669
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ: Елдегі саяси бағыттың жаңа деңгейге көтерілгені байқалды
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ: Елдегі саяси бағыттың жаңа деңгейге көтерілгені байқалды
– Президенттің бүгінгі Қазақстан халқына кезекті Жолдауы елдегі саяси бағыттың жаңа деңгейге көтерілгенін байқатты. Бұл біріншіден, жариялылық жағынан өзгеше көрініп отыр, яғни әдетте уақытынан бұрын айтыла бермейтін жайттар сөз болып отыр. Бұл жолы Президент осы күзде Президент сайлауы, келесі жылдың алғашқы жартысында Парламент сайлауы өтетіні туралы айтты. Бұл өз кезегінде елімізде жариялылық мәселесін қалыптастырады. Жалпы, мұндай жариялылықтың қандай пайдасы бар деген сұраққа жауап іздесек, бұл ‒ өз кезегінде біз осыған дейін қарастырған сайлау ісіндегі легитимдік және легалдық деген мәселенің шешуі осыдан келіп шығады. Яғни, сайлауда легитимдік болуы үшін қандай да бір жаңа күштердің, партиялар пайда құрылуына дайындық керек болса, алдын ала ескертіліп, күштердің тең баланста болуына мүмкіндік береді. Демек, Мемлекет басшысының сайлау туралы алдын ала айтуы саяси тұрғыдан біздің алға қадам басқанымызды көрсетеді. Қазақстанды алдағы уақытта күтіп тұрған саяси мәселелерге келетін болсақ, осы күзде Президент сайлауы өтсе және жаңадан сайланған Президенттің жетіжылдық мерзімге бір рет сайлануы үшін конституциялық реформа жасалатын болады. Одан кейін күтіп тұрған сайлауға келер болсақ, 2023 жылы бір мезгілде Парламент, мәслихат депутаттарын және аудан әкімдерін сайлау науқаны жүреді. Сондай-ақ алдағы Парламент депутаттарын сайлағанда депутаттардың 30 пайызы бір мандатты сайлау арқылы халықтың қалауымен депутаттық мандатқа ие болады. Бұл саяси элитаның жаңаруына, Парламенттің халықпен жақын бола түсуіне жол ашады. Екінші жағынан алғанда, ол әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты жауапкершілікті күшейтіп, күштер балансына да әсер етеді. Үкіметтің қалыптасуы бірнеше партия атсалысса, ол өте дұрыс. Себебі бір партия ғана билік құрса, қалғандары өзіне жауапкершілік алмайды. Сол сияқты Қазақстан халқы сайлауда әртүрлі партияға дауыс берсе, қоғамдағы түрлі топтың мүддесі қанағаттандырылып, саяси тұрғыдан ел мүддесінің тұтастығы сақталатын болады. Сондықтан ел Президентінің сайлау туралы алдын ала хабардар қылуы саяси тұрғыдан аса маңызды қадам деп ойлаймын.