Бір шөкім жыр немесе біз ғашық өлең

Бір шөкім жыр немесе біз ғашық өлең

Бір шөкім жыр немесе біз ғашық өлең
ашық дереккөзі
1136
Мен ғашық қыз сыймайды екен пәниге... Пәктігі оның хас тек қана сәбиге!.. Қиялымда періште бар, ол – сол қыз, Мен періште емеспін ғой, әрине. КазГУ қалашығының қабырғасында «ақынды ке­зеңдердің» өшпес белгісіндей боп қашалып қал­ған жырлар бар. Тек қана «казгулық» студенттер оқу­ға тиіс, тек қана солар жатқа соғуға тиіс жыр­лар... Ол тізімге Абай хакімнің өлеңдері кірмеуі мүм­кін, ол тізімге Мағжан да кірмеуі мүмкін. Бірақ оның қатарында Маралтайдың «Әдиласы» бар, Әмірхан Бал­қыбектің «Қатардағы өлеңі» бар, Әділ Бот­пановтың «Өмірзаясы» бар, Бауыржан Баба­жанұлы­ның «Уәдесі» бар... Бұл – бір ғана буынның тізімі. Оның алдында Есенғали Рау­шанов, Жұматай Жа­қып­баев, Жұме­кен­дер... Бәл­кім, басқа оқу орын­да­рында оқи­тын ақын­­дардан «қыз­ға­на­тын» шақ па екен, әй­теуір казгулық­тардың жанына мей­лінше жа­қын жырлар еді олар. Со­­ның бірі – «Мен ғашық қыз». Ба­тыр­болат Айтб­ола­тұлының өлеңі. Жыр­ларды жатқа со­ға­тын жас ақын­дар­дан бө­лек, ға­шық­тықтың өр­тіне күйіп жүрген кез кел­ген боз­баланың, кез кел­ген жі­гіт­тің сүйік­тісіне жол­дар иша­ра­­сын­дай. Ол өлең­ді оқыған бой­­жет­кен де ал­дын­да тұрған жігіттің сезі­мін алғаусыз деп ұғатындай-ақ. Сон­дай мөлдір, сондай таза жыр бәрін де жуып-шаяды. Ал жас ақындар бұл өлеңді не үшін жақсы көреді?! Әлбетте, бұл сезімді бас­тан кешіп үлгірген жас перілерге бірден ұнайды-ақ. Сонымен бірге бір өлеңін ұнатқан ақынды жас талапкер одан ары іздей түспей ме?! Әлбетте, іздейді. Әл­бетте, іздедік. Жақсы өлеңнің авторы­ның екі бірдей жинағы бар екен. «Мен ғашық қыз» және «Көзмоншақ». Таңғы шық­тай мөлдіреп тұрған жырлар. Ара­сында ақынның әлеуметтік қайшылық­тарға білдірген азаматтық үні де бар. Тамаша-ақ! «Пушкин туралы Байтоқ ағамның бай­ламы», «Қайрош-Қайырбек. Бостан­дық» секілді оқиғалы өлеңдерді де шы­мыр жазады. Жасыратыны жоқ, осын­дай өлеңдердің көптеп кезіккенін қа­ладық. Дегенмен отызға таяғанда ондай өлеңдердің өзімізде бірі де жоқ екені еске түскенде ағамызға түсіністікпен қарайтындаймыз қазір. Құдай куә – қол созуға жасқанам, Сен, өйткені, ерекшесің басқадан. Өзіме де қимаған соң қорқамын, Қадіріңе де жетпей ме деп басқа адам. Қайталауға тура келеді, ғашық жан­ның бойтұмарына айналатындай-ақ жыр бұл да. Жалпы, Батырболат ағаның махаббат тақырыбындағы лирикалық өлең­дерінің ешқайсысы бір-бірінен кем емес. Керісінше, бірін-бірі толық­тыра­тын махаббат дастаны секілді жырлар. Ересек оқырманның ессіз ғашық сәт­терін еске түсіретін, көңіл түкпірінен қай-қайда­ғыны қозғайтын мөлдір өлең­дер. «Батыл бас!» – деп, ағараңдап жол жатты, Басын сонау күн байыған тұсқа артып... немесе ...Сүртіп уақыт жаздан қалған іздерді, Сұр аспанға тырна-таспиық тізді енді... – деген секілді сұлу сөзбен пейзаж са­ла­тын шумақтар да жиі кездеседі. Оқыр­манға керегі не?! Осындай кестелі жырлар, әрине. Есенғали Раушановтың Сағи Жиенбаев туралы эссесінде оны «Жұм­сақ» деп атайды. Эссенің тақыры­бы да солай. Расында, Сағи ақынның өлең­дері сол атауға сай. Оны автор дә­лел­дейді де. Ал Батырболат Айтбола­тұлы­ның өлеңдеріне қандай атау берер едіңіз десе, өз басым «Мөлдір» деген атау­ды ұсынар едім. Әлбетте, өз пікірім. Ақын­ның барлық өлеңі осыған шақ ке­леді, меніңше. Өлеңдерін барша оқыр­манға ұсынғаннан басқа дәлелім де жоқ менің. Кейде... аңызақ аптапта, мазасыз ыстықта төбеңе бір шөкім бұлт келе қалатын сәт болады. Шетсіз-шексіз зеңгір көкке тіршіліктен хабар берер бір шөкім бұлт. Аптаптан басыңды ала қашқан мазасыз сәтіңе бір сәт көлеңке болады. Жаның жадырайды. Осы кө­леңкенің соңынан ілесіп жүре бергің келеді, жүре бергің келеді... Батырболат ағаның да жыры сон­дай. Аз да емес, көп емес, бір шө­­кім жыр. Пышақтың қырындай екі ша­ғын жинақ. Оның өзі жарыққа шық­қа­нына ширек ғасыр. Есесіне жаның жа­дырайды. Аптап-дүниеден басыңды ала қашқан мазасыз сәтіңе бір сәт көлеңке түсірер бір шөкім жыр. Бір шөкім жыр туралы көп-көп әңгіме айтуға болады. Әр тараптан да талдауға болады. Дегенмен ендігі сөзді замандас­тарыма берсем деймін. Олар­дың да жақсы ақын туралы айтары бар. Қайсар ҚАУЫМБЕК:

