50388
Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жүлдегері атанған оқушыларды марапаттады
Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жүлдегері атанған оқушыларды марапаттады
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жүлдегері атанған оқушыларды марапаттады деп хабарлады turkystan.kz.
Биыл дарынды балалар 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордты жаңартты.
«Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық. Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады» деп жазды министр.Айтуынша, биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады.
«Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым. Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын. Бойларыңыздағы табандылық, қажырлы еңбек, білімге деген құштарлық қасиеттеріңіз сіздерді жаңа жеңіс пен табысқа жетелей берсін!» – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.