Қош бол, мешін, сәлем саған, ақ тауық!

Қош бол, мешін, сәлем саған, ақ тауық!

Қош бол, мешін, сәлем саған, ақ тауық!
ашық дереккөзі
267
Кең даланы ақ кіреуке қар жапқанда, көгілдір шыршалар әшекей ойыншық таққанда әр саналы пенденің еріксіз ойға батары хақ. Өткен күнге салауат айтар, келер күнге үмітін арқалатар: шолақ қамшының сабындай жыл он екі ай тарих тартпасына тастай салатын ескерусіз нәрсе емес. Әр күннің құшағында ұмытылмастай боп жадыңа жазылған жарқын сәттер, жүрегіңді толқытқан, жаныңды бұлқынтқан аяулы кездер көп болмағы заңдылық. Әсілі, жылдар – саты, күндер – баспалдақ: солай өрге көтерілесің, жалп етіп жығылудан қорықпасаң биікке өрмелерсің. Адам өзгерген бе, заман өзгерген бе қазір? Кім білсін... Үстірт қарасаң, бұрындары ауқымына адам қиялы жетпейтін Жер шары да бірсін-бірсін қусырылып, ежелгіден кішірейе түскен іспетті. Соның бәрі алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алатындығымыздан, қиял жетпес қияндардан түрлі қауесет көз ілеспес ұшқырлықпен үстеліңіздің үстінде жататындығынан шығар. Бұл күнде алыстағы Америка қоңыртөбел аулыңыздан, кәртамыс Еуропа кіндік кескен еліңізден анағұрлым таяу, мүлдем іргелес сияқтанады. Ұялы телефон ұстағандар барша бәлелі оқиғаның, шұғыл жаңалықтың бел ортасында. Телефон туғаныңнан жақын, ғаламтордың өсек-аяңы ата-ананың лебізінен ардақты. Адами болмыс, мәңгілік құндылықтар мен мызғымас категориялар әдірам қалған алмағайып кез. Әйтпесе, тәулігіне 200 тонна космос тозаңын қойнына сіңіріп алатын айналайын Жер-Ана жеңілдеуші ме, үстемелеп өспесе, көлемі кішірейе қоюы да неғайбыл. Азияның алыс пұшпағындағы филиппин жұртында бір жыныстылардың бір-бірімен үйленуіне рұқсат беру үшін жаппай толқулар өршуде. Жақтаушылар көшенің бір шетінде, қарсылар – қарсы бетінде. Арасын мұздай қаруланған, жүздерін қара маска көлегейлеген полицейлер ғана бөліп тұр мізбақпай. Маска кимей тұруға зәрезап болған көңіл дауаламас: қарсы болған деп келер жылдарда қуғынға ұшырауы әбден кәдік. Еріксіз елеңдететін, қарадай елегізетін масқара жайт. Зымыстан Еуропада орын алса елегзуіміз, еріксіз селт етуіміз бекер-дүр, сандаған ғасырлар бойы адамшылықты әспеттеп келген, мәңгілік құндылықтардың мекені сынды асыл Азияда орын алғаны қалай мұның? Әлде... ғасырлар бойы христиан миссионерлері табанға таптап, бұла басын идірген азаттық сүйгіш, асау халықтың бар тапқаны, жеткен жері осы ма?.. Өркениеттің аяғы өлшеусіз құрдым болғаны ма, тәйірі!? Жер бетінде атмосфералық қысым (салмақ) өзгерсе немесе кенеттен жоғалса, адам шіркін бір түйір тозаң болып ауаға ұшып кетері аян. Әрбір адам 80 тонна атмосфералық салмақты әлсіз иығымен көтеріп, арқалап жүр деседі білгір ғалымдар. Жүк тиелген он жүк мәшинесінің ауырлығына тең салмақ, әрбір пенде тау көтерген Толағай. Бірақ ойлы, саналы адам үшін сұмдық өрескел, азғындыққа