50242
Түркістанда шетел азаматынан есірткі табылды
Түркістанда шетел азаматынан есірткі табылды
Түркістан облысының полицейлері шетел азаматынан есірткі тапты деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, шетелдік азаматтарының бірін бекеттен өткізу кезінде Клементина атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан. Шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі.
Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты гашиш болып шықты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.