50629
Төтенше жағдайдың алдын алу және одан қорғану шаралары түсіндірілді
Төтенше жағдайдың алдын алу және одан қорғану шаралары түсіндірілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Өмір үшін ықпалдасу» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шара студенттерге жойқын жер сілкінісі кезіндегі төтенше жағдайды жою іс-қимылдарын үйретуге бағытталған.
Ауқымды іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Юрий Ильин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, министрліктер мен «Ұлттық медициналық қауымдастық» РҚБ ведомстволары өкілдері, шетелдік сарапшылар мен қонақтар, ғалымдар, университет оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты.
Конференция бағдарламасы форумның салтанатты ашылуы, ҚазҰУ және Орталық клиникалық аурухана аумағындағы жойқын жер сілкінісі салдарын жою бойынша арнайы тактикалық оқу-жаттығулары, ректорат алдындағы алаңда «өмір интеграциясы» флэш-мобы, әл-Фараби мұражайын аралау, сондай-ақ пленарлық және секциялық отырыстарды қамтыды.
Конференцияның пленарлық отырысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, адам өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың алдын алу, табиғи, техногендік апаттар кезінде шұғыл іс-әрекеттер жасаудың қоғам үшін маңызын атап өтті.
«Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибе алмасудың сындарлы алаңына айнала отырып, жақын арада Алматы қаласының ғана емес, бүкіл республиканың білім беру ұйымдары үшін Төтенше жағдайлар мәселелері жөніндегі консультативтік-үйлестіру орталығына айналады деп үміттенеміз», – деді ЖОО басшысы.Университет басшылығына ынтымақтастық үшін алғыс білдіре отырып, Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Юрий Ильин ҚазҰУ-дің «болашақта елді бүкіл әлемге танымал ететін жоғары дәрежелі мамандарды» даярлауға қосқан үлесін атап өтті. «Әлемде ТЖ саны жыл сайын артып келеді. Мұздықтардың еруі сел қаупіне әкеледі, ал лапылдаған өрт қатері климаттың өзгеруіне түрткі. Біз адамзаттан өмір мен денсаулықты сақтау бойынша бірлескен күш-жігерді талап ететін кезеңге аяқ бастық, – деп атап өтті министр. – Осы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында біз төтенше жағдайлардың алдын алу, медициналық көмек көрсету, қауіпсіздік саласындағы ғылымды дамыту мәселелерінде тәжірибе, пікір және идеялар алмасуға, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік алдық». Сонымен қатар жиында Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков, ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, полковник Сырым Шәріпханов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл баяндама жасады. Арнайы оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай кезінде істелуі тиіс дағдылар пысықталды. Мәселен, сценарий бойынша 8 балдық жер сілкінісінде ҚазҰУ аумағында ғимараттардың ішінара құлауы, өрт орын алып, студенттер зардап шеккендегі әрекеттер дайындалды. Алдын ала әзірленген жоспар бойынша азаматтық қорғау бойынша іс-шараларды, бұйрықтарды, нұсқаулықтар мен нұсқауларды дайындау және орындау тәртібін реттейтін құжаттарды зерделеу, ҚазҰУ-дің жеке құрамын құру, қажетті техникалар мен тәжірибелік шараларды атқару жүзеге асырылды. Жаттығу барысында заң факультетінің оқу корпусынан студенттерді эвакуациялау, зардап шеккендерге психологиялық және медициналық көмек көрсету жаттығулары орындалды. Сондай-ақ, зардап шеккендерді автокөліктен, әкімшілік ғимаратының шатырынан альпинистік жабдықтарды қолдана отырып шығару және эвакуациялау дағдылары пысықталды. Қазақ ұлттық университетінде өткен арнайы оқу-жаттығу іс-шараларына «Апаттар медицинасы орталығы», Республикалық жедел құтқару жасағы, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Қызыл Жарты ай қоғамы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жедел-құтқару жасағы, Медицина факультетінің оқытушылары мен студенттері белсене қатысты. Ғылыми-тәжірибелік шара екі күнге жалғасты. Онда түрлі төтенше жағдайларда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар майдангер медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіш пен 28 панфиловшылар саябағындағы мемориалға гүл шоқтары қойылды.