1539
«Ариайдай» – тарихи мәні бар әуен-сөз
«Ариайдай» – тарихи мәні бар әуен-сөз
Халық әндері мен халық композиторларының әндеріне зер салсақ, олардың мәтіндерінде бүгінгі ән сөздерінен едәуір айырмашылық бар. Мәселен, халық әндерінде «Ахахау», «Игигай», «Әләулім-ай», «Угай-ай», «Айдай», «Әгугай», «Игай-ау», «Кідігай» сияқты сөздер жиі кездеседі. Оны музыка зерттеушілері негізінен адамның ішкі сезімі мен психикалық көңіл күй қалыптарын білдіретін одағай сөздер деп түсіндіреді. Дегенмен біздің көзқарасымызша, оларда одағайлықтан басқа да мәндер бар.
Б.Қарақұлов, І.Қожабеков, А.Байғаскина, М.Ахметова, С.Еламанова, А.Бердібай, Ә.Сабырова, Г.Әбдірахман, А.Күзеубай, А.Байбек сынды музыкатанушы-ғалымдар қазақтың халық әндерінің әуендік-құрылымдарын талдап, ән формаларын зерттеуде көп еңбек сіңірді. Дегенмен, поэзиялық және музыкалық әуен бірлестігінен туған халқымыздың әндерін терең ұғынып, жан-жақты түсіну үшін әндердің әуендік-құрылымымен қатар, әрбір сөзі де жете зерттелуі керек-ақ.
Халық әндерінде жоғарыда біз келтіріп өткен одағай мәнді сөздердің қатарында «Ариайдай» сөзі де көп кездеседі. Сонымен қатар «Әри-ау», «Әридай», «Әридау, қалқаш», «Әридаш», «Әридім-ай», «Әриялар», «Әрия-яй» секілді ән аттары да жиі кездеседі.
Ерте замандарда пайда болған бұл сөздердің мәніне көз салсақ, оларда жай ғана көңіл күйді білдіретін мән ғана емес, тарихи мән де барына көз жеткізер едік. Мәселен, С.Сейфуллин бұл жайында «Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» атты еңбегінде ақын-жыраулардың толғауларында кездесетін «Арайна» мен халық әндеріндегі «Ариай», «Ариайдай» сөздерінің түбірі бір екенін айтады. Нақтылап келтірер болсақ, ол «...Қазіргі қазақ атаулы ел мен ноғай атындағы елдің өлең, жырды бастағанда: «арайна» деп, «ариай» деп бастаулары. Мұсаұлы Мамайдың Арайна атты жолдасы жауда жараланып, өлерінде: «...кейінгі жырлардың бәрі «арайна» деп басталса екен» деп өсиет қылған екен. Сонан бері жырды «Арайна» деп бастау мирас болған екен...» дей келе, Мұрат Мөңкеұлының:
«Арайна, билер, Арайна!
Арайна десем болғай ма?
Арайнасыз әр қайда,
Ердің ісі оңғай ма?
Арайна болған Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?
– деген сөзімен қатар, Махамбет Өтемісұлының толғауларынан да мынадай мысалдар келтірген:
«Арайна, билер, Арайна!
Арғымағым жарай ма?
...Арғымақ әлсіз, ер малсыз,
Алданың не берері болжаусыз,
Жолдастарым мұңайма...».
(Классикалық зерттеулер: Көп томдық. А., «Әдебиет әлемі», 2014. Т.25. Қазақтың жыраулық мұрасы. 55-б.).
С.Сейфуллиннің бұл дерегіне сүйенсек, әндер мен жырларда кездесетін «Арайна», «Ариайдай» сөздері ноғайлы дәуірінде өмір сүрген Арайна атты батырдың есімімен байланысты болып шығады. Қазақ әндерінде жиі кездесіп, «одағай сөз» делінетін жүздеген сөздердің барын ескерсек, әрбір сөздің этимологиясын зерттеу ісі өзекті мәселе екені сөзсіз. Бұл жөнінде әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Е.Шүкіман: «Қазақ әндерінде, әсіресе халық әндері мен халық композиторларының әндерінде одағай сөздер көп кездеседі, «одағай» деп айдар таққанымызбен, музыкатану ғылымы ол жайында әлі зерттеулер жасаған жоқ. Толық мағынасы болмағанмен, адамның көңіл күйіне, сезіміне байланысты қолданылатын сөздер деп түсіндіріледі. Мысалы, Біржан салдың «Жамбас сипар» әнінің қайырмасындағы «хәләлайдан» тұратын одағай сөздердің арғы жағындағы мағынасында ер адамның әйелді аймалап сүю іс-әрекеті бейнеленеді. Әнсіз айтылса байқалмауы мүмкін, ал әуенмен айтылғанда онысы айқын көрінеді. Сондықтан әндерде кездесетін одағайлардың бәрі де белгілі бір мағына береді.
