51146
«Жастар Рухы» – жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын саяси ұйым
«Жастар Рухы» – жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын саяси ұйым
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Бұл ретте «AMANAT» партиясының қызметін трансформациялау үрдісі «Жастар Рухы» ұйымында лайықты жалғасын тауып жатыр.
«Жастар Рухы» – жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын саяси ұйым. Мен 2020 жылдан бері Түркістан облыстық мәслихаттың жас депутаты әрі «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес төрайымы ретінде облыстық «Жастар Рухы» қанатымен тығыз байланыста жемісті жұмыс атқарып келемін. Киелі облыстың жастары қашанда белсенді. Олардың саны 500 мыңға жуық, бұл – облыс халқының 23,3 пайызы.
Қостанайда болған төтенше жағдайға байланысты «Жастар Рухының» белсенділері алғашқы болып көмекке келіп, 74 тоннаға жуық азық-түлік, тұрмыстық заттар жеткізді. Бұл – «Жастар Рухы» жастар қанаты жұмысының бір бөлігі. Жаны жайсаң облыс жастары қай салада болмасын, белсенді. Кәсіпке бейім. Тек бағыт-бағдар беріп отырсақ, олардың алар асуы болашақ еншісінде
Түркістан облыстық «Жастар Рухымен» бірлесіп, жастар арасындағы өзекті мәселелерді зерделеп, оның нақты шешілу жолдарын қарастырып келеміз. Жыл басынан бері облысқа қарасты, аудан, қала жастарымен кездесіп, жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында бағыт-бағдар берілді. Студенттер оқитын жатаханаларға зерделеу жүргізіп, ондағы кемшіліктерді түзеу бойынша нақты ұсыныстар енгізілді.
Одан бөлек, Түркістан облысының «Жастар Рухы» ерекше жобаны қолға алып, дәстүрге айналдырды. Ол – жастардың білімін арттырып, үнемі ізденісте болуға шақыратын «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны. Бұл жобаға облыс жастары арасында ерекше қызығушылық танытып, бос уақытын тиімді пайдаланып отыр.
Жалпы, «Жастар Рухы» жастар қанаты облыс, республика көлемінде көптеген іс-шара ұйымдастырып келеді. Бір реттік іс-шаралар емес, қоғам сұранысына қарай әрекет етіп, облыс жастарын бір арнаға тоғыстырып отырған «Жастар Рухы» ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамдық тірегі болып, белсенді қызмет атқара бермек.
Бұл жолда барша жастарды біріге жұмыс істеуге шақырамын.
Динара АСЫЛҚЫЗЫ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты