862
Қасымхан Бегмановтың көкжиегі
Қасымхан Бегмановтың көкжиегі
Қасымхан Бегмановтың ақындығы дәлелдеуді қажет етпейді. Оның талантына Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әли, Есенғали Раушанов, тағы да басқа классиктер баға берген.
Ал биылғы жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың арасында ақынның «Көкжиек» атты жинағы бар еді.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияға ақын-жазушының бір, ары кетсе, дилогия (трилогия) кітабы негізге алынады. Сондықтан сөз «Көкжиек» туралы болады. Бұл жинаққа ақынның өлеңдері мен «Алашорда аманаты» дастаны, «Мұстафа Шоқай» атты тарихи поэтикалық драмасы және «Ер Төстік» поэтикалық драмасы енген.
Жинақтың «Көкжиек» аталуы бекер емес. Кітаптың 13-бетіне берген мына өлеңі:
«Үлгі болған жұмбақтау ғұмырыммен,
Ұлы ақындар тербеді тұғырымен», – деп басталған. Мұқаба сыртына осы өлеңнің соңғы екі шумағын да жазып қойған. Ақынның өзі:
«Толғандым сезім баурап жүрегімді,
Жасымнан берді Алла тілегімді.
Қаршадайдан түскен соң қара жолға,
Бақытқа бөлегім кеп ұлы елімді», – дейді.
Соңында:
«Өткелдер өкіндірмей өткізбеген,
Мұрат та азаптарын шеккізбеген.
О, дариға-ай, арманға жетеледі,
Көкжиек маған мәңгі жеткізбеген.
Бұрынғылар соңында жол қалдырған,
Кейінгіге қалар іс қолға алдырған.
Бұл кітапқа өлең боп тұтас енді,
Көкжиегім – аңсаған, толғандырған»,
– деген жолдарымен ақынның кредосы да, кітап атауының мән-маңызы да белгілі болады, яғни лирикалық кейіпкер – ақынның өзі, сондықтан оқырманымен шынайы.
Қасымхан Бегмановтың поэзиядағы орны, өзі айтқандай, «Бес ғасырда бір-ақ рет туатын» және оқырманға «Терезеңді жыр боп қағып тұратын» ақын болуы әбден мүмкін. Оған еш шүбә жоқ.
Себебі бүкіл санасымен туған халқына аппақ қардай арымен қызмет етуді мақсат еткен тұлға үшін бұл бос қиял емес.
«…Әлі талай ғасырларда жалындар,
Жырларымды саналарға салыңдар.
Менің мәңгі мұрам болып қалыңдар,
Әр мұрамда қардай аппақ арым бар.
Алыңдар! – дейтін ақынның қай шығармасын оқысаңыз да, шынайы ой – қардай аппақ ары бар және «Адал сүт еміп ауылдан шыққан ұл» арқылы тазалықты көресіз. Ол сөзбен ғана жұбатпайды, Қасымхан Бегмановтың қайраткерлігі – халыққа болсын деген қызметі, бүкіл қазақ үшін поэзиясын әр жанрда ұсынып, әр саланы қамтуды ойлауы – куә.
Қардай аппақ ары бар ақын «Алашорда аманатын» поэма жанрында ұсынды. Бүгінде халықтың көзі ашық, Алашорда тарихын, ұлттық мемлекет құру мұратын, қайраткерлерді мектеп оқушысы да біледі. Сондықтан Қасымхан Бегмановтың «Алашорда аманаты» қазақ халқының басынан өткен нәубет кезеңді ұмытпауға шақырады.