негізделген әлгіндей ақпарат ағыны иығына түсер салмақты одан әрмен ауырлата түседі-ай, қабырға қайыстырған жүкті батпандап үстемелейді. «Япыр-ай, – дейсің амалсыз күрсініп. – Ауыр жүк әбден қажытқан адамзат меңдуана жеген малдай миы айналып, жақсы мен жаманды, оң мен солын айырудан қалғаны ма?». Задында, ежелгі грек мифологиясындағы баһадүрлердің көпшілігі, әйгілі Ахиллестен бастап талай-талай сандағай ерлер, «сен тұр, мен атайын» дейтін қаһарманның біразы Хитон кентаврдың тәрбиесін көрген деуші еді. Жартылай адам, жартылай құбыжық Хитон кентавр әлсіз адам балаларын талмай тәрбиелеп, елде жоқ ерлерді өсірген-мыс. Сол Хитон грек мифтерінен белгілі баһадүрлерді ғана мәпеледі ме екен, бейуақта бізге белгісіз тірлік иелерін, өзі сынды жартылай адам, жартылай құбыжық көгенкөздерді де қанатының астына алып, әлпештеп өсірсе ше?! Жер бетіндегі бүгінгі адамзат әлгі Хитон кентавр тәрбиелеген жартылай адам, жартылай құбыжықтардан өрбуі де мүмкін-ау. Кім білсін... әйтеуір адамзат асыл құндылықтардан қол үзіп қалғандай, бірте-бірте алыстап кеткен сынды аңғарылары рас. Осындайда ұлы Абаймен, ақындардың патшасы Абай Құнанбайұлымен тіл қатысқың келеді бір уақ. Сөйтсең... «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» дейді ұлы ақын төтесінен бір-ақ қайырып. Кемеңгер, адамсүйгіш Абай да көңіліңе су сепкендей болған соң, адамзаттың асылдығына деген сеніміңе сызат түсе ме, қалай-қалай? Бірақ іштей өндіршектеп, таласасың ұлы жанмен. Жаратушы адамзатты айрықша махаббат, ізгі ниетпен жаратқанына шәк келтіру күпірлік емес пе?! Ұлы ақынның баршадан көңілі қалған, санасы сансырап, ел көшкен жазғы жайлаудай жаны құлазыған, зарыққан сәтінде айта салған ашулы сөзі ғой бұл. Әйтпесе... жұмыр басты пенде байғұстың үкілеген үміті, алып-ұшқан арман-мақсаты, қуанышы мен мұңы, қапысыз сенгені қайда қалмақ? Ұрпақ өсіріп, үміті мен мақсатын солар жалғастырар деп иланудың жөн-жосығы бар ма? Абай айтқан әлгі «қап» күйінде қала берген адамзатқа қол емес пе?! Ой-хой дерсің, есте жоқ ескі замандарда, қараңғылық қойнындағы ықылым шақта, елең-алаңда адам баласы ағаштың басынан бекер түсіп, бекер белін жазып, басын тік көтеріп жүрген-ау... Басын жерден көтерген соң түпсіз тұңғиық аспанға, айналасын қоршаған әрі үрейлі, әрі тылсым жұмбағымен қызықтырған шексіз кеңістікке бекер көзі түскен. Бәрі бекер, бәрі бекер! Иә, жыл айналып, жыл келген сайын адамзаттың, әсіресе, саналы, өресі биік адамзаттың уайымы көбейіп, алаң көңілін мазалайтын сауалдар тым молайды. Оның қатарында момын алаш жұрты – ойлы қазақ та қабырғасы қайысып тұр. Әр жыл өзі атын иеленген жануардың затына сай болмағы заңдылық деседі білетіндер. Кім білген, солай да шығар, әсілі. О-ей, мешін мырза, биылғы жыл сіздің затыңызға сай болды ма, білмейміз, әйтеуір адамзат ағаш басына қайтып өрмелеп шығып кетпегеніне