50446
Павлодар әкімі 10 мың теңге сұраған студентке жауап берді
Павлодар әкімі 10 мың теңге сұраған студентке жауап берді
Павлодар әкімі Асаин Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында студентпен хат жазысқан сәтін жариялады деп хабарлады turkystan.kz.
Студент әкімге жазған хатында шәкіртақының ай соңында түсетінін айтып, 10 мың теңге бере тұруын өтінген.
«Сіз әкімсіз ғой, қалтаңызда үнемі тиын болады. Мен сізді, әкімсіз және миллионерсіз деп жатқан жоқпын. Жоқ, мен жәй сіздің жағдайыңыз менікінен сәл жақсырақ екенін түсінемін. Сондықтан өтінемін, менің Каспийіме 10 000 аударыңызшы. Жүріп-тұрғанға. Әйтпесе шәкіртақы тек айдың аяғында түседі», – деп жазылған студент хатында.Әкім оның өтінішін орындап, хатына жауап берген. Студенттің жағдайын түсінетінін айта келе, ақша сұраудың орнына жұмыс істеп, жалқау болмауға кеңес берген.
«Келістік, осы жолы мен сізді қолдаймын және көмектесемін. Бірақ сіз, көмек сұрамай, еңбек етуіңіз керек. Мен өркениеттен алыс ауылда туып-өстім. Қалтамда бір тиынсыз қалаға келдім. Бұл, керісінше, маған күшті мотивация болды. Шаршамай, өмір сәтсіздікке толы болғанына қарамастан, құлшынысты жоғалтпай жұмыс істедім. Сондықтан ешкім сізге жайдан-жай ештеңе бермейді, аянбай жұмыс істеу керек, ең бастысы, жалқау болмау», – деп кеңес берді әкім.Асаин Байханов Павлодар әкімі болып 2021 жылы тағайындалды.