50217
Аманаттықтар Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайды
Аманаттықтар Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайды
«AMANAT» партиясының барлық өңірлік филиалында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша партия активі өтті.
Қарағандыда партиялықтар білім беру сапасын жақсарту шараларына тоқталды. Өңірде балабақша тәрбиешісі болғысы келетін талапкерлер саны 10 есе азайды. Қарағанды облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Айман Түкбаеваның айтуынша, жалақының төмендігінен мәртебелі мамандыққа деген қызығушылық азайған.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын балаларға білім беру ұйымдарына тәрбиеші болу үшін конкурсқа 10 және одан да көп адам қатысатын еді. Кейінгі жылдары бұл орынға бір адамнан артық үміткер жоқ. Себебі жалақы аз. Ал мектепке дейінгі білім беру, бұл - балаларымыздың тұлға болып қалыптасуындағы маңызды кезең. Президент өз Жолдауында мектепке дейінгі білім беру саласына баса мән берілуі тиіс екенін айтты. Жақын арада барлық халықаралық стандарттарды ескере отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленеді», – деп атап өтті ол.Ақмола облысындағы партиялықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық жаңғырту үдерісі ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына сенімді.
«650 ауылда емдеу мекемелерін салу, бала күтімі бойынша төлем жүргізу кезеңін бір жарым жасқа дейін ұзарту секілді жаңашылдықтар әлеуметтік қамсыздандыру саласын түбегейлі жақсартатыны анық. Бұл бастама аналар қауымының қолдауына ие болды», – деді Вознесенск ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы Юлия Сироткина.Өз кезегінде Қызылорда облысындағы партиялықтар Жолдау партияға айрықша жауапкершілік пен маңызды міндеттер жүктейді деп есептейді. Себебі «AMANAT» партиясы – Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі.
«Жолдау – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген жаңа әділ Қазақстанды құру жолындағы саяси реформалардың заңды жалғасы. Оны жүзеге асыру үшін көп жұмыс істеп, барлық ресурстарды іске қосуымыз керек», – деді партияның Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.Солтүстік Қазақстандағы аманаттықтар ең төменгі зейнетақы мен жалақыны көтеруді қолдайтынын жеткізді. Гимназия директоры Татьяна Анцибор ұлттық табысты балалардың пайдасына бөлу мәселесіне тоқталды.
«Есте қаларлық жайт – Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін 18 жасқа дейінгі балаларға бөлу. Бұл оларға кәмелеттік жасқа толғанда баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануға болатын қаржыны жинауға мүмкіндік береді. Бұл халықтың ыстық ықыласына ие болған өте маңызды бастама», – деді ол.