50314
Төрт адамды өрттен құтқарған азамат оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Төрт адамды өрттен құтқарған азамат оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Павлодарда ер адам жанып жатқан көлік ішінен 4 адамды алып шықты деп хабарлады turkystan.kz.
Белгілі блогер Александар Цой әлеуметтік желідегі парақшасында оқиға қалай болғаны туралы жазды.
Өртенген көліктегі 4 адам есінен танып жатқанын Маралды ауылының тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев кездейсоқ көріп қалған. Ол жұмыстан қайтып келе жатқан екен.
«Көлік апаты болғанын байқадым. Бір шетте КамАЗ көлігі тұрды, ал одан сәл ары қарай Audi көлігі өртеніп жатты. Өртеніп жатқан көлікке қарай жүгірдім. Көлік өртке оранып үлгеріпті. Қарасам, ішінде адамдар жатыр екен. Жақындамақ болдым, алайда қызыл жалын бет қаратпай тұр. Сол жерде басқа жүргізушілер жақындауға қорқып тұрды», - дейді Еркебұлан Жүзбаев.Еркебұлан адамдарды дереу құтқармаса, көлік кез келген уақытта жарылуы мүмкін екенін түсінеді. Сөйтіп, қолына футболкасын орап алады. Өйткені ыстық металды ұстау мүмкін емес еді.
«Есікті тартып көріп едім, ашылды. Алдымен бір адамды сүйреп шығардым. Оны әрменірек апарып тастаған соң екіншісіне жүгірдім. Бұл кезде жалын одан да үдей түскен еді. Екінші жолаушыны да сүйрей бастаған едім, маған куәгерлердің бірі жүгіріп келіп көмектесе бастады. Біз бет қаритын жалынмен арпалысып жүріп тағы екі адамды шығарып үлгергеніміз сол еді, артынша көлік жарылды», - дейді ол.Еркебұлан өзімен адамдарды көліктен алып шығуға көмектескен адамның кім екенін білмейтінін, тек оның өзі қатарлас жігіт екенін айтады. «Егер ол болмаса, мен бәрін құтқарып қала алмас едім, өйткені қатты ыстыққа жақындау оңай болмады» дейді ол. Ол жедел жәрдем келген соң кетіп қалған. Көлікте қолын күйдіріп алғанын шыққасын байқапты.
«Менің жарақатым ештеңе емес, ең бастысы, адамдар тірі», - дейді Еркебұлан.Жол апатынан зардап шеккен адамдар ауруханаға жеткізілген. Үшеуінің жағдайы ауыр болғанымен, дәрігерлер олар оңалып кетеді деп үміттенеді. Сонымен қатар олардың Еркебұлан мен оған көмектескен ер адамның батыл әрекетінің арқасында аман қалғанын айтты. 42 жастағы Еркебұлан Жүзбаев Маралды стансасында теміржолшы болып жұмыс істейді. Бұған дейін Павлодар-Шарбақты тасжолында, Маралды ауылының маңында болған осы оқиға туралы жазған болатынбыз.