1296
«Қорқыт туралы аңыз»
«Қорқыт туралы аңыз»
Қойылым басталғанда қобыздың сарыны қобыздың өзінен де асып түсіп, о дүние мен бұ дүниенің арасындағы мұңды елшідей көрерменді бірден баурай жөнелді. Бұл спектакльде Қорқыт философиясы «өлімнен қашқан» концепциясымен емес, керісінше жарық дүниеде тіршіліктің қадірін білу концепциясымен түсіндірілген. Сондай-ақ, бұл – автор мен режиссердің ежелгі аңызды пластикалық стильде жаңаша моделдеу тәсілі. Сюжеттің сөз емес, дене артикуляциясы арқылы жеткізілуі – ұлттық-драмалық сахнадағы жаңаша формат.
Режиссер К.Семеновтің модерндік бидің менталитеттік шеңбердегі жарасымын тапқаны сүйсіндірді. Қазір сахнадағы анайы, көргенсіздік деуге келетіндей ерсі қимылдар ешкімді қызықтырмасы анық. Ал бұл пластикалық қойылымдағы ішкі мәдениет пен жүріс-тұрыстың ауадай жеңіл толқыны, күллі дене философиясы терең де сыпайы сезімге құрылған.
Өз түсінен өзі шошынған Қорқыт өнер ғана мәңгілік екенін ұғынды да, өзі де қобызға айналып өмір сүргісі келгендей. Өйткені өнер ғана мәңгілік. Ол соны түсінді және бізге түсіндіріп кеткен еді. Аңыз бойынша Қорқытқа «егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің» деген аян келген көрінеді. Бірақ бір күні ол бір өгізді қуып жүріп, «саған өлсем де, жетемін!» деп айтып қалыпты. Сол кезде Әзірейілдің «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!» деген дауысын естиді. Сол сәттен бастап Қорқыт өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеп өткен екен делінеді. Қойылымда оның (актер Еламан Әбдіхалық) сол өгізбен айқасы ажалмен айқастың бір көрінісі ретінде бейнеленген.
Пластикалық қойылымдағы әртістердің сахнадағы қимылын «би» деп айтайын десең, ол – біздің ұғымымыздағы кәдімгі бидің ауқымынан асып түсіп жатқан басқа бір әлем. Би емес дейін десең, би элементтері жібек орамалдай желпіп, сағымдай пайда болып, ағындай жұтылып, толқынданып, кесек-кесек цитаталарды жеткізгендей болады. Құдай шебер адам баласы өзінің ішкі толғанысын қара сөзге сыйғыза алмас, сондықтан денесі де сөйлеп тұрсын деп, оған барлық мүмкіндікті беріп қойған екен деген ойға келесің. Зер сала қарасаң, сахнадағы әрбір кейіпкердің бет-әлпетінің айдынында бос жатқан жер жоқ екенін байқайсың. Көз дегенің – жалт-жұлт еткен аспан әлемі. Қас-қабақтары – дауыл немесе жылдың төрт мезгілін сыйғызып тұрған адамдық карта. Әрбір рөлдегі әр әртістің бет-әлпеті – тұнып тұрған тарих немесе сезімдер кешені десек толымдырақ болар ма екен. Саусақтары өздерінің қылығымен кәдімгі саусақ емес, экзотикаға айналып кетеді. Аяқтың қимылдары бір қарасаң, қорғасыннан ауыр, бір қарасаң қауырсыннан жеңіл. Эмиль Кроткий деген жазушының «балерина мен қасқырды аяғы асырайды» деген сөзі бар еді. «Мінәжат» дуэті (Рустам Шайхов, Алина Ормонбек) жеткізген сондай көріністерді би тіліндегі «махаббат жыры» деуге келетіндей. Оны тек «...көзбен көр де, ішпен біл». Дуэттің қимылдарынан көзіңді ала алмай, ішің мен сыртың сол қимылдарға ілесіп, өзіндік бір дәурен кешкендей болады.
