«Музыка атаулы елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса, соның ішінде ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы – күй өнері. Қазақтың қасиеті, ұяты тек қана күйінде қалды» деген екен кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Бұл өнер түрі қазақ қазақ болғалы ұлтымызбен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатыр. Ал оның тарихын күй зерттеушілер ықылым замандарға, жер бетінде белгілі бір ұлттар болмаған дәуірлерге, тайпалық, ұлыстық кезеңдерге апарып тірейді. Бүгінде қазақта бес мың күй бары айтылады. Әріге бармай, атақты «Ақсақ құлан» күйінің авторы Кетбұғадан бастап тарқатсақ, Байжігіт, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір бір-бір күй мектебін қалыптастырды.
БЕСІКТЕ ЖАТЫП ШЕКАРА
АСҚАН БАЛА
Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы нәубет күй өнері мен күйшілерді де айналып өтпеді. Дегенмен де қазақтың бұл құдіретті өнері түбегейлі жойылмай, осы заманға аман-есен жетті. 20-ғасырдың соңына қарай жаңаша жаңғырды. Сол кезеңде өнер көгінде Секен Тұрысбектей жұлдыз жарқ ете қалды. Секеннің күйлерімен қазақ қайтадан күйге елтіп, күймен тербелетін болды. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлері кең-байтақ даламызды тербетіп келе жатқанына да 40 жылға жуықтады.
Көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романында 1962 жылы 20 күн ішінде 200 мың қазақтың шекара асып, атамекені – қазақ жеріне оралғаны суреттеледі. Сол көштің арасында бесікте жатқан сәби Секен де бар еді. Құдайдың құдіреті-ай, дәл осы бесікте Секеннің әкесі Кәрім уілдеп жатқанда бұл әулет Қытай асқан. Ақыры баласы Секен сол бесікпен кері оралды. Күйшінің «Бесік» күйі сол тағдырдан, өз әулеті, өзінің басынан өткен оқиғадан сыр шертеді. Бұл туынды «Балауса» атауымен сыбызғыда да тартылды. Осы оқиға көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті толғантып, «Саф» өлеңінің жазылуына түрткі болды.
«КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ»
КҮЙІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?
Жалпы, Секен Тұрысбектің шығармаларының дені тағдырлы туындылар. Қызғалдақтай жайқалып үлгермей, ерте солған Анар мен Жанар атты қыздарынан айырылғанда «Қос жұлдызым» әні мен атақты «Көңіл толқыны» күйі жазылды. Күйші-композитордың өзінің «Қасіреттен қасиетті өнер туады» деп айтатыны бар. Асан қайғы бабамыз «Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» деп айтып кетті. Музыка да дәл солай туады екен.
Секенді күйші ретінде дүйім жұртқа алғаш танытқан «Көңіл толқыны» күйі 1985 жылы Мәскеуде жазылды. Онда өнерпаз бар болғаны 24 жаста еді. Оның алдында жастардың «Жігер» фестиваліне қатысып, бірінші орынды иеленген еді. Республикалық халық музыка аспаптары музейінің (қазіргі Ы.Дүкенұлы атындағы ұлттық музыка аспаптары мұражайы) директоры Мархаба Есболатова талантты жасты байқап қалып, өнер ошағы жанындағы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшілігіне шақырды. Артынша ансамбльді Одақ астанасындағы ХІІ дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне жіберді.
Секеннің қос перзентінен айырылғанына көп уақыт бола қоймаған. Жан дүниесін бір мұңлы әуен мазалап, соның кілтін таба алмай жүрген. Ансамбль мүшелері Мәскеуде, қаланың сыртындағы орманға сейілге шыққанда аяқастынан дауыл көтеріліп, жаңбыр құйып берсін.