Рас, Мұстафа Шоқай Алашорда құрамында болғаны көп айтылмайды. «Мұстафа Шоқай жолымен» кітабында Түркістан, Ташкент кезеңіне қатысты көлемді сұхбаттар бар, сол мәліметтер көп жағдайдан хабар береді, яғни Қасымхан Бегмановтың «Алашорда аманаты» деп тақырып қоюында қателік жоқ, ұлт мұраты үшін бастарын бәйгеге тіккен ардақты тұлғаларды қазақтың соңғы ханы – Кенесарыдан бастап, ұлттық идеяны алға шығарады. Тіпті, түрлі саяси бағытта («сәдуақасовшылар», «шоқайшылар», алашшылдар) болса да, армандары – Қазақтың тәуелсіздігі еді.
1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезінде Ұлт кеңесі – Алаш үкіметі құрылып, ол үкіметтің басшысы – Әлихан Бөкейханов, ал Мұстафа Шоқай осы Кеңестің және Үкімет мүшесі қатарына кірген.
Поэмада лирикалық кейіпкер – ақынның өзі, бірақ ақынмен бірге Қазақ даласы, қазақтың тарихы оқырманымен ертіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға жеткізеді, жүріп өткен жолды көз алдыңызға әкеледі. Мұстафа мен Әлихан, Ахмет – бәрі бір зиратта жатқан жоқ, бірақ Қазақ тарихындағы осындай абзал тұлғаларды таныстыра отырып, бүкіл қазақтың мұң-зарын жеткізу мақсат болған.
Аппақ Ай нұрын төккен сары алабым,
Жаныма нұр құюға жарамадың.
Ғасырдан ғасырларға көш бастаған
Қатепті қайда кеткен қара нарым? – деп, ұлттың ардақты тұлғаларын жоқтайды. Қазақтың соңғы жырауы – Махамбеттің «Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске» деген ұраны еске түседі.
XXI ғасыр ақыны тағдырлы сын сағатта елдің, халықтың мүддесі үшін қызмет ететін тұлғалар қай заманда да қажет екенін осылайша еске салады.
Ақын:
«Сағыныштан жанып кеткен отызда
Мен Төлеген Айбергенов едім ғой...» – дейді өзін, ұлттың мықтыларын сағынатынын осылай сездіреді.
Бірақ ақын оқырманды пессимизмге қалдырмайды. Талдыбейіт деп аталатын жерде Әлихан Нұрмұхамедұлының әкесі жатыр, сол бейітке Бразилия ағашының шыбығын қадаған, сол ерекше ағаш әлі күнге дейін көгеріп тұрғанын айта келіп:
Адал боп, ата тарих пен
ежелгі әдет-ғұрыпқа,
Алуан да алуан елдердің өткен
жолдарын сұрыпта.
Қара бастарын ешқашан мәселе
етіп қоймаған,
Қазақтың қамын қамығып,
тереңнен тартып ойлаған,
Алашорданың жас ұрпақ ұлы,
Аманатын ұмытпа! –
дейді. Ақын осылайша Алаш идеясына құрметті, аманаттың қадірін жеткізеді.
Бір поэма дегенмен, ақын шығарма соңында жазған түсініктерінің өзінде Әлихан Бөкейхановқа, басқа да тұлғаларға маңызды мағлұматтар қамтылған, яғни оқырман үшін ғылыми ақпараты да пайдалы.
Жинаққа сонымен бірге ақынның «Мұстафа Шоқай» атты 1 бөлімді, 7 көріністі тарихи поэтикалық драмасы да енген.
Драмаға тән тартыс, әрине, Мұстафа Шоқайдың өзінің өмірінен-ақ жеткілікті. Бірақ сонда да көркемдік тұрғыдан ақын, драматург Қасымхан Бегманов бірнеше эпизодты бүгінгі көрерменнің де қабылдауына ұтымды ұсынған. Мұстафа мен Марияның пойызда келе жатқан жолындағы қауіпті жағдайлардың бірнеше дүркін қайталануы оқырманның көңілін сахнада ұстауға қызмет етеді. Ал тексерушілердің қолына түспей, аман өткен сәттерінде қуанған Мария:
«О, Жаратқан ием!
