Абай тоқтаған үйдің кенжесі АҚШ-та тұрады

Абай тоқтаған үйдің кенжесі АҚШ-та тұрады

Абай тоқтаған үйдің кенжесі АҚШ-та тұрады
ашық дереккөзі
6309
Қарқаралы қаласындағы ұлы Абай тоқтаған Халиулла Хамитұлы Бекметевтің үйін қала тұрғындары мен келуші қонақтар жақсы біледі. Ол үйде қазір Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан. Халиулла Хамитұлы туралы біз не білеміз? Халиулла Бекметев 1829 жылы туған. Латифа, Хадиша, Фатима, Ғайни есімді төрт әйелі болған. Осы төрт әйелдің екеуінен 8 бала сүйген. Халиулла бай, ел ол кісіні осылай атаған, Қарқаралы өңірінің зиялы және құрметті азаматы болған. Көпес әрі кәсіпкер. Халыққа жасаған қайырымдылығы үшін орыс императорлары ІІІ Александр 1888 жылы Станислав ленталы күміс медалімен, ал ІІ Николай 1904 жылы Анна ленталы алтын медалімен марапаттапты. Сонымен қоса, бұл кісі Санкт-Петербург қаласында мешіт салынғанда қайырымдылық жасап, қаржы бөлген екен. Халиулла бай 1905 жылы қайтыс болып, Қарқаралыда жерленген. Халиулла байдың Құнанбай, Абай тоқтаған тарихи үйінде ең соң­ғы тұрған – кенже ұлы Мұхсин. Мұх­син Халиуллаұлы Бекметев Қар­қара­лы гимназиясын, қалалық учи­лище­сін бітірген, Алаш қозғалысын қол­даған, М. Дулатовтың «Оян, қазақ!» кі­табын таратқаны үшін тергеуге алын­ған. Кеңес үкіметі тұсында бай­дың, саудагердің ұлы деп қуғын кө­ріп, 1931 жылы Қарқаралыда репрес­сияға ұшырап қайтыс болады. Міне, осыдан біраз жыл бұрын мен киелі шанырақта туған Мұхсиннің Тамара есім­ді қызын сонау Америкадан тап­тым. Қазір 92 жастағы апай Гонолулу қаласында тұрады (Гавайи аралы). – Тамара апай, сіз Қар­қара­лы­да Абай тоқтаған үйде туып­сыз. Балалық шағыңыз жайлы ай­тып берсеңіз.. – Иә, мен 1930 жылы Қарқаралы қа­ласында туғанмын. Менің әкем Мұх­син Халиулла атамның қазақ әйе­лі Ғайниден туған (Ғайни Шон­бай­қызы. - Е.М.). Анам Миассар Фаи­зова да Қарқаралының қызы болады. Анам гимназияны бітіріп менің әке­ме тұрмысқа шығады. Ол кезде анам­ның жасы 15-те немесе 16-да. Ата-анам­ның жеті баласы болған. Алғаш­қы туған екі ұл сәби кездерінде көз жұмған, одан кейін Кәмиля, Роза, Ғаяз, Ревгат және мен туғанмын. Мен ең кенжелерімін. Менің туғаныма бір­неше ай болғанда әкем соқырішек болып, операция жасалады. Операция кезінде инфекция түсіп әкем қатты ауырады. Ол кезде Кеңес үкіметінің орнаған кезі ғой, әкем бір жағымсыз жағ­дай болатынын күтіп жүрді. Біз­дің ойлауымызша, сол инфекцияның өзі бекер түскен жоқ, ол біреулердің ық­палымен жасалған іс... Содан әкем үйде өлім халінде жатқанда ол кісіні тұтқындауға келеді. Келгендер әкем­нің өмір сүруіне санаулы күндер қал­ғанын көріп, тұтқындамай кетіп қа­лады. Әкем қайтыс болғаннан кейін үйге кеңес үкіметіне өткен бұрын­ғы малшылар келіп дөрекілік мі­нез­дерін танытып, неше түрлі жа­ман қылықтар жасады. Француз иіс суымен қолдарын да жуды... [caption id="attachment_196548" align="alignnone" width="1748"] width= Тамара Мұхсинқызы[/caption] – Кеңес үкіметі жағынан бол­ған қуғынға шыдап, Қарқара­лы­да қала бердіңіздер ме? – Жоқ, Қарқаралыдан кетіп қал­дық. Ол кезде анамның туған бауыры Мағунат Алматыда тұратын. Мағунат кө­лік жалдап, түнделетіп Қарқара­лы­ға келіп, бізді алып кетті. Сөйтіп, біз бәрін тастап, қашып кеттік. Анамның ал­ғаны тек қана бірнеше білезік. Олар­дың өзін менің жаялығыма орап алып­ты. Кейін қиын болғанда сол біле­зіктердің асыл тастарын алып күріш­ке айырбастайтынбыз... Қар­қара­лыдан біз түнде қашып бара жат­қанда біреулер хабарлап, арты­мыз­дан атты милиция қуады, бірақ көлігімізге жете алмайды... Анамның айтуы бойынша, Қарқаралыда біздің тағы бір үйіміз болыпты. Ол үй өзен­нің жағасында орналасыпты. Оны біз Қарқаралыдан кетер алдында бір күн бұрын біреулер өртеп жіберіпті... – Одан кейінгі өмірлеріңіз Ал­­­матыда өтті ғой? – Аман-есен Алматыға жеттік. Ал­матыда біз қаншама жан Мағу­нат­тың кішкентай екі бөлмелі пәтерінде тұрдық. 