шүкіршілік. Бірақ... пенде шіркіннің көңілін қаяу еткен ақпараттың да аз болмағанын қалай жасырайық? Бетіңізді бері бұрыңыз, мешін мырза, әуелде білгіштер, саясаттың қаймағын қалқып ішкендер Брексит болмайды дескен. Ойлары мен нанғандары тым бекер екен, алақандай аралдағы Англия алып Еуропаны, талай жыл бірге тұрып, ортақ түтін түтеткен кәрі құрлықты талақ етіп тастап шықты сылаңдап. Өз қотырымды өзім қасығаным оң деп шешті табан асты. Бұл – бір деңіз. Іле-шала талай жылдан бері түрлі телешоулардың «жұлдызы» болып төселген, алаңғасарлау әрі әпенділеу бейнесін жұрт көңілінде сомдаған Дональд Трамп президент тағына емін-еркін отырып, алпауыт АҚШ-тың екі тізгін, бір шылбырын қолына алды, әлемге әйгілі Ақ үйдің алтын кілтін қалтасына салды. Әуелде Дональд Трамп мырзаны көп ұзамай жолда қалатын жолбике, айнала жұртты есер сөз, есепсіз қылығымен күлкіге қарық қылған сайқымазақ санағандардың талайы тілін тістеп, бармағын шайнағаны және рас. Сырт кейпі сайқымазақ болса да, Трамптың ішкі дүниесі тым терең болып шығарын ешкім қаперге алмаған сияқты. Әсілі, сайқымазақ жан талай елдің экономикасын өрге сүйреген кәнігі алпауыт, уысы мықты миллиардер бола алушы ма еді?!. Тыныштық құшағындағы Түркия да дүр сілкінді бұл жазда: мемлекеттік төңкеріс орын ала жаздаған. Түркия басшысы Ердоған мен АҚШ-та елеусіз тұрып жатқан Гүленнің, бұрынғы ымыралас серіктестердің арасы ушыққаны соншалық, қарапайым айыптаудан асып, бітіспес жаулыққа бет бұрғын сынды. Бұрынғы досжар адамдардың ашық жаулыққа көшуі, халықаралық телевизия арқылы бір-біріне қоқан-лоққы жасасуы жаға ұстатқаны ақиқат. Іргелес алып Ресейдің ауыр мұңы мен қаралы қайғысы бір басына жетерлік. Басқа басқа, осы елдің Түркиядағы елшісі Карловтың атып өлтірілуі, Иркутск қаласында «Боярышник» суррогатын аңқасы кеуіп ішкен 80-дей адамның табан асты ажал құшқаны, іле-шала Адлер әуежайынан ұшып шыққан Ту-154 ұшағының бортындағы 92 адамның апатқа ұшырап, түгелдей опат болуы «Дат королдігінде жағдай онша жақсы еместігін» («Гамлет») ашық әйгілеген. Жә, мұның бәрі сырт елдердің жағдайы, өзімізге – қазақтың кең сахарасына оралайықшы. Жалпақ қазақты қуантқан жыл болды биыл, мешін мырза! Қазақ жерінде 22 млн тонна көлемінде алтын астық жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгені зор қуаныш. Елімізде төрт түліктің де саны артып, қаймана қазақтың қорасы малға толып келе жатқаны дәтке қуат. Ең бастысы, ел тыныш, ағайынның бауыры бүтін күйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығын дүйім жұрт, дүбірлі көппен бірге атап өткенімізге бек шүкір. Ашқан қарын тойынар, жылаған бала жұбанар, ал қасиетті Тәуелсіздіктің жөні бір басқа. Сізге сол үшін шын жүректен алғыс, мешін мырза! Бұдан былай біз енді Ақ тауықтың құзіретіндегі қарапайым пендеміз. Сәлем саған, Ақ тауық!

Жаңабек Шағатай

Серіктес жаңалықтары