50695
«Мен ұрсам жарасады»: Шардарада балабақша тәрбиешісі балаларды ұрып-соққан (ВИДЕО)
«Мен ұрсам жарасады»: Шардарада балабақша тәрбиешісі балаларды ұрып-соққан (ВИДЕО)
Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында Шардара қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды ұрып, зорлық-зомбылық көрсеткен видеосын жариялады деп деп хабарлады turkystan.kz.
Ол құқық қорғау органдарына тәрбиешіге тиісті шара қолданып, оқиғаны назарға алуын сұрады.«Бізге негізі үлкен өзгеріс керек! Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою үшін әр адам өзінен бастау керек! Жүйкең бала қарауға шыдамай ма, балаларды қорламай жұмыстан шығып кет. Сенің тоқпағыңнан таяқ жеп өскен бала, психологиялық травма алып, ертең қылмыскер болуы әбден мүмкін. Жекеге келген видеоларды Түркістан облысының Полиция департаменті назарға алуларыңызды сұраймын. Шардара ауданы, 1 микрорайон, «Асыл бұлан» балабақша тәрбиешісіне шара қолдануларыңызды сұраймын!» деп жазды ол.Әлеуметтік желіде тараған видеода балабақша тәрбиешісі баланы аяусыз ұрып, әлімжеттік көрсеткенін байқауға болады.
«Алина, сенің қандай хақың бар. Мен ұрсам жарасады. Ал сен неге ұрасың біреудің қызын? Бері кел», - деген тәрбиешінің балаға айтқан сөзі видеода анық естіледі.Аталмыш жағдай бойынша тәртіп сақшылары оқиғаның 1 қыркүйек күні Түркістан облысы Шардара қаласындағы балабақшалардың бірінде болғанын анықтады.
«Шардара аудандық полиция бөліміне «Ватцап» мессенджері арқылы белгісіз әйелден жас баланы қатаң тәртіпте тәрбиелеп отырған бейнежазба бойынша хабарлама келіп түсті. Аталған жайт Шардара аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Балабақша тәрбиешісіне қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат» қолданылды. Қазір Шардара аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтауда», - деді полиция.