Дарып бізге киең
Өзің панаға алдың,
Тар жерде мына
Құтқарып қалдың», – дейді.
Мұстафа мен Марияға Жаратқанның көмегі бір емес, бірнеше жерде болыпты. Ол қалайша? Көрініс үстінде тарихи зерттеулерді оқымай-ақ, дәл сол сәтте халқы үшін ниеті түзу жандарға Жаратқанның өзі көмектесетіні көрерменнің фольклорлық санасына әсер етеді.
Қарғалыға жетіп, ол жерден де тексеру күткен кезде поезд тоқтамай өтіп кетіп, Жұрынға жеткендерінде ары қарай жүрмейтін болып, тағдырын қосқан екі мықты қара жолдың бойымен қол ұстасып, Темір ауданына келеді. Мұнда оларды бүкіл ауыл құрметпен қарсы алады. Себебі елді аузына қаратып отырған ақылман Хазірет ақсақал бар. Хазірет кейіпкер ретінде дін адамы сияқты болғанымен, Мұстафаның бар хабарын біліп отырған дана типінде сомдалған. Сондықтан ол:
…бастаған мына майданың,
Созылар, балам, кемінде,
Жүз жылға кетер күресің, – деген сөзінде ұлттың қамын ойлаған дана қарттың бейнесі көрінеді.
Мұстафаның:
«Соңғы демім шыққанша,
Қызмет етем халыққа», – деген сөзінен кейін Хазірет:
… Алақұйын замандар,
Ұрпақ бәрін бағамдар.
Бас көтерді құл-құтан,
Атқа мінді жамандар.
Шерлі көкірек толғайды,
Айтпайын десем, болмайды.
Арқалап дұшпан жаласын
Алысқа ұзап барасың.
Оралмастан сол жақта
Біржолата қаласың.
Жан-жағыңнан қысқанмен,
Қарсыласып дұшпанмен,
Сырыңды елден жасырма
Ғасырлардан ғасырға
Даңқың кетер аңыз боп, – деп болжау айтады.
«Көкжиек» аталған жыр жинағынан көкжиек сарыны алдыңыздан шығады. Ол ақынның аппақ қардай таза көңіліндегі сағынышымен астасып жататын поэтикалық көкжиекке тартады.
«Ұйқас таппай жүр демегін, шырағым,
Кім ұмытар Алашорда ұранын?!
Мола таппай жер бетінен, дүние-ай,
Көкжиекке Құран оқып тұрамын», – дейді. «Көкжиекті» бір қарап шыққанда, өзге ақындар айтатындай жарқ-жұрқ сөз тіркестер мен жан баласы айтпаған дейтіндей метафора, теңеулерді түйдек-түйдегімен көргім келгені жасырын емес. Бірақ «Көкжиекке Құран оқу» ақынның поэтикалық қуаты емес пе?! Әрине, солай! Тек бұл бір ғана қолданыс емес, «Шүберек» өлеңін оқысаңыз да, бұл ғазалдан үзіндіні бөліп алып ұсыну мүмкін емес, тұла бойы құрыштай сом өлеңге айналған. Және өмірдің пәлсапа тереңіне тартады. Дегенмен мысал үшін:
«Адам көркі – шүберек, шүберекке орандым,
Жанарыңнан үзілген бір
тамшы жас болармын», –
дегенін көзбен оқып қана өтіп кету мүмкін емес екенін айту дұрыс болады.
Қасымхан Бегманов мұң ақыны ма? Мұң бар жерде ойлану бар шығар. Ол үшін ақынды «кінәлау» дұрыс емес. Алыс шетел әдебиетіне көз салмай-ақ, көрші елден өзіміз жақын білетін А.Пушкин де, М.Лермонтов та, Н.Некрасов та орыс халқының мұңын поэзия тілімен жеткізгенін ойлайық. Әлде Қасымхан Бегманов поэзиясында жеке бастың мұңы басым болып кетті ме? Бәлкім, біреулер өмірі мұңға толы ақын ретінде көре ме? Ақынның «Көкжиек» жинағын оқу барысында осыны да ойладым. Бірден айтайын, Қасымхан Бегманов тағдырға реніші бар жеке бастың мұңын айтатын деңгейдегі ақын емес.