Этнограф А.Затаевич көзі тірісінде «Қазақ халқының 1000 әні» «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарын шығарып кетті ғой. Қолжазбаларында әлі де жарыққа көптеген қазақ әндері бар екен, оларды Қ.Сәтбаев пен А.Жұбанов Затаевичтің әйелі мен қызынан алып, 1946 жылы Қазақ Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорына тапсырған. Қолжазба қорында 75 жылдан астам уақыт жатқан материалды алып жинақ қылып құрастырып жатырмын. Сол жинақтың ішінде «Кідік-ай» деген ән бар. Бұрынғы жинақтарында әннің атының аудармасы ретінде «припевное слово» деп жазып қоятын. Ал қолжазбасында «Кідікайдың» аудармасы «Родина» деп берілген. Мен осыған таңқалдым. «Родинка» да емес, шынымен «Родина» болатын болса, «Кідікайдың» аржағында кіндік сөзі жатыр ма деп те ойлаймын. Өйткені «тууға, кіндігі кесілуге байланысты шыққан сөз бе екен» деген ойға жетелейді. Қазақ әндерде одағайлардан құралған қайырмалар өте көп. Еуропада симфониялық шығармаларға музыкалық талдаулар жасалады. Біз де әндерімізді сол тәсілмен талдаулар жасап, әрбір сөздің этимологиясын зерттеуіміз керек», – дейді.
Бүгінде ел ішінде айтылып жүрген «Ариайдай» әнінің сөздеріне қарасақ:
Айтайын айт дегенде әриайдай,
Көп айтса, әриайдай көңілге жай.
Барады өтіп жалған күн санауда,
Қалайық ойнап-күліп осындайда.
Қайырмасы:
Ей, саған халқым-ай
Беу, әнімді айтып-ай
Жүрмін шалқып-ай.
(Т.Асардың орындауында).
2011 жылы «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында жарыққа шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» аталатын антологияда Е.Рысқалидың орындауында «Әри-ай», А.Ноғайбаеваның орындауында «Әриайдай» атты халық әндері енген.
Е.Рысқали орындаған «Әри-ай» әнінің мәтінінде:
Қарайғанға қараймын қабан ба, – деп,
Қамшылаймын атымды, әри-ай, шабам ба, – деп.
Өткеннен де сұраймын, кеткеннен де,
Ауылы сол қалқаның, әри-ай, аман ба, – деп;
Ал А.Ноғайбаева орындаған «Әриайдайда»:
Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң,
Екі құрбы ойнайды тең болған соң,
Әриайдай, әриайдай, әриайдай.
Саған айтпай сырымды кімге айтайын,
Шын ұнаған көңілге сен болған соң,
Әриайдай, әриайдай, әриайдай,
делінген («Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы, 2011. CD 6.).
Қазақтың «Әриайдай», «Әри-ай» сынды әндер мұнымен шектелмейді, әр жылдары жарияланған этнографиялық, ноталық-музыкалық жинақтарда да мұның бірнешеуі кездеседі. А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласынан жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінде «Әриайдай» деп аталатын екі ән кездеседі. Аталған екі әннің бірін А.Байтұрсынұлынан, екіншісін Адай уезінің тұрғыны Қ.Бұзақаровтан жазып алған. Одан бөлек, «Әри-ау» (Ор. Ғ.Бөкейханов, Бөкей губерниясынан), «Әридай» (Ор. М.Саматов, Павлодар уезінен), «Әридау, қалқаш» (Ор. С.Мұстафин. Ақмола уезінен), «Әридаш» (Ор. Ж.Аймауытов, Павлодар уезінен), «Әридім-ай» (Ор. Ә.Ербалин, Семей уезінен),«Әриялар» (Ор. Ә.Бегішев, Ақмола уезінен), «Әрия-яй» (Ор. С. Алдоңғаров пен Р.Алдоңғарова, Ташкент өңірінен) деген атпен де бірнеше ән кездеседі. Этнограф А.Затаевич сонымен бірге еліміздің батыс өңірінен «Харидай-ау» деп аталатын әнді де жазып алған (А. В. Затаевич. 1000 песен и кюев казахского народа. А., Дайк-Пресс, 2004. 129-б.).
А.Затаевичтің 1931 жылы жарияланған «Қазақтың 500 ән мен күйі» атты екінші жинағында да «Әридайым», «Әрияу» деп аталатын әндер бар. Мысалы, «Әридайым» әнін Жымпиты ауданының Дуан болысының тұрғыны Қуанышәлі Иманалиевтен жазып алса, «Әрияу» әнін Құсайын Бабкиннен жазып алып, тұрағын «Семипалатинский отдел» деп көрсетеді.