Қорқыттың дүниеге келуінің өзі жер бетінде найзағай ойнатып, дауылдатып, жаттанды әлемнің есігін қопара ашып, мына әлемге басқа бір әлем кіріп келе жатқандай әсер берді. Келе салып, өзіне көр қазғандарды байқаған Қорқыттың бойын үрей билейді. Әрине, олардың қимылында өлім деген ұғым жоқ еді. Олар тек адамды басқа дүниеге аттандыратын есік жасап жатыр еді. Сонда да ауыр ой тұтқынында қалған Қорқыттың үрейі алып тастар болып көрсетілді. Өлім мен өмір, әрине, көршілер. Бірақ олар бір-бірін танымайтын көршілер. Сол екеуінің ортасындағы адам – екі жақ үшін де маңызды фактор. Адам баласы үшін ең ауыр қайғы да өзінің осындай мазмұндағы маңыздылығында. Адам не олай, не былай болғысы келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Екі дүниенің да дәмін татуға тура келеді. Осындай ауыр ой жетегінде алып тау-тастарды қопара талқандап шыққандағы Қорқыттың би қимылы ерекше әсерлі болды. Ол өз кейіпкерінің қиындықтан шығу мотивациясын мықты көрсетті.
Жер бетін бірін бірі түсінбейтіндердің араздығы мен қайшылықтар қырғынына айналдырғысы келетін пері қызы Марту (Ақылай Сыдығалиева) мен Қорқыттың айқа-сы – дәл бүгінгі күннің де жержүзілік мәселесі. Соғысты «соғыс!» деп жүз қайталамай, садақтың самсаған оғының ойда жоқта тап берген әскерлердей ойда жоқта сарт ете сап түзеп, көз алдымызға тұра қалуымен көрсеткені – режиссерлік шеберлік. Бұл – оқиғаны жеткізудің сахнадағы жаңалығы.
«Кванттық кеңістік тұрғысынан қарасақ, адамдар арасында ешқандай ара қашықтық жоқ» деген түйінді де бір білімді адам айтқан болар, кімнен оқығаным есімде қалмапты. Әйтеуір, сол ғалымның айтуынша, анау адам, мынау адам деген жоқ. Қазіргі адам, бұрынғы адам деген де жоқ. Біз бәріміз бір алаңдамыз. Өйткені біздің әрқайсымыз – энергиямыз және ол энергия үздіксіз. Біз біреуге энергия бере аламыз және басқадан қабылдаймыз. Осы ұғымға бір қарап, мына қойылымға бір қарап отырып, баяғыда өмір сүріп кеткен Қорқыт пен бүгінгі біздің арамызда энергетикалық байланыстың үзілмей тұрғанын сезінесің. Арақашықтық жоқ екен-ау деген ойға келесің. Өйткені мәселе тіпті өлімнен қашуда да емес, мәселе – мына жарық дүниеге деген асқан құштарлығымызда. Біз туа сала, бұл өмірге ғашық боламыз. Сахнадағы Қорқыт та сөйтті. Ол тіпті мына дүниеге келмей жатып-ақ, осы дүниеге ғашық болып үлгерген сияқты. Тезірек жарық дүниені көрсем деген іште жатқан сәбидің тарыдай ғана арманын актер Дастан Саттар өте әсерлі жеткізді. Режиссерлік шешімнің шеберлігі тамсандырды. Құрсақта өзіңнің қалай өмір сүргеніңді көріп отырғандай боласың. Сөйтіп келген, соншалықты ғашық еткен жарық дүниені енді тастап, басқа дүниеге көшетінін сезіну Қорқытқа неге оңай болмағанын түсінесің.
Жалпы, Қорқыт жырларының оқиғалары тек қана оқиғалар емес, олар көне дәуір адамының іс-қимылын психологиялық синтездеу дегенге келіңкірейді. Содан болар, ежелден таныс жырлардың визуалды-пластикалық баяндалуын көргенде көрерменнің ой-санасында да трансформациялану процесі жүре бастағаны анық. «Ойыңды өзгерт» концепциясы дәл осы жерде жүзеге аса бастайтындай. Кейіпкерлердің би-қимылдарының видеоконтентпен ұштастырылуы да көрерменді эмоционалды жағдайға келтіреді. Сөз-реплика айтылмайтын, тек қимыл-реплика ғана «сөйлейтін» қойылымда актердің қимылы мен видеоконтент бірін бірі толықтырғаны көркем шықты. Ал сахна үшін жарық пен қараңғы – ең негізгі екі локация. Бұл екеуі кейіпкерге костюм де бола алады. Сол екі локацияда кесек-кесек цитаталар тас болып та, әуен болып та жетіп жатты.