Ауыр жолды таңдағам,
жеңіл жолда бақыт жоқ,
Аламанда алаңсыз керілуге уақыт жоқ, – деп бастаған өлеңінде:
Кейде маған дес бермес,
қиындықтар ұнаған,
Тұра алмастай сүрініп,
құздан ұшып құлағам.
Мұң шақпайтын боп алдым,
жатсам-дағы етпеттеп,
Қасарысып айтпадым,
жақынға да «Кеп кет», –
деп, – жазып отыр. Себебі:
Мені мәңгі аяулым, ар-ожданым күзеткен,
Қара жолдан сұрарсың ары-бері
жүз еткен!, – деп тұр.
Сондықтан оқырман тағы да ақынның аппақ қардай арымен дос болып, оны өзінің жанына серік етіп, нық қадаммен өмір сүре береді.
Ақынның туған жеріне, қасиетті Түркістанға арнаған өлеңдерінде «Алашым менің, Айбарым, сұстым, асқағым» деп, туған елді ұлықтау, тарихи тұлғаларды үлгі етуі тұрақты. Оның мұңы халқымен бірге, яғни «Қазақ деп өткен Қасымхандардан қалған мұң». Дегемен қазақ тарихындағы мұң уақытша ғана болсыншы, болашақ ұрпақ жарқын өмір сүретін болсын. Қасымхан Бегмановтың поэзиясында қазақтың тарихын бағалайтын болашақ ұрпаққа:
Беу, жас ұрпақ,
адал болып ата тарих,
салт-дәстүр мен ғұрыпқа,
Халқымыздың өткендерін сұрыпта.
Біздің халық жылтыраққа
елең ете қоймаған,
Ел мен жердің ертеңін тереңінен ойлаған,
Бабалардың Аманатын ұмытпа! – дейді.
Кей сәттерде қазақтың ардақты ақыны Төлеген Айбергеновтың сағыныш сарыны да, өлең өрудегі формалық, техникалық ерекшелігі де аңғарылатын сияқты болғанымен,
«Таңғажайып ақын болып қалғым кеп,
Тәңірімнен жалбарынып сұрадым» деген XXI ғасыр ақыны ұлы Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» талабына жауап поэзиясы куә.
Тек Айбергенов ықпалы ғана емес, терең ғасырлардан үн қататын фольклорлық жырлардың да, авторлы ауыз әдебиеті өкілдері – жыраулардың да ықпалы айқын аңғарылады. Бұл дәстүрді сақтау – поэзиядағы ұлттық менталитетті, қазақтық үнді жоғалтпауға қызмет ететін алтын көпір.
Ақынның жан азығы фольклордан даритын рухтылыққа, көркемдікке бай, ол Қасымхан Бегманов поэзиясының құнары болған. Ал Қасымхан Бегманов поэзиясындағы құнарлылықты қазақтың құдіретті ақыны Жұмекен Нәжімеденов «Бастау» атты жас ақындар топтамасы туралы мақаласында жазған. Нақты айтқанда, ол: «Талант – құнарлы топырақ қана. Топырақ өздігінен өнім бермейді, оған дән себу, оны күтіп, баптау керек. Сонда ғана ол ырыс-берекеге айналады. Қасымхан мына жинағымен топырағын танытты», – деп жазған. Бұл – шын ақынның болашақ мықтыны тануы, бағалай білуі. Қасымхан Бегмановтың құнарлы топырағы жаратылысынан, тумысынан, тегінен. Ол Құдай берген құнарлылықты өмір бойына азаматтық, қайраткерлікке айналдырған Қасымхан Бегмановқа айналды және шығармашылығына талай буын ұрпақ қуә болатыны сөзсіз.