«Бәріміз ағаштан салынған жаппаға барып тығылдық. Көңіл күйім мәз емес еді. Аяқ астымызда жаңбырдан көлшік пайда болды. Соған тамған тамшы, жығылған жапырақ, ыршып аққан су, шөп пен гүлді тербеген жел, жалпы табиғаттың ашуы ішімдегі жұмбақты тапқандай болды. Қолымда не домбыра, не нотаға түсіре қоятын қағаз жоқ, күй басымда жазылды. «Көңіл толқыны» күйі осылайша табиғаттың толқынысы мен ішімдегі күрсіністен туды», – дейді күйші.
«АҚ ЖАУЫН»
МЕН АУА РАЙЫ БОЛЖАМЫ
«Өнерде шекара жоқ» деп жатамыз. Жапон халқы осы «Көңіл толқыны» күйін өз қасіретіндей қабылдайды. Бұл күйді естігенде Хиросима мен Нагасаки қасіреті естеріне түседі. Күйшінің Жапонияға сапарында топты бастап барған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының сол кездегі орынбасары Жұматай Әлиұлы аталмыш туынды атом құрбандарына арналады деп хабарлап жіберген. Сол кезде жыламаған жапондық қалмаған екен.
Ал «Ақ жауын» күйі Қытайдың Үрімші қаласында телеарнадан ауа райы болжамы айтылғанда ойнатылады. Иә, Секен Тұрысбектің күйлері еліміздің шекарасынан асып, Азия елдеріне жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, әндері мен күйлері көп те емес. Осы уақытқа дейін 21 ән мен 14 күйді ғана жазды. Бірақ аз жазса да, саз жазады. Бір өкініштісі, басқа тамаша туындылары осы «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауын» күйлерінің тасасында қалып жатады.
Күйшінің азан шақырып қойған аты – Серікболсын. Үй іші еркелетіп Секен атап кеткен соң құжат та осы есімімен берілді. Туған күні де 1 мамыр болып жазылып кеткен. Әйтпесе, күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасын еріткен Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі кезінде шыр етіп дүниеге келді. Домбыраға деген құштарлығын нағашысы Төлебай оятты. Айтқали атты көршісінен осы аспаптың әліппесін үйренді. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мектеп табалдырығын аттағанда да домбыра үйірмесіне қатысты. Сегізінші сыныпты бітірген соң Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түсті. Одан соң Алматы консерваториясында Мәлгаждар Әубәкіровтің шеберханасында білімін жетілдірді. Ұстазына деген алғыс ретінде кейіннен «Мәлгаждар» күйін жазды.
«АРУАНА» КҮЙІ НЕМЕСЕ АЙТМАТОВТЫҢ ШОҢ РИЗАШЫЛЫҒЫ
Бұл туындыны күй-портрет деп атасақ болады. Осы қатарда атап өтуге лайық «Жұматай» дейтін күйі де бар. Аталмыш шығарма жыр қағаны – Жұматай Жақыпбаевқа арналған. Ақын мен күйші аға-інідей жақсы араласқан еді. «Секен деген мықты бір күйші жігіт таптым» дейтін көрінеді Жұматай достарына. Бірақ ақын өмірден ерте озып кетіп, екеуі ұзақ араласа алмады. Күйшінің бір өкініші – осы.
Секен Тұрысбектің бір қасиеті – әдебиетті терең түсіне білуінде. Жұматайдан басқа Асқар Сүлейменов, Қажытай Ілиясұлы, Таласбек Әсемқұлов сынды қаламгерлермен достық қарым-қатынаста болды. Қазір Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет сияқты ақындармен жақын араласады. Әндерінің сөзінің денін де Несіпбек ақын жазды. Ал бастапқыда әйгілі әнші Мақпал Жүнісова, кейіннен Құдайберген Бекіш орындаған «Аққу сазы» әні мен «Қарлығашым», «Қоңыр қаз» сынды әндерінің сөзі де композитордың өзінің қаламынан туған. Бұл тұрғыдан өлең сөзге де қаражаяу емесін байқауға болады.