А.Затаевич жоғарыда аталған жинақтарына әрбір ән аттарының астыңғы тұсына орысша мағынасын да жазып отырған. А.Затаевичтің жинақтарында кездесетін «Әриайдай» атты сөздерді «припевное слова» деп түсіндіреді. Мән бере қарасақ, «Әриайдай», «Әридай», «Әридау», «Әридаш», «Әридім-ай» деп аталатын әндер еліміздің батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік аймақтарында да көптеп кездесетінін көреміз. «Әриайдай» атты ән Бесқала (Қарақалпақстан) қазақтарында да кездесетінін айта кеткеніміз жөн.
Бір сөздің «Арайна», «Ариай», «Ариайдай», «Ариайым» сияқты құбылып, Қазақ елінің әр аймағында әртүрлі айтылуының себебін С.Сейфуллин жоғарыда аталған «Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» атты еңбегінде былайша түсіндіреді: «...Орта жүз рулары мен Ұлы жүз руларында өлең, жыр айтқанда, өлеңді «Ариай» деп бастайтын әдет бар: Мысалы, Орта жүзде:
«...Айт дегенде, айтайын, ариайдай,
Ақ серкенің мүйізі қарағайдай.
Бір алдаға шет болсаң, бол өзің шет,
Әлі де болса көңілім баяғыдай...».
Ұлы жүзде:
«...Айт дегенде айтамын ариайым,
Ауылың сенің белде еді бойда талым...», – деп бастауды білмейтін бала болмайды. Бұлай өлең бастау – өлең айтатын адамға домбыраның «құлақ күйі» тәрізді», – дей келе, Омар Жәнібекұлының ел ішінен жинастырып, 1908 жылы Қазан қаласында бастырған «Қазақ тілінде жұмбақ уа мақалдар» деген кітапшасынан мынадай сөзді мысалға келтіріп:
«...Ел шетіне жау келсе,
Ариайдай айбында,
Арсыланың бары жақсы...»
Бұл айқын айтылған сөздің мәнісіне қарағанда, «ел шетіне жау келсе, Ариайдай (Ариай тәрізді) айбынды батырдың болғаны жақсы», – дейді. Бұл сөз бұрынғы заманда, Ариай атты бір батырдың болғанын көрсетеді. Ал Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының өлең айтқанда, жыр айтқанда: «...Айт дегенде, айтайын, ариайдай...» деп бастап айтатын «Ариай» осы. Омардың ел аузынан жазып алған, «ел шетіне жау келсе» даяр тұратын, «арыстандай айбынды Ариайы» батыр-ау деймін. Мұса бидің ұлы Мамай батырдың жолдасы Арайна батыр мен Омардың ел аузынан жазып алған «Ариай» батыры – бір-ақ адам ғой деп ойлаймын. Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтары, сөзді тек бұзып алып, «ариай» деп атап кеткен ғой деймін». Осындай деректер қалдырумен қатар, С.Сейфуллин бір сөздің еліміздің әр аймағында әртүрлі өзгерістерге ұшырап айтылуы жөнінде де: «Ал ұлы ноғайлыдан, Орта жүз бен Ұлы жүз руларының көбі бірсыпыра уақыт кейін бөлініп қазақ болған, қазақ болып кеткен соң да ұлы ноғайлының көгентүп елімен бірсыпыра уақыт көршілес болып отырған Кіші жүз рулары – «арайна» деген қалпында ұмытпай келген ғой деймін» деп тұжырым жасаған. Осындай мәліметтерден ән-жыр мен күй тарихы ұлттың, халықтың тарихымен тамырлас екені аңғарылады. Бұл жөнінде О.Асқар ел ішінен жазып алып, құрастырған «Қара өлең» атты жинағында: «Өлең мағынасынан дәуір таңбасы соншалық айқын сезіліп тұр. Қара өлең, міне осындай тарихи деректер берумен қоса зерттеушілерге жер, су аттары, кей сөз тіркестерінің шығу себебі, мағынасы сияқты құнды мәліметтер бере алады», – деп, қара өлең мен ән мәтіндерінен тарихи мәліметтердің аңғарылатынын айтқан болатын (Қара өлең. Ел ішінен жазып алып құрастырған О.Асқар. А., 1997. 10-б).
Халық әндері мен халық композиторларының туындыларында көп кездесетін архаизм және историзм сөздер бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде зерттелмей, ғалымдардың назарынан тыс қалды. Сондықтан әндерімізде жиі кездесетін кейбір сөздерді бүгінге дейін нақты түсіндіре алмай отырғанымыз рас. Ол сөздердің бүгінде түпкі мәні жадымыздан шығып кеткенімен, халық әндері мен халық композиторларының шығармаларында сақталып қалған. Ал оларда тарихи мән, тарихи тұлғаларға қатысты деректер бар. Демек, «Ариайдай» сияқты сөздердің мән-мағынасына үңілу арқылы ондағы «одағайлардың» көңіл күйді сипаттайтын жай сөз емес, белгілі бір дәуірлердегі ұлтымыздың тарихына қатысы бар мәнді сөз екенін ұғынар едік.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы