Жас кәсіпкер үш қаланы екі түрлі қымызбен қамтып отыр
Жас кәсіпкер үш қаланы екі түрлі қымызбен қамтып отыр
Бәйдібек ауданы Шалдар ауылының тұрғыны Нұрболат Амантайұлы жылқы шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер бүгінде шыны бөтелкедегі қымыз шығарып, үш қала мен ауылды табиғи өніммен қамтып отыр. Өз брендін қалыптастырғанына бір жылға жуықтап қалыпты. Осы уақыт аралығында жас кәсіпкер еліміздің барлық қаласынан тапсырыс алып, көпшіліктің сұранысы бойынша, екі түрлі қымыз шығарады. Нұрболат кішкентайынан шаруаға ебі бар бала болып өсті. Мал шаруашылығымен айналысатын отбасы оны жастайынан еңбекке баулыған еді. Бие саууды да бала кезінен үйренген ол ауыл-ауылды аралап қымыз сататын. Кейін қалаға апаратын болды.
«Күніне бір тоннаға дейін қымыз сататынмын. Көбіне көтерме саудагерлер арзан бағамен алады. 150 теңгеден өткізген кездеріміз де болды», – дейді ол.
Бүгінде 27 жастағы кәсіпкердің мақсаты айқын. Оның шыны бөтелкемен шығарып жатқан өніміне сұраныс мол. Әрине, бастаған бизнес бірден жүріп кетпейді. Ол кәсіп ашу үшін 4-5 жыл ойланған. Қиындыққа да мойымады. Ең бастысы, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында еңбегі еш кеткен жоқ. Бүгінде тұрғындардың сұранысы бойынша екі түрлі қымыз шығарып отыр. Бірі табиғи болса, екіншісі бал қосылған қымыз.
«Бал қосылған қымыздың ерекшелігі, өнім басында сусын сияқты тәтті болады. Ашыған кезде табиғи қымыздың дәмі қышқыл тартса, бал қосылған қымызда олай болмайды. », – дейді кейіпкеріміз.
Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде жұт болып, мал қырылған еді. Бұл да шаруашылыққа салқынын тигізбей қоймады.
«Былтыр Түркістанда жем-шөп қымбаттады. Мемлекеттен несие алуға қаншама банкке бардым, ала алмадым. Үлкен қаражат керек еді. Өйткені цех салу керек болды. Көп ойланып, кішкентай болса да істеп көрейін дедім. Шаруашылықта жайылымда шөптің аз болуына байланысты былтыр аз туды. 30 ғана бие. 22-сін сауып жатырмыз. Жайылымда 200-дей жылқы бар. Бөтелкемен қымыз шығаруды ақпан айында бастадым. Сұраныс өте жақсы. Түркістан, Шымкент, Алматы дүкендеріне жеткіземіз. Жақсы өтіп жатыр. Астана, Қарағанды, Атырау, Қостанай қаласынан да сұраныс көп түседі. Еліміздің барлық өңіріне ұлттық сусынды жеткізу – мақсатым. Арнайы қымызхана іздемей, үйдің жанындағы дүкеннен қымыз алған керемет емес пе?! Мемлекеттен кепілсіз, пайызы аз несие берілсе, бұл кәсіпкерлерге үлкен қолдау болар еді», – дейді Нұрболат Амантайұлы.
Кәсіпкер қазір он адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс таңғы алтыдан кешкі сегізге дейін жалғасады. Жұмысшылар таңертең жылқылардың құлынын бөледі, шөбін, суын береді. Сосын әр екі сағат бие сауады. Біреуі бөтелкені реттесе, енді бірі заттаңбасын жабыстырады.
Нұрболаттың жоспары көп. Асылтұқымды қой да өсіреді. Жақында құрт, үш түрлі май шығармақшы. Дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. «Алдына нақты мақсат қойған адам дегеніне жетеді. Ең бастысы, еңбектеніп, қиындыққа шыдай білу керек. Мақсатыңа бір қадам қалғанда артқа шегінуге болмайды. Бәрін жүйелеп алу қажет», – дейді ол. Кәсіпкер өнімін шетел асыруға асығып отырған жоқ. Ол ұлттық сусынынан елінің әрбір азаматы дәм татқанын қалайды.
«Алдымен өзіміздің халқымыз табиғи өнімді тұтыну керек. Өсемін деген адам өз ауылын, елін көркейтуі қажет. Ақшаның соңынан кету жақсылыққа апармайды. Сұранысты толық өтеп, одан артылған жағдайда ғана шетелге апаруым мүмкін», – дейді ол.