лас су. Оны бір жұтсаң жетіп жатыр. Санаулы секундта адам тұншығып қалады. Біреуін өзіміз шығарып алдық. Бірақ аман алып қала алмадық. Ал екінші жұмысшы бұранда ашылып кеткенде соққы алды ма, ол жағын білмеймін. Жабылып жүріп шығара алмадық», - дейді «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Әнуар Аркенов.
Құдықта қалған екінші жұмысшының денесін құтқарушылар алып шыққан. Апат таңертең болған. Қаланың су арнасы оралдықтарға кәріз құбыры жарылғанын хабарлап, суды тоқтатып тастаған. Жөндеу бригадасы екінші насос станциясына барып іске кіріседі. Екі жұмысшы коллекторға құбырлардың бағытын өзгертіп жалғау үшін жер астына түседі. Осы кезде көзді ашып-жұмғанша құдыққа лас су ағылып толып қалған. Екі жұмысшы кәріз суына батып кетеді. Бұранда қалайша жылжып кетті, қауіпсіздік шарасы сақталды ма, әзірге оны ешкім айта алмайды. Қазір оқиға орнында еңбек инспекторлары мен полиция жұмыс істеп жатыр.
«1971 және 1982 жылғы азаматтар жөндеу жүргізіп жатқан кезде апатты жағдай орын алып, оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі, сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Лунара Аманғалиева.