1937 жылы бізді Қарқаралы­дан алып кеткен Мағунатты тұтқын­дады. Белгісіз біреу Мағунатты түнде көлік жалдап, бір жерге барғанын жет­кізіпті. Онда ол бізді Қарқаралы­дан алып кеткен кезі еді. Сөйтіп, оны «тың­шы» деп 25 жылға соттап жі­берді. 20 жыл ол Тайшетте өткізді. Ша­мамен, 1957 жылы оралды. Мағу­нат­ты тұтқындаған соң бізді оның пәтерінен қуып шықты. Есімде, біз біраз уақыт жаман лашықта тұрдық, одан кейін бараққа көштік. Анам түр­меге сыпырушы болып орналасты. Ол кісі түрмеде шетелдік бір адамның камерасын жинайтын. Ол адам болса аштық жариялап, тамағын анама беретін. Анам байғұс ол тамақты қуа­на бізге әкеліп беретін. Одан кейін анам курстарды бітіріп, ауруханаға са­нитар болып орналасты. Жағдай қиын болды, тамақтың тапшылы­ғы­нан менің денсаулығым нашарлады. Содан біздерді интернатқа тапсырды. Он­да мен 10-ға келіп қалған кезім. Тәубе, ол жерде менің кім екенімді еш­кім білмейтін... Интернатта жүргенде менің му­зыкаға бейімім бар екенін байқайды. Содан мен музыка онжылдығында оқы­дым, одан кейін музыка учи­лище­сіне түстім. Оны аяқтаған соң мен Алматы консерваториясына тү­сіп, фортепиано класы бойынша бі­лім алдым. 16 жасымнан бастап сабақ бере бастадым. Өз музыкалық аспа­бым болмағандықтан, мен балаларды көбіне тегін оқытып, сабақ соңында со­лардың пианиноларында ойнай­тын­мын. – Алматыда сіздердің отбасы­ларыңызды қуғындаған жоқ па? – Кім екенімізді жасыруға тырыс­тық. Бірақ жасырғанмен ата-тегімізді біліп қойып жатқандар болды. Мы­салы, апам Кәмиля институтқа оқуға түс­кенде біреулер оны байдың қызы деп жазып жіберіп, оны оқудан шы­ғарып тастады. Роза деген апам Мәс­кеуде тоқыма институтында оқы­ғанда өзінің өмірбаянын жасыр­ға­нымен, Алматыға келіп, Министрлер кеңесіне жұмысқа тұрғанда шындық ашыл­ды. Белгісіз біреу апамның өзі­нің шығу тегін жасырып жүр деп жа­зып жібереді. Содан үлкен қиын­дықтар болды. Ақырында баласы әке­­сіне жауап бермейді деп, Розаны ты­­ныштықта қалдырды. – Сіздің «Девушка-джигит» ки­­­­носына түскеніңіз рас па? – Консерваторияда оқып жүр­генде киностудиядан режиссердің кө­мекшісі келіп «Девушка-джигит» ат­ты фильмге түсуге бір қызды іздеді. Мені де шақырды. Сөйтіп, мен ол ки­нода кішігірім бір рөлде ойнадым. Одан кейін мені «Ленфильм» кино-с­тудиясынан келіп киножурналға түсірді. Киножурналда мен алма теріп жүрген қазақ қызын бейнеледім. – Отбасыңыз жайлы айтып бер­сеңіз... – Мен 1956 жылы Алматыға гас-т­ро­льмен келген Свердловск теат­ры­ның жас актері Борис Урецкиймен та­ныстым. Содан отбасын құрып, Свер­дловск қаласына көштім. Ол жақ­та мен училищеде музыкадан са­бақ бердім, фортепьяно бөлімінің мең­герушісі болдым. Жолдасым Бо­рис Урецкий Свердлов киносту­дия­сында алғашқыда деректі фильмде, одан кейін көркем фильмде екінші режиссер болып істеді. 1970 жыл­дар­дың басында Борис «Мосфильмге» жұ­мысқа ауысып, біз Мәскеуге көш­тік. Жалғыз қызымыз Марина Бү­кіло­д­ақтық мемлекеттік кинематог­ра­фия институтының (ВГИК) ки­но­тану факультетін аяқтап, ха­лық­аралық кинематография одағының бөлімінде қызмет істеді. – Америкаға қашан кеттіңіз­дер? – 1981 жылы біз Америка Құрама Штат­тарына көшіп кеттік. Жолдасым 1991 жылы қайтыс болды. Қызым Ма­рина әлеуметтік қорғау департа­ментінде қызмет атқарды, зейнет­керлікке шықты, жолдасы – инженер бол­ды, ол да қазір зейнеткерлікте. Джеймс және Даниэлла есімді екі жие­нім бар. – Қазақстанды, атамекеніңізді са­ғынатын боларсыз... – Әрине, Қарқаралы ұйықтасам тү­сімнен, ояу жүргенде ойымнан шық­пайды. Қазақ жерін бір көрсем деп зарыға аңсаймын. Алайда қазір жа­сым 92-ге келді. Елге жетуге дәрмен жоқ. Өкінішім өзегімді өртейді. Асы­лы, туған жерде өмір кешкен, туған жер­де, туған елде өлген де бақыт екен. Қазақ жұрты тәуелсіз ел болып­ты. Көңіліме осы да медет.

Ерлан МҰСТАФИН, өлкетанушы Қарқаралы қаласы

Серіктес жаңалықтары