3870
100 жылда болмаған тарихи жаңалық
100 жылда болмаған тарихи жаңалық
Түрік қағанатының негізін қалаған Елтеріс қағанның кешені мен тасқа қашалған тарихи мәні зор жазбалар табылды. Бұл – Түркі әлемінде соңғы 100 жылда болмаған тарихи жаңалық.
Әлемдік деңгейдегі құнды жәдігерлер Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының жемісі.
«Номгон-2022» бірлескен экспедициясының құрамында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Дамдинсүрэнгийн Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр, археологтер Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр жұмыс істеген.
Экспедицияға қатысқан ғалымдардың мәліметінше, кешеннің жалпы аумағы 49 да 41.5 метр жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі аланы бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталыпты.
Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды. Сонымен қатар еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыр да табылған.
Ең кереметі, табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы байқалады, ал үшінші қырында қашалған жазуды ғалымдар көне соғды жазуы деген қорытындыға келіпті.
Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөзді анықтады. Жазба мәтінінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.
– Түркі халықтары деп аталатын халықтың ортақ алғашқы паспортын тауып отырмыз деуге болады. Бұл ғылым әлемінде үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Біз бір ғана кешенді ашып отырмыз. Әлі осындай 9 кешен бар. Біраз жылға жететін жұмыстарымыз бар. Бауырлас және Моңғолия мемлекетінің жеке қолдауымен біз осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жетіп отырғанымызға қуаныштымын, – деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Номғон ғұрыптық кешені барлық белгісі жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың — айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады.
Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің астаналарында таныстыратын болады. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді. Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.