Қорқыт баба біздің өмір туралы түсінік-танымымыздың кеңеюін қашықтықтан басқарып тұрғандай. Ол бүгінгі бізді кәдімгі кең масштабты вайфай сигналдармен қуаттандырып жүрген тәрізді. Соның әсерімен көрерменнің ой-санасында жаңару процесі жүріп өткені анық. Өйткені визуалдылығы басымдық алып тұрған қазіргі қоғам көрермені пластикалық қимылды жақсы түсінеді және жақсы қабылдайды. Қазіргі көрерменге көп сөз емес, көрікті кескіндер түсініктірек, жағымдырақ. Өйткені біз – өзгеріске ұшырағандармыз. Цифрлы қимылды сүйсіне қабылдаймыз. Себебі мұнда уақыт үнемделеді. Қойылым авторлары – тайм-менеджмент психологиясын жақсы түсінгендер.
Біз қара жердің 1670 шақырым-сағат шапшаңдықпен шырқ айналып тұрғанын және өзіміздің де дәл сондай шапшаңдықпен шырқ айналып тұрғанымызды сезінбейміз. Оны сезінбейтініміз өз алдына ғой, сондай шапшаңдықпен жер бетіне ала-құла тағдыр жолын өзіміз сызып жүреді екенбіз. Ол сызықтар өзінің қоңыр, қызыл, жасыл, сары түстерімен тіршілік траекториямызды көз алдымызға келтіреді. Сахнадан сол ізімізді көрдік. Әлде, бұл мәңгілік өмірді іздеп дүниені шарлаған Қорқыттың Желмаясының іздері ме екен? Не десек те, қойылымда тіршіліктің іздері философиялық трактаттардай әр бояуымен өзімізді өзімізге таныстырғандай болды. «Сенің жүрісің – мынау» деген сілтемені ұқтық.
Костюм актердің образға кіруіне көмектесетін атрибуттардың бірі екені түсінікті. Әсіресе, пластикалық қойылымның негізгі тірегі. Дегенмен ол көрермен үшін тіпті маңыздырақ. Көрермен актердің іс-қимылы мен костюмін салыстырып отырады. Салыстырайын демейді, түпсана солай жұмыс істейді. Солай қабылдайды. Осы қойылымдағы костюмдердің өзі кейіпкер ретінде жүріп, пластикалық қимылдарымен образға кіріп, әсіресе, Марту мен Қорқыттың мағынасын аша түсті. Тіпті, жалаңаш дене де костюмнің рөлін атқарды. Оған құрсақтағы сәби Қорқыттың образы куә.
Пластикалық өнер – әрбір әртістің өз денесін сөз ретінде пайдалана білуі дегенге келетін сияқты. Бұл – өз денесімен «тіл» табыса, образдың әр сызығын дұрыс сызып шығуын қамтамасыз ету. Әр сөзді, әр ойды жеткізген кездегі дене қимылы қалай қозғалатындығын сырттай бақылап, сосын оны пластикаға айналдыру – математикада есеп шығарумен бірдей шығар. Өйткені пластикалық қимыл айтылмақ ойдың «орфографикасына» дәл түсу керек. Пластикалық спектакльде көзіңді бақырайтып қойып, ешкім ештеңені баяндап бермейді. Керісінше, бәрі сезім мен түйсікке құрылады. Бидің интонациясы мен мимикасы тек бет-әлпетте ғана емес, күллі денеде «жүгіріп» жүреді. Бір топ бишінің геометриялық толқынмен бір кісідей жасайтын пластикалық қимылын халықтың бірілігі идеясын жеткізу көрінісіне пайдалану – бұл қойылымды ерекше әсерлі етті.
Пластикалық спектакль сахнасындағы фон оқиғаларға кіріп-шығып жүретін өзіндік басқарушы болып түйіседі. Мұңаяды, біресе тас-талқаны шығады, біресе биікке өрлеп бара жатқан Қорқытқа жол болып төселіп, ажалдың аяғы жетпес алысқа ала жөнелгісі келеді.
