50233
Астаналық қалыңдықтар мәhрге не сұрайды?
Астаналық қалыңдықтар мәhрге не сұрайды?
Соңғы бірнеше айда әлеуметтік желілерде мәһрге түрлі қымбат сыйлық сұраған қалыңдықтардың видеолары тарады. Онда кейбірі шетелдік маркалы көлік сұраса, енді бірі мәһрін баспанамен алғысы келетінін мәлімдеген. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев қазіргі елордалық қалыңдықтар мәһрге көбіне не сұрайтынын және оның берудің маңызы туралы айтып берді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Пайғамбарымыздың: Мәһрдің аз болғаны – абзалы, деген сөзі бар. Көп жағдайда бізге келетін жұптар мәһрге алтын алқа, жүзік, сырға, білезік сұрап жатады. Көлік сұрайды кейбіреулері. Бірақ олар жағдайы бар адамдар. Олардың алып бере алатыны көрініп тұрады. Алдын ала келісіп келеді негізі қыз бен жігіт. Сонымен қатар, телефон, тігін машинасы, компьютер сұрап жататындар бар. Киім сұрайтындар да кездеседі. Мәселен, күн суыта бастағанда некесін қидыртатын қалыңдықтар көбіне тон сұрайды. Арасында ештеме керек емес, тек жолдасым адал болса болды, деген талап қоятындар да болады. Дегенмен ол рухани дүние. Ал мәһр материалдық, қаржылай және заттай беріледі. Ол рухани дүниеге жатпайды», - деді Бақытжан Өткелбаев.Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы жалпы мәһр берудің мәні мен маңыздылығына тоқталды. «Мәһрді беру – ислам шариғаты бойынша міндет. Бұл қыздың құқығын қорғау болып есептеледі. Яғни, кепілдік. Егер ердің басына қандай да бір жағдай түссе, онда әйел азаматы сол мәһр арқылы өмірін сүріп, жалғастырып кетуі тиіс. Ол әйелді қорғау үшін шариғаттың қойған талаптары. Қандай жағдай болмасын, әйелде кепілдік зат болуы тиіс. Оны әйел қаласа қайтадан жолдасына табыстай алады. Сондай-ақ, оны өзінің ата-анасына немесе туыстарына бере алады. Осы орайда, уақытын келісіп алу маңызды. Мәселен, үлкен мәһр сұрайтын болса, онда оны осыншама жылға немесе өмірінің соңына дейін алып беруге уәделесе алады. Алла сақтасын, бірақ ажырасқанға дейін де алып беруіне болады. Жалпы, мешітке келген кезде біз түсіндіреміз. Кейбірі тіпті мәһрдің не екенін білмейді. Егер жігіттің жағдайы келмейтін болса, онда оны қарап, қалыңдық екеуін келістіріп, кеңес айтамыз», - деп атап өтті Бақытжан Өткелбаев. Наиб-имамның айтуынша, пайғамбарымыздың заманында мәһрдің ең аз құны 10 дирхам болған. Бұл сомаға ол кезде екі қой сатып алуға болатын деседі. Осыған сәйкес, қазіргі таңда мәһрдің ең аз мөлшері 2 қойдың құнынан кем болмауы керек. Ал оның ең қымбат әрі шекті бағасы жоқ.