«Тамаша лирик ақын»

Қытайдың Құлжа қаласында педа­гогикалық университет бар. Сонда Қа­зақстаннан шығатын «Егемен Қазақ­стан­нан» бастап «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұл­дыз» журналы бар – 20 шақты га­зет-журнал келетін. Мұқағали мен Қа­сымдардың кітабы келетін де, одан кейін­гі буынның өлеңдерін осы басы­лым­дардан оқыдық. Есенғали Рауша­новтан бастап Мейірхан Ақдәулетұлы, Серік Ақсұңқарұлы, кейінгі Маралтай ағалардың замандастарын, одан кейінгі Ақберен Елгезек, Ерлан Жүністерді Құл­жадағы әдеби ортаға осы басылымдар та­нытты. Одан соң гу-гу әңгіме. «Анау мық­ты, мынау мықты» деген дауласулар да боп жататын. Бірінен-бірі естіп, сол басылымдарды ақтарып жататын. Батырболат ағаны да солай таныдым. Алматыға келгенімізше сол газет-жур­налдарды оқып тұрдым. Басқа ақындар дүркін-дүркін шығып тұратын да, Батырболат ағамыз көрінбей кетті. «Та­маша лирик ақын» деп бір ағамыз аса қатты мақтаушы еді. Кейін елге келген соң кітаптарын тауып оқыдық. Шы­нын­да да, мөлдір жырлар, керемет өлең­дер. Интернеттен де тауып оқыға­нымыз сол бұрынғы жырлар екен. Неге жазбайды кетті екен деген сұрақ, әрине болды. Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ:

Барлық өлеңінің қуаты бар

Батырболат ағаның жүрекке жы­лы тиетін, әрі жұп-жұмыр, әрі өте нәзік «Мен ғашық қыз» деген өлеңі бар. Жалғаннан мазасыз күй кешкен ға­шық халдің көңілін соншалықты дөп басып жеткізеді. Іштегі қатып қалған шер-шеменді жібіткендей болады, жүрек түкпірінде көмескіленіп қалған сезімдерге жан бітіргендей күй кеш­тіреді. Ол ақынның соншалықты лирик екенін білдіреді. Ақынның «Қарсаңда» және «Қайрош-Қайырбек. Бостандық» деген өлеңдерінің айтар ойы бір-бірімен сабақтасып жатқандай. Бірақ екеуі өзінше екі бөлек жыр. Лирикалық кейіпкердің аңғалдығы, тазалығы, сағы­нышы, туған топыраққа деген ақ ұлпа­дай махаббаты сондай шынайы бей­неленген. Осы өлең оқырманның да елге деген сағыныш отын маздатады. Ақынның ішкі қыжылы, қоғамның дертін жанайқайымен жеткізетін «Мектептесім Малдыбай милицияға ма­дақ» деген өлеңі бар. Онда өнердің, сөз­дің қадірінің жоғалуы мен оның қадір-қасиетін түйсінуден қалып бара жатқанын жырлайды. Батырболат Айтболатұлы ағаның жыр­лары шынайылығымен өмір­шең деп ойлаймын. Қай өлеңін ал­саңыз да, ішінде ыстық қуаты бар. Ол қуат оқырманның жүрегіне дариды. Поэ­зияны біз сол үшін оқып, сол үшін қ­адірлейтін шығармыз. Шерхан ТАЛАП:

