50460
Рим Папасы Абайдың ілімі туралы сөз қозғады
Рим Папасы Абайдың ілімі туралы сөз қозғады
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде Рим папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ілімімен сусындауға шақырды деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Кеше азаматтық қоғаммен кездесуінде понтифик ұлттық аспап – домбыраны тілге тиек етсе, бүгін қазақтың ұлы ақыны Абайдың іліміне әлем назарын аудартты.
«Ол өзінің артынан діндарлық сіңген туындылар қалдырды. Абай адамгершіліктің бастауы – махаббат пен әділдік екенін еске салады. Қандай жағдай болмасын, зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді. Сол себепті қақтығысты қару-жарақ пен қоқан-лоққының күшімен емес, Жаратушыға ұнамды, адамға лайықты құралдармен шешуге тырысайық», - деді Рим папасы астанада өтіп жатқан съезде.Католик шіркеуінің басшысы Абай білім мен таным көкжиегін кеңейтуге шақырғанын атап өтті. «Абай білім-ғылымға ұмтылып, өзгелердің мәдениеті мен дәстүрін тануға, тарихы мен әдебиетін оқуға үндеді. Сіздерден өтінерім: қаруға емес, білімге ақша құяйық», - деді Рим папасы. Айта кетері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі екі күнге созылады. Шараға елу елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген. Діни форумға Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл - Рим Папасының пандемиядан кейінгі шетелге алғашқы сапары.