Кез келген ақын қайраткер бола алмайтыны аян. Ал Қасымхан Бегмановтың қайраткерлігі оның қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтырудағы және ұлттық құндылықтарды зерттеуші, насихаттаушы болуы («Этнографпен әңгіме», «Дәстүр» журналы) және осы тақырыптарды әдебиетте де сөйлете білген еңбегімен айқындала түседі.
Қасымхан Бегмановтың ақындығына қоса, оның азаматтық, тұлғалық қайраткерлігі – қазақ ұлты үшін, ел үшін өмірлік кредосына айналғанына дәлел.
«Мұстафа Шоқай жолымен» атты ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның нәтижесі кітап-альбом және төрт сериялы фильм жанрында ұсынылуы зор еңбекті көрсетеді. Бір ғана Мұстафа Шоқай емес, оған қатысы бар көптеген жайлардан қанықтыратын тарихи құжаттарды молынан табуы кітаптың да, фильмнің де бағасын, құндылығын арттыратыны сөзсіз.
«Мұстафа Шоқай жолымен» тарихи-деректі, танымдық сапарнама бір докторлық диссертация емес, оның бірнешеуін орап алатын құнды дүние. Себебі Мұстафа Шоқайдың өмірін және қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты, яғни алты бағытқа бөле отырып, әр бағыттың атауына сәйкес тиісті тарихи құжаттарды тауып, олардың көшірмелерін ұсынуы, сол кезеңге байланысты оқырманның қызығушылығына жауап беретін естеліктер мен қажетті кездесулер ұйымдастырылып, олармен болған сұхбаттар (Түркістан легионының жетекшісі болған Уәли Каюмханның көзін көрген, немістердің концлагерінде ауыр азаптауларды басынан өткерген түркиялық Әлім Алмат ақсақал, Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның шәкірті доктор Гүлшін Шандарлыоғлы, т.б.), тұлғаның өміріне қатысы бар түрлі басылымдар, яғни шоқайтанудың арнаулы энциклопедиясына айналған. Ақиқат үшін айту керек, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап шоқайтану саласында біршама зерттеулер, жұмыстар атқарылды. Соның бірі – Дархан Қыдырәлінің де «Мұстафа Шоқай» атты зерттеу кітабы алты бағытты қамтығанын айтуымыз керек.
Ал Қасымхан Бегмановтың Мұстафа Шоқайға арнаған кітап-альбомы кешенді зерттеушілік сипатымен ерекшеленеді, шоқайтануға өзінің үлесін қосуымен құнды.
Бұл кітап өткен ғасырлардан сыр шертетін сарғайған қағаздардан сыр тартып қана қоймай, зерттеушілік еңбегі оқырманның жанын тербейтін әсерге толы. Алаштың ардақты тұлғасы Мұстафа Шоқайды бірсыдырғы сөздермен шектемей, қазақтың болашағы үшін ұлы мұратты, биік мақсатты тәуелсіздік жолына сақтауға үлгі болатын қаммен жазылған.
«Көкжиек» кітабында автордың «Мұстафа Шоқай» атты тарихи поэтикалық драмасы да енген. Енді жанры ерекше осы шығарма туралы айтуым да керек. Драмалық шығармада келтірілген әр сөздің тарихи тұрғыдан дұрыс екеніне ешқандай шүбә жоқ. Тек болашақта театр режиссерлері сахналанатын болса, болашақта ескерсе деген бір-екі ұсынысымды да айтуды жөн көрдім. Спектакльдерде идея және тартыс маңызды, «Мұстафа Шоқай» драмасының мақсаты – ұлы идеяны насихаттау, тек монолог көптеу болып кеткен сияқты, поэтикалық десе де, сөзден гөрі оқиғаларды, қимыл-әрекеттерді қоса түссе, қиын кезең ашыла түсер еді деген ой келеді.