Ал жаңбыр ше? Қойылымда Қорқыттың о дүниеге аттанар сәтінде жер бетіне жаңбыр жауатын көрініс бар. Сіз сахнада кәдімгідей жаңбыр жауғызғанын көріп пе едіңіз? Алғашында түсінбей қалдық. Оны көрермендер 3D эффект деп ұғып қалды. Олай емес, кәдімгі жаңбыр екен. Шынайылықты түсінбей қалатын кездеріміз аз ба?! Шындықты көріп тұрсақ та, оған өзімізді сендіре алмайтын кезіміз көп қой. Өйткені кейбір шындықтар адамды таңғалдырады. Әсіресе, өтірігі көп қоғамда шындықты мойындату – қиынның қиыны. Өзіңді өзің мойындата алмайсың. Суылдаған дауысымен, құйып тұрған жаңбырдың иісі келіп, сахнаға су иірілгенде ғана мұның нағыз жаңбыр екенін бір-ақ білдік. Режиссерлік шеберлік, көркемдік талғам деген – осы. Қойылым авторларының комфорттық зонадан шығып, шарқ ұрған ізденістерінің айғағы. Ал сонда бұл ненің жаңбыры еді? Әрине, бізге оны ешкім сөзбен түсіндірген жоқ. Әр көрермен өзінше ұғынып, өзінше бағалап кетті. Менің ұғынғаным, Қорқыттың о дүниеге аттанып бара жатып, бұ дүнияға рахман жаңбырдай тазалық, жаңбырдай көркем ой, жаңбырдың әр тамшысының әр пенде ретіндегі рөлін ұғындырып бара жатты. Әлде, Қорқыттың осы дүниеге деген сағынышының көз жасы ма екен! Немесе, біз өзіміз Қорқыт баба болып жылап тұрған жоқпыз ба осы? Әлде жер бетіндегі адасып-табысқан, шатасқан-тарқатылған іздерді жуып кетіріп, жаңаша өмір бастауларына сілтеме жасағандық па екен? Әйтеуір, бұл тек жаңбыр емес, осы қойылымның түйінін айтып жеткізген, екі дүниенің арасында ұлы байланыс бар екендігін кескіндеген ең маңызды кейіпкер ретінде көрінді.
Спектакль бітті. Дәл 1 сағат 20 минут. «Көрермендердің қол шапалағы – спектакльдің жалғасы» деген ойды кім айтып еді осы? Қалай дәл айтқан. Көрермендердің ризашылық қол шапалағы тағы да 15 минуттай уақытқа созылды.
Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова бір сұхбатында «Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі үлкен дүниелерді қоюға қабілетті» деген еді. Осы қойылымның өзі театр ұжымының стратегиясынан хабар береді. Қазіргі көрермен бұдан он жыл, тіпті бес жыл бұрынғы көрермен емес. Қазіргі көрермен сахнадағы жаттанды жүріс-тұрысты емес, заманды өкшелей қуған шапшаңдықты, тылсым әлемнің үнсіз айқайын, сөздің сиқырлысын, ойдың ормандай қалыңдығын қалайды. Одан басқаларын тұзсыз тамақтай көреді. Айнып қалады. Бір кеткен көрерменді қайтадан залға кіргізу оңай емес.
Аңыз бойынша ажал Қорқытты ұстай алмаған соң оған жыланды жіберген еді ғой. Қорқыт сәл қалғып кеткенде, жылан шағып алып, ол содан өлген екен делінеді. Қазіргі заманның да адамды жыланша арбап, кейде ұйқылы-ояу жағдайға келтіріп, кейде талғамсыздыққа байлап қоятын кезі аз ба? Ол адамды өлтіріп жібермесе де, рухани өлікке айналдырады. Ал Қорқыт баба жырлары – адам баласын сол жағымсыздықтан арылуға шақыратын, әрбір қоғам мүшесін ерлікке, еңбекқорлыққа, отаншылдыққа үндейтін адамзаттық құндылық. Жан дүние экологиясына сілтеме жасайтын рухани азық.
Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектаклін белгілі ресейлік балетмейстер Константин Семенов сахналапты. Композиторы – дарынды жас Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.
Оңайгүл ТҰРЖАН