Батырболат ағадай өлеңдегі биіктікті аласартып алмасақ екен

Шыны керек, Батырболат аға­ның есімін алғаш Алматыға кел­­геннен кейін ғана естідім. Жер­шіл­дігі­міз жоқ. Қай жүзден екенімізді де осын­да келіп жақсы біле бастаған­дай­мыз. «Өлең сүріп, өмір жазып» жүрсек бол­ғаны. Әмірхан Балқыбекті жиі жа­ға­лаймыз, Маралтай Райымбекұлы, Ба­қыт Беделхан, Мұрат Шаймаран сын­ды ағаларды айналшықтаймыз. Алғаш­қы курс. Жатақханадағы жан тер­бер кештердің бірінде қатарлас жігіт «Мен ғашық қыз» деген өлең оқыды. Жүректі шымшып, көңілді өртейді. Қыз­дар жағы қызара төмен қарап, жы­лы жымияды. Жанымыз жадырап, ерек­ше бір сезімнің лебіне масайып қал­ғандаймыз. Авторы Батырболат Айт­болат­ұлы екен. Кейін университеттің ая­дай кітапханасынан жұқа ғана жаңа­ғы өлең аттас кітапты тауып оқыдық. Мы­на қызықты қараңыз! Біз сонау қиыр­да енді дүниеге келіп жатқан кезде жа­зылған өлең арада 17 жылдай уақыт өтсе де, әлі күн «он жетінші жатақ­хана­ның» қабырғасында жаңғырып тұр. Жақсы өлеңнің ғұмыры ұзақ бола­ты­нына қалай иланбассың! Сол жылы, қайдан екенін білмей­мін, телефон нөмірін тауып алып хабарластым. Мақсатым – облыс­тық газетке сұхбат алу. Астана жаққа ауысқан екен. Мемлекеттік қызметтің қар­баласынан қолы қалт босамайтын­дай көрінді. Жұрт құсап жарқырай көрі­ніп, ділмарсып сұхбат бере беруге де құлықты еместей. Тосылып қалдым. Біраз тіл­дескеннен кейін ғана бірінші курс сту­дентінің көңілін қимағандай әрең келісім берді. Кейін ол сұхба­ты­мызды бірнеше газет, сайттар көшіріп ба­сып, әдеби ортада үлкен әңгімеге айналды. Сол сұхбатта Батырболат ағаның «Кейде мен өзімнің тым қатал та­лабым мен кінәз талғамым үшін қы­сылатыным бар. Сондықтан пікір айта бермеймін. Өзгені жоғарыдан сынап-мі­нейтін керемет деңгейге жеткен клас­сикпін дегенім емес, адам бойынан асып секіре алмайды, өзімнің де жаза алмай кеткенім талғамым тұсағаннан шығар деп ойлаймын» дегені есте. Кейде біз де іштей өзімізге Батырболат аға сынды талап қойып, жаман дүние жаз­бауға қанша тырыссақ та, талғамымыз жетпей қалып жататындай. «Мен етікші болсам да, жаман етікші болмас едім» дей­тін толстойлық талап пен талғамды жоғалтып алғандаймыз. Мұқағалидың Әбділ­даға арнап жазған өлеңінде «Жа­ман жыр жазғанымда ақ таяғың, арқам­да ойнай ма деп қауіптенем...» дейтінін­дей, жаңа жыр жаза қалсақ Батырболат ағадай өлеңдегі биіктікті аласартып алма­сақ екен дейміз.

Еламан ХАСЕНҰЛЫ:

Қызыға да қызғана оқимыз

Батырболат Айтболатұлымен «Мен ғашық қыз» өлеңі арқылы та­ныстым. Туған ауылдан жырақта, сту­дент сағынышымен арпалысқан шақ­тарда, алғашқы махаббатымды күндіз ойым­нан, түнде түсімнен «қуып шығара алмай» жүргенде жүрегіме жұбаныш бо­лып еді. Мен де «Қаламыма жан аза­бын жаздырған едім...». Мен де «Жан та­ба алмай қойғам оған жерде тең!...». Мен де «Көзіне шөп салғым келмей ыш­қын­ғам, Қиялдағы сол мүбәрак елестің...». Одан кейін әр жерде кездескен сұхбаттарын, өлеңдерін оқып, жан-дәрігерін тапқан едім. Ағаның «Жүрегімнің лүпілімен тер­бетем...» топтамасындағы өлеңдер – өзім­нің басымнан өткен, менің өмірім­де де болған ерекше оқиғалармен жү­рек­тес жырлар. «Қарсаңда» өлеңінде Ақбеттаудан оғы жағында мекен жоқ деп ойлайтын менің ауылыммен қоштасқан сәттегі кеш­кен сезімім бедерленгендей. «Көз­моншақ» жырында жалғыз қарын­дасы­ма айта алмаған сырым, шаға алмаған мұңым, тек іштей күбірлеп, үнсіз айтар ақ тілегім бар. «Қайрош-Қайырбек. Бостандық» өлеңіндегі оқиға тура менің ауылымда болғандай. Біз де жігіт болып келіп, Алатауды сұраған, Алматыны аң­саған құрбыларға бар қызықты жыр қы­латын едік. Жыр қып тұрып, ауылын қат­ты жақсы көретін әлгі бір достың көңі­ліне кірбің түсіруден сақтанатын едік... Ағаның әр жырын, қаламынан там­ған әр тамшы сөзін қызыға да, қызғана да оқимыз. Неге мен жазбадым осы жыр­ларды?

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН

Серіктес жаңалықтары