Күйшінің қоржынында «Аруана» атты Шыңғыс Айтматовтың шығармасы әсерімен жазылған күй де бар. «Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын Алматыда, түнгі сағат он екіде «Боранды бекетті» оқып отырғанымда Найман ананың желмаяға мініп, белден-бел асып желіп бара жатқан сапары маған қатты әсер етті. Осы күй жазылған соң күйлерім кітап болып шықты. Бір данасын Шыңғыс ағаға сыйладым. Жазушы: «Боранды бекеттен» осындай күй туатыны үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді» деп өзінің кітабына «Шоң ризашылық менен» деген қолтаңба жазып берді», – дейді Секен Тұрысбек.
КИНО ӘСЕРІН
КҮШЕЙТКЕН МУЗЫКА
Аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны желісімен белгілі режиссер Сламбек Тәуекел түсірген, поэзиялық шығарма аттас көркем фильмін музыкамен көркемдеген де Секен Тұрысбек. Композитор кинотуынды табиғатын тамаша түсінген. Әсіресе, «Дарабоз» атты күйі фильм әсерін күшейте түседі.
Жалпы, кино өнерінде пайдаланылатын музыка үлкен маңызға ие. Кинотуындының сәтті немесе сәтсіз шығуы музыкасына да байланысты. Мәселен, атақты «Қыз Жібек» фильмі Нұрғиса Тілендиевтің музыкасымен де биік болып тұр. Кино және театр режиссері Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті», «Қызғыш құс», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Кішкентай ханзада» фильмдері көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджановтың шығармаларымен әсерлірек. Талғат Теменов Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында сахналаған «Ақ жауын» спектаклі лейтмотивіне де Секен Тұрысбектің осы аттас күйі алынған.
КҮЙ ҚҰДІРЕТІ
Ғылымда «музыкатерапия» деген термин бар. Біздің тілге аударғанда бұл музыкамен емдеу ұғымын білдіреді. Ал қазақ күйінің құдіреті адамдарды айтпағанда, жануарлар мен құстарды жіпсіз байлайды. Мысал үшін тілімізде қолданылатын «аспандағы аққуды жерге қондырған» тіркесі, «Нар идірген» күйін алуға болады. Секен Тұрысбек күйлерінің де емдік қасиеті бар секілді. Бірнеше жыл бұрын бес жасар бала күйшінің туындыларын тыңдап, дертінен құлантаза айығып шыққан. Бір бұл ғана емес, Алматыда сексендегі қарт әже Секеннің күйлерінен дертіне дауа табады, Жамбыл облысында бір емші күйшінің күйлерін қосып қойып адамдарды қабылдайды екен. Осы туралы Секен Тұрысбек дос, таныстардан естіген.
Күйші «Сазген сазынан» кейін «Қоңыр қаз» ансамбліне жетекшілік етті. Елбасы ұсынысымен «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрін құрды. Бұл ұжым 1997 жылы Алматы қаласында жұмысын бастады. 2001 жылы елордаға көшірілді. Алайда осыдан бес-алты жыл бұрын өнер ұжымы сол кездегі Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен жабылып қалды. Жетекшісіне бұл жағдай ауыр тиді. Алматыға қайтып оралып, сол жақта оркестрді жандандырды. Бұл күндері осы оркестр репертуарына 200-ге жуық ән мен күй енген. Оркестр жетекшісінің табиғатына Әбікен Хасеновтің «Қоңыр», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері жақын. Төлегеннің қолынан күй алғаны да бар. Реті келгенде алдыңғы буын күйшілердің күйлерін насихаттап жүреді. Бұл – ұнамды қасиет. Әйтпесе, қазір өзіндегі өнерден гөрі өнердегі өзін биік қоятын өнерпаздар көбейіп кетті.
Секен Тұрысбек 1988 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, орда бұзар отызында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. «Парасат», «Құрмет» ордендерін иеленді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен тағайындалған «Наурыз-2021» ұлттық сыйлығының «Күй» аталымында топ жарды. Биыл «Тәтті мұң» атты ән-күй партитуралары, клавирлер, өлеңдер жинағы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Әбден лайық!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