Бұл Хазірет бейнесі үшін де қажет болып тұр деп ойлаймын. Мұстафа Шоқай, шын мәнінде, Хазіретпен немесе дін өкілімен кездесіп, батасын алды ма? Әдебиеттанушы ретінде, өнертанушы ретінде мен жиынтық бейне ретінде қабылдадым. Себебі ел дұрыс сөзін айта алатын адамсыз емес. Қиын кезеңдерде де сөзі түзу адамдар, ақсақалдар болған. Тек осы драмада кейіпкер Хазірет деп аталғандықтан, сол кезеңде большевиктердің молдаларды да, мешіттерді де қырып-жойған әрекетін суреттейтін көріністер мен тартысты оқиғалар қосылғанда, монолог бірсарындылықтан арылар еді.
Бұл болашақта сахналау кезінде ескерілетін шығар, ал драманың идеясы, поэтикалық қуаты сөзсіз, даусыз. Жинаққа да, шығармаға да нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
Мұстафа Шоқай армандаған, өзі сол жолда жанын қиғаны айтылумен бірге қазіргі түркі халықтарының бірігуі туралы да бір сөздер қосылса деген де ой келеді. Әрине, әркім өзінің көргісі келетінін қосса дей беруі мүмкін, себебі шығармашылықтың адамына әрдайым ізденіс тән. Оны автордың өз еркіне қалдырамыз.
Қасымхан Бегмановтың «Менің Мұстафам» монодрамасының сәтті қойылғанын өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс «Қазақ әдебиеті» газетінде (24 маусым 2022 жыл) жазды.
Сонымен бірге «Көкжиек» жинағындағы «Ер Төстік» поэтикалық драмасы да фольклорды шығармашылықпен дамытудың жақсы үлгісі болып шыққан. Қазіргі заманның жас ұрпағы үшін, қоғам үшін маңызды. Былтыр Алматы қаласында Мемлекеттік қуыршақ театры сахналанған «Ер Төстік» пьесасы аншлагпен өтті. Пьесаны драматург, режиссер, суретші, композиторлар мен актерлер тобы шеберлікпен ұсына білді. Бұл шығарманың жасөспірім көрермендер үшін тәрбиелік мазмұны басым екенін өнертану кандидаты, доцент Зухра Исламбаева «Ерлікті дәріптейтін «Ер Төстік» атты мақаласында атап өтті («Егемен Қазақстан», 13 шілде 2021 жыл). Осылайша Қасымхан Бегманов пьесалары қағаз бетінде, кітап парақтарында қалмай, сахналарда өмірлерін жалғастырып, көрермендер жүрегіне жол тапқанына куә боламыз.
Қорыта айтқанда, ақын, драматург Қасымхан Бегмановтың «Көкжиек» жинағы ізденіске толы шынайы шығармашылықтың, қайраткерліктің үлгісін көрсетеді және бағалануы тиіс құндылық.
Ақын Қасымхан Бегмановтың ақындық «Көкжиегі» бір жинақпен шектелмейді. Әдеби кеңістікте жұртты елең еткізген «Ташкентпен қоштасуы», «Шерлі Түркістаны», басқа да қадау-қадау шығармалары оқуды талап етеді, оқыдық қой, енді ақын лайықты бағасын алу керектігін де еске салады.
P.S.Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа қатысты реніштің бұрыннан бар екені жасырын емес. Ендігі жерде мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер де, әдебиетсүйер, өнерсүйер жұртшылық та әділдікті көргісі келеді. Сондықтан әділдікті, адалдықты қалыптастырудың жолдарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қариннен бастап Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның барлық мүшесі ойланса екен деген тілегіміз бар. Мүмкін таза оймен тәуелсіз сараптама жаздыруды қалыптастыру қажет шығар.
Риза ӘЛМҰХАН, филология ғылымдарының докторы