51144
Головкин Биволдың тәсілін қолданса, «Канелоны» жеңеді – Серікжан Ешмағамбетов
Головкин Биволдың тәсілін қолданса, «Канелоны» жеңеді – Серікжан Ешмағамбетов
18 қыркүйек күні таңертең T-Mobile Arena-да Головкин мен Альварестің жекпе-жегі өтеді. Екі боксшының үшінші кездесуіне қатысты сарапшылар түрлі болжам айтып жатыр. Осы орайда, Тurkystan.kz тілшісі қазақстандық төреші, ардагер боксшы Серікжан Ешмағамбетовтің аталған жекпе-жекке қатысты пікірін білді.
Қазақстандық төреші Головкин алдағы айқасында мексикалық боксшыны жеңген Дмитрий Биволдың тәсілін қолданса, жеңіске жетеді деп есептейді.
«Генаның жасы келіп қалды. Осы үшінші жекпе-жегі ұзаққа созылды. DAZN-мен келісімшартқа отырған еді, олар да көп күттірді. Альварес біздің боксшыға қарағанда жас. Қос мықтының екінші айқасында Генаның Альварестен жеңілгенін мойындау керек. Енді отандасымыз осы үшінші кездесуге тыңғылықты дайындалып жатыр. Үміт күтіп жүрміз, сенімімізді ақтайтын шығар. Головкин - тәжірибелі боксшы, оны бәрі жақсы таниды. Дегенмен, қанша тәжірибесі бар болса да, мұндай жаста шеберлігін көрсету оңайға түсе қоймайды. Сол жағы алаңдатады. Гена трилогияда Сауль Альвареске қарсы Биволдың тәсілін қолданса, қарсыласын жеңе алады. Мен мұның алдында 12 раундқа есептелген Бивол мен «Канелоның» жекпе-жегін қарап шықтым. Диманың (Дмитрий) шыдамдылығына риза болдым. Оған «құлат, нокдаун не нокаутқа түсір» деп айтпаған. Арасында демалып отырғанда «асықпа, кері шегінбе, бір темппен 12 раундқа апар» деп айтып тұрды. Сөйтіп жеңді. Генаға да сондай анализ, дайындық керек. Эмоцияға берілмей, тактикалық әрекетке көшу қажет. Айқас алдында Гена жайлы түрлі нәрсе айтып, жамандап жатыр. Бұл да саясат қой. Бокста бәрі болуы мүмкін. Гена да, «Канело» да құлауы мүмкін. Жеңіл салмақтағы боксшылар емес. Не болса да, санаулы күннен соң шаршы алаңда кімнің асығы алшысынан түсерін көреміз», - деді Серікжан Ешмағамбетов.