50279
«Өлді дейік десек, сүйегі жоқ» – Жамбылдағы жарылыста қаза тапқан Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі
«Өлді дейік десек, сүйегі жоқ» – Жамбылдағы жарылыста қаза тапқан Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі
2021 жылдың 26 тамызы. Сағат 19:00 шамасында Байзақтағы 28\349 әскери бөлімінен өрт шығып, артынша дүмпулер басталды. Ымырт үйірілер тұста жақын орналасқан елді мекен жұрты жаппай көшірілді деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Жарылыстың қатты болғаны сонша, 180 ғимарат бүлініп, Қайнар ауылы толықтай қирады. Алапат жарылыс қазасыз болмады. Жалынмен арпалысқан 17 қызметкер жанын пида етті. Бүгін сол батырларға аудан орталығынан еңселі ескерткіш бой көтерді. Шараға туыстары мен қызметтегі әріптестері қатысты. Десе де отағасыз қалған отбасылар әлі күнге қайғыдан қан жұтып отыр.
«Артында 4 баласы қалды. Әкесін сұрайды сол кішкентайы. Келмей жүр ғой, қашан келеді деп. Ондай кезде не айтарыңды да білмейсің», - дейді Ерлан Қырғызәлиевтің жары Назгүл Рахметова.Ажал құшқан азаматтардың жылдығына орай әскери бөлім аумағында да ескерткіш ашылды. Мұндағы тақтаға опат болғандар тізімі толықтай жазылған. Бірақ оған әлі Бауыржан Дәуітбаев енбеген. Әскеридің әкесінің сөзінше, қазір іздеу жұмыстары тоқтап қалған. Мемлекеттен берілетін ақшалай көмекті де алмапты. Себебі Бауыржанның әлі күнге өлі-тірісі белгісіз.
«Менің отбасыма ештеңе берілген жоқ. Бала-шағасы менің қолымда, басқа қайда барады? Ешқайда тастамаймын ғой оларды. Енді жоқ қой, сүйегі жоқ. Өлді дейік десек, сүйегі жоқ. Ешкім өлді міне деп, хотя бы сүйегін көрсетсе, что бы жүрегің орнында болатын еді», - дейді Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев.Дегенмен, әскери бөлім басшылығы қызметкерді іздеу жұмыстары қару-жарақ қалдығынан тазарту шараларымен қатар жүріп жатыр дейді. Ал бақилық болған батырлардың отбасыларына мемлекет тарапынан 15 млн теңгеден берілді. Мамандар балаларына да алдағы уақытта қамқорлық көрсетпек.
«От апатын кетіру үшін қаза тапқан жігіттеріміз ғой. Былайша айтқанда, батырларымыз. Біздің батырларымыз. Олар ұмытылмайды, өздері түгілі, бала-шағаларының бәріне көмектесіп тұрамыз. Әскери оқу орындарына түскісі келсе, біз жоғарғы басшылықтарға ходатайствут етеміз. Әскери оқу орындарына түсу үшін», - дейді 28\349 әскери бөлімінің командирі Еркін Әбсадықов.Бүгінде жарылыстың зардабы жойылды деуге болады. Қайнар ауылы толықтай қайта салынып, жарамсыз мекемелер жаңадан бой көтерді. Әскери бөлім аумағында қару-жарақ қалдықтарын жою жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Маусымда басталған жұмыстар 25 қарашада аяқталады деп жоспарланған.