50932
Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы - елді демократияландырудың айқын көрінісі – Әділ Сайлаубек
Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы - елді демократияландырудың айқын көрінісі – Әділ Сайлаубек
Саясаттанушы, қоғам қайраткері Әділ Сайлаубек бүгінгі Мемлекет басшысының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған Жолдауына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Президенттің Жолдауы мазмұнды әрі тың жаңалықтарға толы болды, маңызды құжатта елдің әл-ауқатын көтеруді мақсат еткен игі бастамалар көтерілді. Қоғамдағы негізгі мәселелер ашық айтылып, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды», - деді ол.Елімізде Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда, Мемлекет басшысы Президент сайлауын биылғы күзде кезектен тыс өткізуді ұсынды. «Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды іске асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп түсіндірді бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Президенттің Жолдауы күтпеген жаңалықтарға толы болды. Біріншіден, Президент өзінің өкілеттік мерзімін қысқартып, кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Өз басым аталған бастаманы толық қолдаймын. Дәл қазіргідей алмағайып кезеңде, елде ауқымды саяси-экономикалық өзгерістер енді қолға алынып жатқан шақта тұрақтылық ауадай қажет. Ал, Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы, қайта сайлану құқығының болмауы - елді демократияландырудың айқын көрінісі», – деді Әділ Сайлаубек.Қоғам қайраткері Мемлекет басшысының білім саласына қатысты айтқан мәлімдемелері қатты қуантқанын жеткізді. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалынатынын және мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек екенін баса айтты.
«Жолдауда білім саласына жіті көңіл бөлінді. Енді әр оқушының сапалы білім алуы, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынбақ. Біз осыны көп күткен едік. Президент мектептерді көптеп салуды міндеттеді. Ұнағаны, қолға түскен жемқорлардың ұрлаған ақшасы тәркіленіп, мектеп құрылысына жұмсалатын болды. Рас, соңғы жылдары ұстаз мамандығының беделі артты. Дегенмен, бұл бағытта әлі де өзгерістер жасалады. Бұл бәрімізді қуантып, үміттендіріп отыр. Жоғары сыныптарда жаратылыстану, математика пәндерін, ағылшын тілін оқытуды күшейту де – келешекті ойлағаннан жасалып отырған дұрыс қадам», – деді қоғам қайраткері.